Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Астанада «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының тұсаукесер рәсімі өтті

340 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұрынғы сенатор, белгілі заңгер, көрнекті қоғам қай­раткері Сабыр Қасымов ұйымдастырған бұл қор туралы көптен бері айтылып келгенімен, ресми тұсаукесерін жасау мен жұмыс орнының ашылу сәті кешегі күннің үлесіне тиіпті. Оған  Оралбай Әбдікәрімов, Амангелді Айталы, Өмірзақ Озғанбаев, Сайлау Батыршаұлы, Мәмбет Қойгелді, Бекет Тұрғараев, Дихан Қамзабек, Зиябек Қабылдинов, Берік Әбдіғалиұлы, Омар Жәлелұлы, Қайырбек Қошкеұлы  және т.б. ел ағалары мен танымал азаматтар қатысты.

Астанада «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының тұсаукесер рәсімі өтті

Қордың мақсаты не деген сұраққа осы жерде «Ел бірлігі және Қаһармандар сабақ­тастығы» деген тақырып­пен ұйымдастырылған дөң­гелек үстелде оның ұйым­дастырушысы С.Қасымов өз баяндамасында толық жауап берді. Өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізген барлық мемлекеттер халқының азаттығы мен бостандығы жолында қан мен терін төккен, бірақ ұзақ жылдар отарлық саясат есімдерін атауға тиым салған ерлерінің тағдыры, жасаған ерлігі туралы арнайы шешім қабылдап, олардың лайықтыларын тіпті ұлттық батыр деңгейіне көтеруге тырысады. Бұл ұлттық сананың, патриоттық сезімнің, жасампаз үлгінің өрістеуіне кең жол ашатын маңызды міндет. Осының өзі тарихи ақиқат пен әділдікті қалпына келтіру болып саналады. Ал отарлаушылар жазған тарихтың бәрі әрқашанда әділетсіз, өздерінің зорлық-зомбылықтарын ақтаған, шынайы тарихты өз ыңғайына бұрмалап жазылғандығы бел­гілі. Соның ішінде азат­тық үшін күрескендерді қыл­мыскерлер қатарына жат­қызып, ал олардың күресін талқандаған қанды жорық­тарын ерлікке балап жазған жайлар жиі кездеседі. Сон­дықтан тарих сахнасына қайтадан шыққан жас мемлекеттер өздерінің  ұлттық азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ерлерін ақтауды өздерінің борышы мен міндеті санайды. 

Баяндамашы осы жерде бұрынғы КСРО-дан тараған жас мемлекеттердің ұлттық ерлерінің есімдерін жаңғырту жолында жасаған үлгілі ең­бектерін еске алып өтті. Мәсе­лен, Литвада осы мақсатты мұрат тұтқан 29 мемлекеттік акті қабылданған. Грузия мен Ресей Федерациясында да бір­неше заңнамалық құжаттар өмірге келген. Ал бізде жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тұлғаларға ғана ар­налған ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ескерткіштер тұрғызылған. Есімдері көшелерге беріліп, Мемлекет басшысының баян­дамаларында да айтылады. Тіпті кітаптар жазылып, фильм­дер де түсірілуде, бірақ осының бәрі мерейтойлық даталарға арналған бір реттік шаралар деңгейінде қалып қоюда. Арнайы мемлекеттік акт қабылданбағандықтан жергілікті билік органдары атаусыз қалып бара жатқан батырлар мен ерлердің есімін жаңғыртуға тек көңіл хошына қарай келісім береді немесе одан тіпті бас тартады.  Ал есімдері ақталмай, халыққа танылмай жатқан ерлер өте көп. Бұл өте үлкен проблема. «Қаһармандар» қорының міндеті солардың еңбектерін таныту, есімдерін халыққа жеткізу және қолданыстағы заңнамаларға олардың жарқын есімдері мен істерін жаңғырту туралы толықтырулар мен өзгерістер енгізуге бастамашы болу. Сондай-ақ жарқын есім­дермен үйлестірілген па­триотизмді де заңнамаға ен­гізген жөн. Өз мақсатымызға қол жеткізу үшін бізге ұлан­ғайыр істер атқаруға тура ке­леді. Барлық облыстардың орта­­лықтарында қордың филиал­дарын ашып, елдің түкпір-түкпірінде азаттық жолында құрбан болған, жазықсыз жапа шеккен, қуғынға ұшы­раған ерлер мен олардың ұр­пақтарын халыққа таныс­тыру, тарихқа енгізу керек. Са­наны жаңғыртудың жарқын жолының бірі осы болады, деді баяндамашы. 
Жиында сөйлеген азамат­тардың бәрі де айтылып жат­қан мәселеге байланыс­ты ағы­нан жарылып, қалың көп­шілік біле бермейтін дерек­терді ортаға салды. Соның ішінде Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тарихшы Өмір­зақ Озғанбаев 1996 жылы Санкт-Петербургке парла­мент­тік делегацияның құра­мында іссапармен барған­да сол кездегі үш сенатор 1927 жылы осында жерленген Мемдуманың қазақтан сайланған депутаттарының бірі А.Бірімжановтың зиратын тауып, басына мінажат еткенін айт­ты.

