Мәселен, ана бір жылы Берік Мыңжановқа Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданынан 10 сотық жер беріледі. Аңсаған жер телімін алған соң, Б.Мыңжанов онда әдемі үй тұрғызады. Бұл кезде балалары да ержетіп қалған еді. Сондықтан ол жер үйді сатып, балаларына көп қабатты үйден жайлы пәтер алмақшы болады. Ат шаптырым жерге кең сарайдай үй салынып тұрғанын көрген жұрт бірінен соң бірі саудаласуға ұмтылады. Солардың бірі ретінде В.Мұқанова да хабарласады.
Ал В.Мұқанова анау-мынау емес, құрылыс компаниясының білдей директоры екен. Мұндай аты дардай құрылыс компаниясының директоры атану үшін де қолда мемлекеттік тиісті билік өкілдері берген арнайы рұқсат құжаттар болуы керек. Үйіңізді осындай бағаға сатсаңыз, ақшасын іргесін енді қалап жатқан біздің көп қабатты үйдің бірнеше пәтеріне салуыңызға болады деп сендіреді ол. Содан Берік жер үйін сатып, көп қабатты үйден жеңілдікпен бірнеше жайлы пәтер алу үшін бар ақшасын Мұқановаға санап береді. Қажетті құжаттың бәрі жасалады. Алайда «іс бітті, қу кетті» дегендей, кейін ақша да жоқ, пәтер де жоқ болады, ал Мұқанова қарасын батырады. Сөйтсе В.Мұқанованың көп қабатты үй тұрғызуға тіптен рұқсаты болмаған. Бірақ қолында тиісті құжаттардың бәрі болған еді дейді Б.Мыңжасаров. Ақыры ол сотқа жүгінеді. В.Мұқанованың тек өзін емес, 40 шақты отбасын алдап соққанын сонда біледі. Қалайша? Бұл заманда адам қайтіп алаяқтық жасай алады, заң бар, айнала толған құқық қорғау, бақылаушы органдар, әкімдік бар?
В.Мұқанованың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Жалған құрылыс директоры екенін қайдан білсін, жұрт В.Мұқанованың соңғы сағаты соққанға дейін оған тірнектеп жиған ақшаларын әкеп бере берген. Ал сыбайлас алаяқтар бұл ақшаларды судай сапырып, өз пайдаларына жаратқан.
Сонымен не керек, арамзаның алаяқтығы анықталып, әрең дегенде жауапқа тартылады. Алайда оның салған лаңынан артында қақсап қалған жұрттың тартқан зиянын жойып, жоғын бүтіндеу әлі күнге мүмкін емес көрінеді. Мүмкін болуы да неғайбыл. Себебі бұл жалғыз адамның бүлдірген ісі емес. Аталған жалған ЖШС директоры жоғарыдағы «көкелеріне» үміт артып, алда-жалда қиын-қыстау күн туса, аман-есен құтылып, сүттен ақ, судан таза боламын деп сенген секілді. Тек үміті үзіліп, сенімі селкеу тартқанда ғана жанталаса сол «көкелерін» іздеген көрінеді. Ал бастапқыда ұрланған ақшаны қылдай бөліскен «көкелері» кейін ат құйрығын кесісіп, осы тойғанымыз да жетеді дегендей, бұғып қалыпты.
Міне, осындай істерде көбіне алаяқтар оңай құтылып, зардап шеккендердің есесі толық түгенделмейтіні қынжылтады. Қанша адамның жүйкесі жұқарды. Кейбіреулері шыдай алмай күйіктен жүнжіп кетті, біреулер өз-өзіне қол жұмсады, енді біреулерінің сүттей ұйыған отбасындағы тыныштық бұзылды. Ал оларды тақырға отырғызғандардың, яғни алаяқтықты ұйымдастырғандардың мұрты да қисайған жоқ. Осындай келеңсіз жайттың шетелдік кинода, не әдеби кітапта емес, нақты өмірде, онда да басқа елде емес, тура өзімізде көрініс табуы көңілге кірбің түсіреді.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»