Қазақстан • 24 Мамыр, 2018

Алматы әкімі қаланың көлік және жүргінші инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күн сайынғы жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек Алматының көлік және жүргінші инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді. Мегаполис басшысы бірнеше сағат ішінде Абай, Байтұрсынов, Асқаров, Гагарин көшелерін аралап шығып, оларды одан әрі көріктендіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы әкімі қаланың көлік және жүргінші инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді

«Мамырдың соңына дейін  Гагарин даңғылын Әл-Фарабиден Тимирязев көшесіне дейінгі жолдарды қайта жасау аяқталады.  Ұзындығы үш  шақырымнан асатын жаңарған жолмен қатар жаяу жүргіншілер тротуарлары абаттандырылып, арық желілері салынады. Пайдаланылмайтын конструкциялар мен заңсыз құрылыстар бұзылып, сонан соң көшелерді көгалдандыру жоспарланған. Жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  көлік тұрақтары, даңғыл жиегіндегі тротуарлар қалпына келтірілуде. Тұрғындардың  талабын ескере отырып, Гагарин мен Қожабеков көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату  мүмкіндігі қарастырылуда. «Baykonyr» бизнес-орталығы алдындағы жүргінші аймағы  кеңейіп, көлік тұрағы жіңішкереді»-делінген әкімдіктің хабарламасында.

Сондай-ақ, Алматы әкімі Байтұрсынов көшесін аралаған кезде заңсыз салынған дәмхананың жазғы террасын алып тастап, жүргінші  учаскесін қалпына келтіруді тапсырды.

Еске салсақ, биылғы жазда Алматыда 150 көше жөнделеді, 30 км тротуарлар жасалады, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жер асты өтпелі жолдар күрделі жөнделеді, жаңа фонтандар салынады. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.