«Осындай ұмыт бола бас­таған ардақтыларымыз көп. Біз бүгінгі күнімізге ұмыт бо­ла бастаған сол қаһарман­да­рымыздың қанатының ас­тында жеттік, сондықтан олар­дың есімдері мен істерін жаң­ғырту – ұлағатты іс болады», деді ол.

«Мемлекет пен қоғамның белсенділіктері екі басқа, ал осындай істер қоғамның белсенділігімен жасалады», дей келіп, тарих ғылымының док­торы Мәмбет Қойгелді «Жа­понияның қоғамдық ұйым­дары Қазақстанда жерленген тұтқындарының бәрінің есімдерін анықтап, олардың ұрпақтарын тауып, бастарына белгілер қойып жатыр. Сондай жұмыстарды Польшаның қоғам­дық ұйымдары да ат­қаруда. Біздің мына қорымыз да сондай ұлағатты істердің бастамашысы болуы керек. Сонымен бірге қазақ жері үшін, қазақ халқының мүд­десі үшін күрескен кейбір орыстың демократтарын да ұмытпай, олардың есімдеріне лайықты бағасын беруге ты­рысқанымыз жөн. Мәселен, Тимофей Седельников деген Мемлекеттік думаның депутаты болған адам өзі­мен бірге 54 депутаттың қол­дарын қойдырып, патшаға қазақ жеріне переселендерді қаптатуды тоқтату керек деп хат жазған. Сол сияқты Кеңес өкіметі орнағанда Қазақстанда басшы қызмет атқарған А.Шкапский деген комиссар Ле­нинге «уберите своих шовинистов» деп хат жолдаған. Осындай ерлердің есімдерін де жаңғыртуға тиіспіз», деді ол.

Сөз алған ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айта­лы өзінің пікірін қазіргі қоға­мымызда қаһармандарға деген сұраныс бар ма деген сауалдан бастады. «Қазір біз цифрлы қоғам болып бара жатырмыз, қалыптасып келе жатқан зиялы қауымымыз да цифрлы интеллигенция, қазіргі идеологиямыз да осы технологияның айналасында болып жатқанда бүгінгі ұрпақтың санасын өткенімізбен қалай сабақтастырамыз?  Осы мәселе бізді қатты тол­ған­ды­ра­ды. Сондықтан қаһар­ман­дар есімдерін бүгінгі ұрпақ­тың қаһармандарымен қалай үйлестіру күн тәртібінен түс­пеуі керек. Қазір екі за­ман­ның қаһармандары өзара идео­логиялық бәсекелестікке түсу­де. Осы тұрғыдан келген­де бізді ақпараттық сала­да да, идеологиялық салада да үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз рухани жаңғыруды қазіргі цифрлы идеологияға бейімдеуіміз керек, сонда ғана жеңетін бола­мыз. Қай сала болса да ұлт­тық рухты көтермей, тек жаңа технологиялардың ығында ке­те­тін болсақ, біз жаңа қыс­паққа түсуіміз мүмкін», деді ғалым.  

«Қазақ халқы – батыр ха­лық», «Алаш және жастар», «Қазақтың ұлы ойшылдары және қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу», «Алаш және тарихты танудағы тұлғалық ұстаным» деген тақырыптарда баяндама жасаған З.Қабыл­динов, Д.Қамзабек, О.Жәлел­ұлы, Қ.Кемеңгер және т.б. басқалардың баяндамалары мен жарыссөзге шыққандардың сөздерінде де маңызды деректер мен ұтымды ойлар айтылып, сонымен қатар «Қаһармандар» қорының мақсаты зор екендігі атап көрсетілді. 

Сөйтіп қазақтың жоғалт­қанын түгендеуге қоғам атынан ниет білдіріп отырған тағы бір ұйым дүниеге келді, тек оның ісі алға бассын дейік. 

Жақсыбай САМРАТ, 
«Егемен Қазақстан»