Республикадағы қай саланы алсақ та оған Америка мен Еуропаның беретін бағасы – «өте жақсы». «Қазақстанда бәрі қарыштап, жедел дамып жатыр». Президентіміздің қолдауының арқасында экономикамыздың жетіліп жатқаны көз алдында, әрине. Халықаралық қатынастарымыз да орнықты. «Береке түбі – бірлік» екенін әуелден білетін халқымыздың ішкі ынтымағы да жарасымды. Көрініп тұрған дүниеге көз қуанатыны рас.
Дегенмен, соңғы кезде біздің қоғам басты мәселенің тізгінін қолдан шығарып, тетігін таба алмай есеңгіреп отырғаны белгілі. Буаз сөзге бой беріп, бос қолпашқа еріп, бәрін қолдан жасаудың ақыры берекесіздік жолына апара жатқаны ақиқат. Үлкендер нағыз тәрбие тізгінін қолдан жіберген соң басқаның бәрі бекер екенін кім ойлауы тиіс? Ақсақалдар ма, аға буын ба, әлде жастардың өзі ме? Кім кімге сенеді? Науқандық іс пен бос ермекке алданып, біреудің мақтағанына (оның артында мазақ тұр) мәз боп, көлгірсумен күн өткізудің аяғы құлдырауға апаратынына ешкім ойланып жатқан жоқ.
Кофи Аннанның «Осы демократия деген бәлені кім шығарды екен, бәріміздің жүйкемізді жеп бітті ғой» деп әзілдегені есіңізде ме? Дүние жүзінде қанша ұлт болса, соның бәрін «демократияландырып жіберу» мүмкін еместігін білесіз. «Шетел демократияны қуаттайды екен» деп, аты-жөні жоқ шаңға ілесіп, шапқылай бергеннен түк шықпайды. Өзге құрлықтағы мемлекеттердің біздің елді «тонның ішкі бауындай болуға» шақыруының астарында не жатқанын аңғару қиын емес.
Жаманнан жақсы туар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан жаман туар,
Бір жармаққа алғысыз, –
деп Майқы би айтқандай, аға ұрпақ «жастарға сенеміз» деген сөзді ала-құла топтың ішіндегі елдік мақсатты көздейтін, тілі мен дініне берік, Отанға адал жігіттер мен қыздарға арнаған деп есептеймін. Бірақ олардың көп еместігі және рас. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен мансапқа жетіп, баюды мақсат еткен, қара бастың қамын ғана ойлайтындар елге тұтқа бола алмайды. Себебі олар дүниенің аумалы-төкпелі екенін, заманның ұстараның жүзі тәрізді құбылып тұратынын сезінбейді. Алпыс жылда елде ашаршылық, тоқшылық пен жоқшылық та болатынына түйсігі жетпейді. Кім кінәлі, босбелбеу бозбалалар мен жартылай жалаңаш қыздардың бүгінгі болмысына?
Қазіргі ата-аналардың денінің балаларына беретін тәрбиесі жеке бас қамын жасап алуға негізделетінін көз көріп жүр. Аттестат пен дипломды қиналмай алып, «крышасы» бір орынға қонжита салуға дәндеп алған, ойланбайтын ұрпақ қалыптасып барады. Бұл өте қауіпті ағыс. Ұлттың еркінен тыс жаулап алған тенденцияның ертең сол ұлтты түбірімен жұлып кетуі әбден мүмкін.
Бүгінгі қоғамда үш нәрсе сәнге айналған: ақша, жиналыстар мен дөңгелек үстелдер және халыққа көбік сөзбен көпірте есеп беру. Көз алдыда жүріп жатқан сорақылықтар заңды сияқты, әркім өз басын күйттеуде. Ел тағдыры кімге керек? Ұлттық идея мен ұлттық идеологияны жиі айтатын зиялы қауым да бүгінде қауқарсыз күй кешуде.
«Біздің бүгінгі келбет осындай ғой. Енді қайда шегінеміз?» деуіңіз мүмкін. «Біз қайда барамыз?» деген сұрақ мазалайды. Тәрбие түбі – талбесік. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өскелең ұрпақтың өнегесі үлкендерден әрине. Келешек ұрпақтың саналы, санасыз болуы тәрбиеден. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұмжүрек» дейтін қазақ. Әкені асқар тауға теңеудің өзі әкелердің мойнындағы жауапкершілікті аңғартады.
Ортақ мәселе біреу-ақ: алдыңғы буын мен кейінгі ұрпақтың рухани сабақтастығы, жалғастығы. Ел тұтқасының беріктігі қарыштаған экономика мен мығым әскер күшіне ғана байланысты емес. Ұлттың өміршеңдігі ақсақалдың да, жастың да нағыз ұлттық болмысқа сай болуынан. Заман күнде өзгереді, ал елдік негіз өзгермейді. Бүгінгі жастар бей-берекет қоғамда өмір сүруде. Олардың ақылшысы да, арқа сүйері де аға ұрпақ. «Қатал тәртіп демократиялық қоғамға қажет емес» деп ұрандатушылар қателеседі. Қазіргі жастарға темірдей тәрбие аса қажет екендігін үлкендер неге ескермейді?
Адасқан ұрпақ ұлттың жоғалуына, ұлттық келбеттен айырылып, тобыр қоғам деңгейіне түсуіне әкеледі. Жапон даналығына назар аударсақ: «Ұлттың жоғалуы – мемлекеттің жоғалуы». Қазіргі ұрпақ өзгеден талап етуге жаман үйреніп барады. Ал оларға талапты кім қояды? Руханияттың өзі материалдық дүниеге тәуелді болған бұл заманда басқаның байқатпай енгізетін идеологиясына бағынышты болмауды өз негізімізге арқа сүйеу арқылы үйренейік.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА