Көктем ерте шығатын оңтүстік диқандары егістіктен жиналған алғашқы 136,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресей, Беларуссия мемлекеттері мен еліміздің солтүстік аймақтарына жөнелтілтіп те үлгерді. Оның 38,5 мың тоннасы Мақтарал ауданының еншісінде. Мақтарал ауданына жасаған сапары кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау мен көмек көрсетіліп жатқанын, ауданға өткен жылы 4019,7 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінгенін атап өтті.
Сондай-ақ, биыл мемлекет тарапынан 55 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 27 мың тоннадан астам жанар май берілген. Бірқатар шаруа қожалықтарында болған облыс әкімі Атамекен ауылдық округі, Талапты ауылындағы «Майбек» шаруа қожалығындағы егілген қарбыз алқабының жұмысымен танысты. Екі гектар жерге егілген бақша дақылы бүгінде пісуге шақ қалған. Қожалық биыл 3 гектар жерге мақта, 2 гектар жерге бақша, 1,74 гектар жерге көкөніс дақылдарын еккен.
Жалпы ауданда биылғы жылы 138 мың гектардан астам суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 27 064 гектарын бақша дақылдары құрайды. Нақтырақ айтсақ, биыл мақтаралдық диқандар 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егіпті, ал облыс бойынша бақша дақылдарының көлемі - 51,5 гектар.
Еркін ДОСЫМБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы