Күн жылынып, ел жаппай шаруаға кірісер кезеңде су мәселесінің жамбылдықтар үшін үлкен шаруаға айналатыны бар. Олай дейтініміз, жалпы көлемі 550 мың текше метрді құрайтын қырғыз жеріндегі Киров су қоймасы Жамбыл облысының Талас, Байзақ, Жамбыл және Сарысу аудандарындағы 64 мың гектар жерді және Тараз қаласындағы бірқатар аумақты сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қырғызстанның Талас облысы, Манас ауданының да 17 мың гектар жерін сумен қамтиды. Ал Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Орта-токой су қоймасы Жамбыл облысының Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарын сумен қамтиды. Табиғаттың кереметін тел еміп отырған қос мемлекет облыстарының ортасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану деңгейі қандай?
Сағасы мен жағасы да егіз болып саналатын Шу мен Таластың трансшекаралық өзендер екені белгілі. Алайда, мамандардың айтуынша, соңғы кездері болып жатқан климаттық өзгерістер аталған екі өзенге де зардабын тигізе бастаған. Атап айтқанда, келешекте олардың ағысы 40 пайызға дейін баяулауы мүмкін деген болжамдар бар. Бұған әрине, әртүрлі экологиялық және басқа да жағдайлар себеп болуда. Дей тұрғанмен, осындай екі ел арасындағы өзендерді ұтымды және жоспарлы түрде пайдалану Қазақстан мен Қырғызстан шаруашылықтары үшін аса маңызды. Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану арқылы қос облыстың шаруасы шалқып, ырысы таси түспек.
Географиялық деректерге сүйенсек, әлемде екі немесе одан да көп елдердің саяси шекараларын қиып өтетін 263 халықаралық су бассейні бар екен. Бұл су қоймалары аумағында Жер шарындағы бүкіл халықтың 40 пайызы тұрады және бұл су айдындары барлық ауыз судың шамамен 60 пайызын құрайды. Халықаралық бассейндер 145 мемлекет аумағын қамтып жатыр. Жер шарындағы адам санының өсуіне байланысты ұлттық шекараларды қиып өтетін су ағындарының стратегиялық маңызы да күн санап арта түсуде. Осы орайда Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшілігі тарапынан халықаралық су бассейні болып табылатын Шу мен Талас өзендері мәселесіне айрықша назар аударылып отырғанын айта кету керек. Өйткені Қазақстанның Қырғызстанға шекаралас және осы екі өзен бойындағы аумақта орналасқан Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласы үшін көктем және жаз мезгілдерінде судың жеткілікті болуы – жергілікті халық үшін игілік пен молшылық көзі.
Су тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан елшілігі келіссөздер жүргізу, өзен арнасы мен су қоймаларының жұмысын бақылау, мамандармен кеңесу сияқты тиісті жұмыстарды ерте көктемнен бастапты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кәрім Көкірекбаев Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында орналасқан Орта-токой су қоймасының Шу өзені арнасындағы су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен танысқан.
Аталған Орта-токой су қоймасы басшылығының ақпараты бойынша, алдағы вегетациялық кезеңде су жіберу үшін қазіргі кезде су қоймасына су жинау жұмыстары жүргізілуде. Қырғыз мамандарының мәліметіне қарағанда, биыл қыс мезгілінің гидрометеорологиялық ерекшелігіне орай су қоймасын сумен толықтыру ойдағыдай болмаған. Бұл ретте су қоймасына судың Кочкор ауданынан келуі шамамен секундына 25 текше метрді құрайды. Олардың бағалауы мен болжамы бойынша ағымдағы жылы мамырдың басында су қоймасындағы су көлемі қазіргі тәулігіне 2 миллион текше метр жағдайында, қажетті 450 миллион текше метрге жетпек және бұл Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы облыстары диқандарының ауыл шаруашылығы суына деген қажеттілігін қамтамасыз ететін болады. Оған қоса көктемгі жауын-шашынның көптігі де фермерлердің астық егу жұмыстары үшін қолайлы жағдай туғызады.
Өткен жылдарға шегініс жасасақ, Қазақстанның бастамасымен 2000 жылы Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы келісім жасалып, осы құжат негізінде 2006 жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы комиссия құрылған болатын. Комиссияның қызмет саласына Қырғыз Республикасында орналасқан Шу өзеніндегі Орто-Токой, Шу өзеніндегі Чумыш гидроторабы, Талас өзеніндегі Киров су қоймасы сияқты су шаруашылығы құрылыстары кірген еді. Комиссияның он жыл уақыт ішіндегі жұмысы аталған жобаның өміршеңдігін көрсетіп, екі елдің тиісті ведомстволары арасында өзара іс-қимыл тетіктері қалыптасты.
Осынау мемлекеттік жұмыстар бүгінде де жалғасын тауып, ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі К.Көкірекбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылығы, мелиорация және тамақ өнеркәсібі министрі Н.Мурашевпен кездесуі болды. Кездесу барысында тараптар Киров және Орто-токой су қоймаларын сумен толтыру және Қазақстанның Жамбыл облысының тұтынушыларын вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған еді. Оған қоса фитосанитарлық және ветеринарлық бақылаудың жекелеген мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Қазақ пен қырғыз арасындағы су мәселесі ежелден бар. Асыраушы саланың тамырына нәр беретін су қашанда ел мен жердің байлығы. Сондықтан да су мәселесінде селқостық танытуға болмай тұр. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігі бізге Төтенше және өкілетті елші К.Көкірекбаевтің Талас облысын аралап, Киров су қоймасының және Талас өзені мен басқа да маңайлас жағалаудағы су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен жіті танысқанын, сапар барысында ол Қырғыз Республикасы үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің бірінші орынбасары К.Осмонбековпен, сонымен қатар Жамбыл және Талас облыстарының шекара маңы су шаруашылығы бірлестіктерінің басшыларымен кездескенін жеткізді.
Ал қырғыз мамандарының айтуынша, Киров су қоймасын толтыру ағымдағы жылдың басында гидрометеорологиялық себептерге байланысты біршама кейіндеп, 240 миллион текше метр болып қалғанымен, қазір бұл мөлшер 90 миллион текше метрге дейін қысқарған. Қазіргі таңда аталған су қоймасына секундына 20 текше метр су ағыны құйылуда және жиналған су көлемі 389 миллион текше метрді құрайды.
Болжамдар мен есептер бойынша бүгінде әр тәулікте орташа есеппен 2 миллион текше метр су құйылған жағдайда, ағымдағы жылы мамыр айының соңына қарай су қоймасындағы су көлемі қажетті 400-410 миллион текше метрге жетуі тиіс. Ал су қоймасына жиналатын судың мұндай көлемі Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы облыстары шаруаларының суға деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз ететін болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы