Әлем • 24 Мамыр, 2018

«Самұрық-Қазына» Петербор ХЭФ-2018 қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 50 активі биылғы жылдың соңына дейін жекешелендіріледі. Бұл туралы Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Петербор халықаралық экономикалық форумы-2018 арнайы панельдік сессиясы барысында мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына»  Петербор ХЭФ-2018 қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Ресей Федерациясының вице-премьері Юрий Трутнев, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов, ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов және 150-ге жуық ресейлік және халықаралық инвестор қатысты.

Қор басшысы ресейлік және халықаралық іскерлік қауымдастық өкілдеріне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры активтерінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Ол өз сөзінде 2022 жылға дейін IPO-ға Қордың 6 компаниясын,  олардың ішінде үшеуін – «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана» және «Қазақтелеком» биылғы жылы шығару жоспарда бар екенін атап өтті.

«Самұрық-Қазына» қоры құны  74 млрд АҚШ долл. құрайтын Қазақстанның жоғары сапалы активтерінің ең ірі портфеліне ие және олар экономиканың әртүрлі салаларын қамтиды. Жекешелендіру бағдарламасы біздің компанияларға тиімді капитал салуды жүзеге асырудың мүмкіндігін ұсынады. Биыл 50 активтің жекешелендірілуін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олардың арасында экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін ірі, орташа және шағын компаниялар да бар.  Алдағы уақыттағы міндет – біздің компаниялардың тиімділігін арттыру, портфельді тиімді басқару және тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Бұл басты мақсаттар Қорды дамытудың 2028 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізіне айналып отыр», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Әлеуетті инвесторлар жекешелендіру бағдарламасына және IPO үлкен қызығушылық танытты. Сонымен бірге стратегиялық инвесторларға сатылатын «Самұрық-Энерго» және «Тау-Кен Самұрық» сияқты ірі компаниялар олардың назарынан тыс қалмады. Оның біріншісі электр қуатын өндіру, жеткізу және жүзеге асыру бойынша толық циклды қамтыған энергетикалық холдинг болып табылады. Қазақстандағы электр қуатының 30% жуығын «Самұрық-Энерго» өндіреді. Оның жеке көмір ресурс қоры елдегі энергетикалық көмір өндірісінің 40% жуығын құрайды. «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мырыш, қорғасын, мыс, темір рудасы және алтын секілді металдар бойынша игерудің әртүрлі сатыларындағы жобаларды  жүзеге асырады.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары да инвестициялық тартымды болып табылады.

«Біз осы жобаларға стратегиялық серіктестерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз. Олар үшін мемлекет тарапынан, салықтық жеңілдікті және инфрақұрылым салуды қоса алғанда, барлық жағдай жасалған. Бізде агрохимия кластері құрылған. Онда қазір ТМД нарығында жоқ глифосат жобасы іске асырылып жатыр. Бұл ретте Ресей мен Қазақстан аграрийлерінің ортақ қызығушылығы бар деп ойлаймын және осы жобаны бірлесе жүзеге асырсақ жақсы болар еді»,- деп қорытындылады А.Есімов.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Петербор халықаралық экономикалық форумындағы Инвестор күні аясында шетелдік инвесторлармен бірқатар келісімге қол қойылды. «Біріккен химиялық компания» ЖШС және ең ірі газ өңдеу және мұнай-химия компаниясы «СИБУР Холдинг» ЖАҚ (Ресей) Полипропилен жобасында (Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы) үлесті сатып алуға келісті, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ мен «Ремлокомотив» АҚ (Ресей) «Тұлпар-Тальго» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы компанияның қатысу үлесі  туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «SAP»  компаниясы (Германия) арасында меморандумға қол қойылды.