Айта кету керек, «Орал өңірі» газеті кішкентай оқырмандарымен жүйелі байланыс орнатқан. Басылымда балалар шығармашылығына арналған «Айналайын» беті тұрақты жарияланады. Ал кішкентай қаламгерлердің шығармашылығына арналған байқау 2002 жылдан бері өтіп келеді. «Мектепте оқып жүрген кезінде осы байқауға қатысып, жүлдегер болған бірнеше жас бүгінде журналистика саласында қызмет етіп, әріптес болып жүрміз» дейді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Бұл жолғы байқау 1-6 сынып аралығындағы оқушылар арасында ұйымдастырылыпты. Жеңімпаз атанған кіп-кішкентай қаламгерлер «Жайық Пресс» ғимаратына арнайы шақырылып, сыйлықтары салтанатты жағдайда тапсырылды. Бір қуанышты жағдай, бұл жолғы жүлдегерлер бұрын «орыстанған өңір» саналатын Зеленов, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарынан шығыпты.
Осы шараға арнайы келген ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева жас қаламгерлерді құттықтап, ақ тілегін айтты:
- Біз сөзді ұғып, шығарма түсінетін балдырғандарға зәруміз ғой. Әдебиетке бей-жай қарамай, кітап-газет оқуға ынталы бүлдіршіндерді көргеніме қуанып отырмын. Мен де сендер секілді ауылда туып-өстім. Алғашқы өлеңдерім де ауылға арналды. Міне, ару Алматыны, әсем Астананы тастап, Ақ Жайыққа қайтып оралғаным да осы туған жерге деген махаббаттың арқасы. Сендердің кішкентай ауылдарың – туған жердің бөлшегі. Туып-өскен жерлеріңді сүйіңдер. Қазақтың тілін сүйіңдер. Өзге тілді меңгеріп, әлемді шарлаңдар. Өйткені, сендер – егемен елдің бақытты ұрпағысыңдар! - деді Ақұштап Бақтыгереева.
Бүгінде түрлі әдеби байқау, мүшәйра жарыстары көп өтеді. Бірақ ең кішкентай талапкерлер арасында өткен сайыстың жөні бөлек. Баланы кішкене күнінен әдебиетке, оқу-жазуға бейімдеу – жас өренді шығармашылыққа баулиды. Бұл жерде оқушыларын әдебиетке икемдеп, талабын ұштап, қызықтыра білген ұстаздарының да жөні бір бөлек екені сөзсіз.
«Бала тілі – бал» деп жатамыз. Шынымен де сәби санасы шынайы ғой. Осы байқауға Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылынан қатысқан 2 сынып оқушысы Райхан Тасемен көрші бала – үш жасар Мейірханның қылығын жазыпты. Қыстың күні далаға шығып ойнаған Мейірхан қардан Аяз ата жасайды. Сосын «ойыншығын» үйге алып кірсе, онысы еріп кетіпті. Ерке бала қиғылық салып, тағы қар алдырады. Үйде отырып жасаған Аяз ата да көпке ұзамайды. «Менің Аяз атам неге еріп кете береді?» деп аң-таң болды Мейірхан» деп жазады кішкентай Райхан. Байқауда жүлдегер болған әр оқушының шығармасынан, салған суретінен осындай шынайылық, езу тартқызар тазалық сезіліп тұрды.
Сонымен, «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойына арналған балалар шығармашылығы байқауының жүлдесін өңірдің Зеленов ауданындағы Өркен мектеп балабақша кешені оқушысы Раукен Зайдуллин, Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылы мектебі оқушылары Райхан Тасемен мен Шерхан Қайдарғали, Бөрлі ауданы Григорьев мектеп-балабақша кешенінің 4-сынып оқушылары Гүлайхан Ғаниева, Еркебұлан Шарибданов, Айкөркем Қанапия жеңіп алды. Олардың әрқайсысына арнайы диплом, ақшалай сыйлық, спорттық бұйымдар және кітаптар топамасы сыйға берілді.
- Жас бала он жасына дейін кітап, газет-журнал оқуға дағдыланса, қалған өмірінде жақсылыққа үйір, шығармашыл, білімқұмар, қылмыстан аулақ болып өсетінін неміс ғалымдары дәлелеген. Біз де осы байқау арқылы сәбилерімізді шығармашылыққа баулып, өнер-білімге, әдебиетке құмар толқын өсіргіміз келеді, - дейді байқаудың идея авторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