Ойын басталмай тұрып финалдың фавориті «Реал» саналды. Ол түсінікті де. Мадридтің командасы соңғы екі финалды жеңіп, осы турнирде атағы дүркіреді. Бұрын-соңды бұл турнирді қатарынан жеңген команда жоқ еді. Енді міне, испан клубы тағы бір рекорд алдында тұр. Зинедин Зидан бапкер ретінде, «Реал» ұжым ретінде Чемпиондар лигасын қатарынан 3 рет жеңуі мүмкін. Бірақ қарсылас та қарап қалмасы анық.
«Ливерпульдің» басымдылығы болса, ол – шабуыл. Күллі әлем футболына аты танылған дуалы ауыз мамандар британ клубының шабуылын бірінші кезекте алға тартады. Салах-Фирмино-Мане үштігі қарсылас біткенді жапырып жеңді. Үшеуі осы финалға дейін 29 гол соғыпты. Бірақ бұл команданың бір осал тұсы – қорғаныс. Чемпиондар лигасында ойнаған матчтарының біршамасында гол жіберген. Ағылшын премьер-лигасы жайлы тіпті айтпай-ақ қоялық. Ол жақта «Ливерпуль» ойнаған екі ойынның бірінде гол жіберіп отырды.
«Реалдың» миллиондаған жанкүйерлері биыл Чемпиондар лигасын жеңбесек, «досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз» деп отыр. Дұшпан дегені – «Барселона» ғой. Каталондық клуб биыл Испан ла-лигасы мен кубогын қатар ұтты. Бұл екі сайыста да жолы болмаған корольдік клуб енді Еуропаның басты турнирінде олжа алуы тиіс. Бұл жағдай «Реал» ойыншылары мен бапкеріне деген зор мотивация екені анық. Бар назар биыл 5 рет Чемпиондар лигасының финалына шығып отырған Криштиану Роналдуға ауып тұр. Көптеген рекордтарды жаңартқан португал ойыншысы Киевте өтетін ойында барын салуы керек. Жалпы, Роналду финалда өнер көрсету саны бойынша тек Паоло Мальдиниден (6 финалға шыққан) ғана қалып тұр. Өткен жылғы финалда «Ювентус» қақпасына 2 гол соққан Роналду бұл жарыстың тарихында 3 финалда гол соққан алғашқы футболшы ретінде тіркелген.
1981 жылы Парижде болған Чемпиондар кубогының финалында «Ливерпуль» «Реалды» 1:0 есебімен жеңіп, үшінші мәрте кубокты иеленіп еді. Міне, содан бері «Реал» өзі өнер көрсеткен финалдарда жеңілмей келеді. Ал сол Чемпиондар кубогы жарысының жолында қос ұжым 5 мәрте кездесіпті. Оның үшеуінде «қызылдар» жеңіп, екеуін «ақтар» ұтқан. Бұл ұжымдар соңғы рет Чемпиондар лигасының 2014-2015-жылғы маусымының топтық кезеңінде ұшырасты. Ол кезде екі ойында да «Реал» басым болды.
«Реалдың» тәжірибесі мол екені байқалып тұр, оның көптеген футболшылары Чемпиондар лигасының төрт финалында өнер көрсеткен. Ал «Ливерпуль» сапындағы ешбір футболшы бұрын-соңды финалда ойнамаған. Бірақ британдық клуб еурокубоктердегі тарихында 20-рет ақтық сынға шығып отыр. Бас бапкері Юрген Клопп 2011-2012-жылғы Чемпиондар лигасында «Реалды» жеңіп, финалға шыққан. Алайда өздерінің ежелгі қарсыласы «Баварияға» жол берді. Егер финалда «Реал» ұтатын болса, онда Зинедин Зидан бапкер ретінде ағылшын маманы Боб Пейсли мен италиялық Карло Анчелотти секілді осы жарысты 3 рет ұтқандардың қатарына енеді. Бірақ Зинедин Зидан биыл да кубок иегері атанар болса, 3 рет қатарынан жеңіске жеткен алғашқы бапкер болып тіркеледі.
Мұндай қызықты мәліметтер, ойын алдындағы шолулар, әрине жетерлік. Бірақ барлығын да алаңдағы ойын шешеді. Қос ұжым да қарап қалмасы анық. Шабуылы күшті «Ливерпуль» мен тәжірибесі толысқан «Реалдың» қай-қайсысы да кубок иегері атануға әбден лайық ұжымдар.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»