![091211-13](http://old.egemen.kz/2011img/091211-13.jpg)
Еліміздің қалыптасу кезеңінде халыққа білім беру саласындағы мәдени революцияға белсенді араласқан Жанәбіл Қабылұлы Нұрманов 1896 жылы діни сауатты отбасында дүниеге келген.
Бала кезінен зерек Жанәбіл әкесінің ықпалымен әуелі діни медресені бітірген соң мұсылман дінін насихаттауға дайындалады. Бірақ ол сол кезде «Алашорда» қозғалысына белсене араласып, кейін олардың бір бөлігімен бірге большевиктерге қосылады. 20-жылдардағы кеңестік Қазақ елінің негізін қалаған көрнекті қоғам қайраткерлері С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, И.Тоқтыбаевтың қатарында Түркістан өңірін өркендетуге өз үлесін қосады.
Жанәбілдің әкесі Қабыл мұсылман дінін насихаттаған өте діндар адам болған. Белгілі жағдайларға байланысты, саяси қуғындаудан аман қалу үшін ол отбасы, жалғыз ұлы бар екенін жасырып, өзі мешітте өмір сүрген. Сондықтан баласы Жанәбіл анасы Жаңылмен бірге жергілікті тұрғын Нұрманның үйінде тұрып, кейін оның тегін алады. Нұрманның жалғыз ұлы Баймахан Жанәбілдің туысқан ағасындай болып кеткен. Баймахан да кейін Жанәбілдің анасы Жаңылдың немере сіңілісіне үйленіп, күйеу баласы атанды. Қабыл баласы Жанәбілдің талабымен астана Қызылорда қаласынан Алматыға көшірілгеннен кейін 1929 жылы отбасымен қосылып, қалған ғұмырын бірге өткізеді.
Жанәбіл Нұрманов еңбек жолын 15 жасында жұмысшы болудан бастап, 1918 жылы, яғни 22 жасында БКп(б) мүшелігіне кіреді. 1923 жылы ұлтқа қарсы және қазақ халқының зұлмат кезеңдерінде жүргізілген саясатпен ашық келіспеуіне байланысты партия қатарынан шығарылады. 1918-1920 жылдары I санатты мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1925 жылдар аралығында ата-аналары қуғын-сүргінге ұшыраған немесе аштықтан қайтыс болған баспанасыз балаларға арналған Ақмешіт қаласындағы №2 балалар интернатының директоры болып жұмыс істейді.
20-шы жылдардағы республикамыздағы сауатсыздықты жою мәселесі барынша қолға алынған кезде жоғары педогогикалық курстар бітірген Ж.Нұрманов мәдени революцияның анағұрлым маңызды тапсырмаларын орындауға белсенді араласып, коммуна мектебінің тәрбиешісі, №2 балалар үйінің меңгерушісі болады. Осы кездері бел шешпей еңбек еткен ол сауатсыздықты жою мектебін, Октябрь революциясы атындағы 9 жылдық мектепті (бүгінде Қызылорда қаласында жұмыс жасап тұрған №6 қазақ орта мектебі), педагогикалық қайта даярлау курстарын, Қызылордадағы сол уақыттағы алғашқы мамандандырылған оқу орны – Ауыл шаруашылығы техникумын құрып, өзі басқарады. Осы ірі істердің бәрінің басын қосып Жанәбіл Қабылұлы Нұрмановтың Қазақстан халқы мен жастарына, балаларға жасаған қызметін, ЮНЕСКО-да белгіленген Ресей ағартушысы, атақты Антон Семенович Макаренконың қазақ еліндегі үлгісі десек, артық айтқандық емес.
Ол 1925 жылы ұлттық жаңа саясаттың жүргізілуіне және Қазақстан астанасының Орынбордан Қызылордаға көшірілуіне байланысты 1927 жылы БКп(б) мүшелігіне қайта қабылданады. Сөйтіп, 1925-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы білім беру ісі бойынша уәкілетті өкіл қызметтерін атқарады. Осы кезеңде алғашқы ұлттық кадрлардың ішінен халыққа білім берудің Қызылорда уездік бөлімінің инспекторы болады.
