Өткен аптаның аяғында қазақ спортшысы Нева жағалауына қайта аттанды. «М-1» ұйымының толыққанды чемпионы атану үшін ол бүгін, яғни 24 мамырда украиналық Александр Доскальчукпен күш сынасады. Қарсыласы жайында айтар болсақ, 28 жастағы Черновцы қаласының тумасы панкратионнан Еуропа чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Аралас жекпе-жекке ауысқалы бері ол бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды. Осы күнге дейін 8 рет айқасқан Доскальчук 7 мәрте жеңіс тойын тойлады. 2017 жылдың қыркүйегінде ресейлік Вадим Малыгинді «қылқындыру» әдісімен ұтып, 56,7 келі салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді.
Алматы қаласының дәл іргесінде орналасқан Бесағаш ауылының тұрғыны Арман Әшімов джиу-джитсудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Ол 26 жаста. К-1 және кикбокстан өткен бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Жекпе-жектен әлем чемпионы. Спорттың бұл түрі бойынша 10 кездесу өткізіп, 8 рет жеңіске жетті.
Былтырғы жылдың жазында «М-1» ұйымының мамандарының назарына ілігіп, олар Арманға Ингушетияда жалауы желбіреген жарыста күш сынасу жөнінде ұсыныс білдірді. Қазақтың қайсар ұлы сол күнге дейін қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып жүрген дағыстандық Гаджимұрат Әлиевті ұрып жығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Содан кейін тағы екі мәрте айқас алаңына шыққан Әшімов бұл бәсекелерді де мерзімінен бұрын аяқтады. Міне, енді Санкт-Петербургте чемпиондық белбеу үшін таласады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»