09 Желтоқсан, 2011

Қай кезде де елдіктің сөзін айтады

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас», деген екен бабаларымыз. Міне, сол айтылғандай, егемен бол­­ған, ел болған кезден бері оның жылнамасы мен ше­жіресін қалт жібермей жазып келе жат­қан басы­лым – «Егемен Қа­зақ­стан». Тек осы қа­сие­ті үшін де бас басылымның қа­дыр-қасиеті біздің ұжым мүше­лері үшін жоғары деп санаймыз. Егемендік тарихының үшінші онжыл­дығына аяқ басып отырған сын­дар­лы сәтімізде «Егемен Қазақ­стан» ел ертеңі – жастардың да күн сайын асыға күтіп оқитын ба­сылымына айнала алатынына ешқандай күмәніміз жоқ. «Егеменде» жарияланып жүр­ген материалдардың мазмұны жан-жақтылығымен, әрі тереңдігімен оқырманды баурай біледі. Бүгінгі заманғы журналистикаға қойы­ла­тын басты талап – сараптаулар мен талдауларға және салыс­ты­ру­ларға арқа сүйейтін сүйекті материалдар десек, мұндай дүниелер бас басылымның кез келген нөмірінен табылады. Мен өзім арнаулы білім беретін оқу орнының бас­шысы болғандықтан, газетте білім беру жүйесіне қа­тыс­ты жарияланып жүрген материал­дар­ды үнемі қада­ғалап, оқып жүремін. Сөз жоқ, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде елдің білім беру саласында жаңаша көзқарастар мен критерийлер қалыптасты. Егемендік талаптарына сәйкес ұлт­тық тілімізде жаңа оқулықтар жа­зыла бастады. Рас, алғашқыда кейбір әтте­ген-айлар мен орашолақтықтар болға­нымен, кейін бұл іс бір ізге тү­сіп келе  жатқаны белгілі. Бұл жәйт­терді де кезінде «Егеменнің» бетінен оқығанбыз. Енді заңғар басылым жөніндегі ой-пікіріме қоса тәуел­сіз­дік жылдарында Алаш арысы Жа­һан­ша Досмұхамедов атындағы біздің колледж ұжымы да ұлан-ғайыр істерге бастамашы бола білгенін айта кеткім келеді. Атап айтқанда, біздің оқу ор­ны­ның базасында оқу бағдар­ла­ма­лары мен мемлекеттік стандарттар әзірленіп, өзіміз тектес респуб­ли­ка­дағы педагогикалық колледждерге таратылды. Сондай-ақ мұн­да 48 арнайы оқулық жазылып, рес­пуб­ликаның Білім министрлігі та­рапынан қолдау тапты. «Білім негізі – бастауышта». Міне, осындай бастауыш білім беру ісінің кейбір толғағы жеткен мәселелері егемен­діктің алғашқы жылдарында бас басылым бетінде жарық көргені де аян. Оның ішінде осы жолдар авторының мақаласы да бар еді. Алдағы 2012 жылы колледждегі жастар мен студенттер бас ба­сы­лымды жыл бойы рухани тұрғы­дан серік етуге ұйғарым жасағаны – бізді сүйсіндіреді. Күні бүгінге дейін арнаулы оқу орнындағы 120 адам «Егемен Қазақстанға» жа­зыл­ды. Бұл іс одан әрі жалғасуда. «Егемен» – қай кезде де елдіктің сөзін айтып келе жатқан басылым. Ол бізге сонысымен де қымбат, сонысымен де бағалы.

Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА, Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Орал.