Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдардың ұзақтығы 1392,6 шақырымды құрайды. Оның 76,4%-ы ғана асфальтталған. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5103,7 км жолдың небәрі 23 пайызы ғана осы заманғы жол деуге лайық.
Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке қарағанда, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың 118 шақырымы, ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 3674,7 километрі мүлдем қанағаттанғысыз күйде.
– Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына Кеңес өкіметі кезінде де асфальт жол болған жоқ. Облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан аудан орталықтарына жол салу мәселесі талай жылдан айтылып келеді. Бірақ ол мәселені шешуге облыстың күші жетпейді. Өзіңіз білесіз, жол салу шығындары өте қымбат. Оның үстіне, қатқыл табанды жол құрылысына қажетті қиыршық тас та, битум да біздің өңірде жоқ, түгелімен сырттан тасымалданады. Мұның бәрі жол құрылысы шығынын еселеп арттырады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің басшысы Бауыржан Есенғалиев.
Шыны керек, бұрын өңірдегі жол мәселесі тіпті мүшкіл болған. Соңғы төрт жылдан бері Оралдан Тасқала арқылы Ресей Федерациясының Саратов қаласы бағытына шығатын автожол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ұзындығы 104 км болатын бұл халықаралық трасса биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Чапаев – Жалпақтал –Қазталов бағытындағы 213 шақырымдық жолды күрделі жөндеу де биыл аяқталады. Сөйтіп Қазталов ауданының орталығы мен Орал қаласының арасы асфальт жолмен жалғанады. Енді қалып тұрғаны – Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары. Қазталовтан әрі қарай 300 шақырымға жуықтайтын бұл жолды жөндеуге өңірдің өз күші жетпейді. Жылына 15-20 шақырым «жылдамдықпен» не бітеді?!
Бір тәуірі, өңір басшысы бұл мәселені жасырып-жаппай, Елбасының алдында нақты жағдайды мәлім етті. Мемлекет басшысы Оралда өткізген Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Бөкей ордасы мен Жәнібекке дейін 300 шақырым жолда асфальт мүлдем жоқтығын, егер бұл мәселе шешілсе, жергілікті халыққа үлкен қолдау болатынын Алтай Көлгінов ашық айтты.
– Бөкейордаға біз оны салуымыз керек. Мен Үкіметке тапсырма бердім, қаражат шығарып, екі жолақты, жақсы жол салынуы керек. Біз Бөкей ордасына туристерді апарғымыз келеді. Жол болмаса қалай апарамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бірге шешеміз, – деді Елбасы.
Шыны керек, Мемлекет басшысының бұл сөзін Батыс Қазақстан облысы тұрғындары ерекше қуанышпен қарсы алды. Тіпті әлеуметтік желілерде, whatsapp торабында бөлісіп, бір-бірінен сүйінші сұрағандар көп болды.
– Өткен ғасырларда Оралдан Ордаға баратын жолаушылар ат көлікпен айға жуық уақыт жүріпті. Қазір астында желмен жарысқан автокөлік болса да Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы тұрғындары көктем мен күзде, ауа райының қолайсыз кезінде екі араға 10-12 сағат жүреді. Тіпті жолда қонып, ертесіне келіп жатамыз. «Жол азабы – көр азабы» деген мақалды шығарған менің жерлестерім шығар, – дейді түбі бөкейордалық, бүгінде Орал қаласында тұратын өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
ХІХ ғасырдың ғажайып ескерткіші, Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны қатарына кірген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі орналасқан өңірге асфальт жол келсе, тарихи мекенді тамашалап келушілер де көбейіп, жергілікті туризмнің де тынысы ашылар еді деп санайды Бөкей ордасы тарихи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.
Біздің ғасыр қарым-қатынастың ғасыры ғой. ХХІ ғасырдың адамына бүгінде бір қаладан таңғы асын ішіп, бір қаладан түстеніп, тағы бір шаһарға қонып жүре беру таңсық емес. Ал туған ауылынан облыс орталығына жету үшін бір күн уақытын ысырап қылу адам төзгісіз жағдай ғой. Жол мәселесін шешу үшін түрлі идеяны ортаға тастап, ұсыныс айтып жүргендер көп. Бөкей ордасы ауданының біраз аумағы «Капустин Яр» сынақ полигонына қарайды ғой. «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір «полигонға берілген жер үшін Ресейден алынатын өтемақыны түгелімен жол салуға жұмсау керек» деген ойын жариялап жүр. Тіпті «Ұлы Отан соғысы кезінде Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары Волгоград майданының жақын тылы болған, жау ұшақтары Сайхынды, Жәнібекті бірнеше мәрте бомбалаған, бұл жерде қаншама адам қаза тапқан. Сондықтан бұл екі ауылға «Қаһарман кент» мәртебесін беріп, Германиядан өтемақы талап етейік, сол өтемақыға жол салайық» деушілер де бар. Мұның бәрі, әрине, жол азабын әбден тартқан бөкейліктердің тығырықтан шығар жол іздеуі ғой.
Сонымен Бөкей ордасына жол салына ма? «Егемен Қазақстан» газетінің оралдық оқырмандары да бізден мұны жиі сұрайды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін кідірмей өңір басшысы Алтай Көлгінов жауапты мамандарымен бірге Астанаға арнайы барып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қабылдауында болды. Мәселеге жан бітті, іс қозғалды деуге болады. Одан кейін Оралға Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов пен «Қазавтожол» АҚ төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев арнайы келді. Астаналық мамандар мән-жайды көзімен көріп, жол жағдайымен танысу үшін облыстың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына сапар шекті. Бұйырса, көп кешікпей нақты жұмыс жоспары да жарияланып қалар. Екі ауданда тұратын 35 мыңдай тұрғынның талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесіне қозғау салған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың алғысы шексіз. Енді нақты жұмыс қолға алынып, жол құрылысы басталып кетсе болғаны. Батысқазақстандықтардың күткені осы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»