1926 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің Қызылорда аймақтық сайлау комиссиясы Президиумының мүшелігіне сайланып, 1926-1928 жылдары халыққа білім берудің Қызылорда уездік бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ол 1927 жылы осы қызметте жүргенде, қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин Қызылорда халық ағарту институтының ректоры болып қызмет атқарады.
Содан 1927 жылы желтоқсанда Ж.Нұрманов Қазақстан Орталық Атқару комитеті Қызылорда уездік сайлау комиссиясының хатшысы болып тағайындалады. Ал 1928 жылы 30 тамызда Бірінші аймақтық педагогикалық курстарды өткізу кезінде ағартушы қызметкерлердің алғашқы республикалық конференциясын ұйымдастырады.
Жанәбіл Нұрманов 1929 жылы еліміздің астанасы Қызылорда қаласынан Алматы қаласына ауысқанда Қызылорда облысындағы Жалағаш аудандық партия комитетін басқаруға жіберіледі. Артынша, яғни 1931 жылы, 35 жасында белгісіз себептермен кенеттен қайтыс болады. Кейін оның есімі құрметпен еске алынып, оған Кеңес өкіметінің, Қазақ елінің дамуына өзіндік үлес қосқаны үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілді. Бүгінде Қызылорда қаласында И.Тоқтыбаев көшесіндегі өлкетану мұражайы жанында Жанәбіл Қабылұлы Нұрманов пен Кеңес өкіметінің қалыптасуы кезеңіндегі азаматтық соғыста өз жандарын құрбан еткен батырларымыз, оның 18 серігін еске түсіретін бауырластар ескерткіш-мемориалы орнатылған. Қала көшелеріне олардың аттары берілген.
Жанәбіл Қабылұлы 1931 жылы қайтыс болғанда оның артында Қызылорда қаласындағы әйелдер мектеп гимназиясының алғашқы директоры болып қызмет атқарған аяулы жары Зайда Юнусова және 4 жастағы ұлы Еркін мен алты айлық қызы Фарида қалады. Ұлы Еркін Жанәбілов әкесі мен анасының жолын қуып, білім беру жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, құқық қорғау саласында қызметтер атқарды. Ол республика ғылымына өзіндік үлесін қосып, ұзақ жылдар Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебінде қызмет етіп, еңбек құқығы кафедрасын басқарды, кейіннен Алматыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебінде қызмет етіп, милиция полковнигі, доцент, заң ғылымдарының кандидаты дәрежесіне дейін жетті. Қызы Фарида да әке үмітін ақтап, 1956-1961 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау саласына өз үлесін қосқан құрметті адам болды. 1961-1991 жылдар аралығында 30 жылдан астам уақыт балалар үйін басқарып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жыл сайын 80-ге жуық балаға пана болған, бүгінде 80 жасқа толған аяулы ана. Бүгінгі күні Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңдерінде халқы үшін еңбек еткен үлгілі ата мен әке жолын Жанәбіл Нұрмановтың немерелері жалғастыруда. Олардың ішінен тұңғыш немересі құқық ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, ІІМ-нің полиция полковнигі, қазіргі күні Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Ахуалдық орталығының меңгерушісі қызметін атқарып отырған Нұрлан Еркінұлы Жанәбіловті атап айтуға болады.
Халқы үшін елеулі еңбек еткен аталарымыздың тарихтағы өзіндік орнын айқындауымыз өткенге құрметіміз. Олар туралы деректерді жарыққа шығарып, өнегелі істерін келер ұрпаққа үлгі етуіміз біздің парызымыз болмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
––––––––––––––––
Суретте: Жанәбіл Нұрманов отбасымен бірге. Қызылорда. 1931 жыл.