Қызылжар ауданында орналасқан «Әйтеке би» ЖШС симментал тұқымдас аталық малдарды жалға берумен де айналысады. Қазір мұнда 720 бас асыл тұқымды мал өсіріледі. Әрқайсысының салмағы 900 килоға дейін жетеді. Бордақылау кешенінде алдағы уақытта мал басы екі мыңға дейін көбейтілмек. 7 мыңға жуық егістік алқабының жартысына дән себіліпті. Серіктестік директоры Асқар Мәдиевтің айтуынша, сатып алынған әр ірі қара 170 мың теңге көлемінде субсидияланса, жалға алушыларға 40 мың теңгеден төленеді. Бұл өте тиімді. Қазір 20-дан астам жалға алушы бар. Осында агроқұрылым жетекшілерімен кездескен Үкімет басшысының орынбасары агроөнеркәсіп саласын, оның ішінде мал шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалар жөнінде әңгімеледі. Ауыл шаруашылығына берілетін демеуқаржы бүгінде 240 миллиард теңгені құрап отыр. Таяу жылдары ауылшаруашылық өнімдерін 2,5 есе дейін арттыру міндеті тұр. Алдағы уақытта өтетін Үкімет отырысында саланы одан әрі дамытудың тың бағыттары қабылданады. Елімізде 16 мың құрылым мал шаруашылығымен шұғылданады. Олар 100 мыңға дейін жеткізіледі. Мал бордақылау алаңдары көптеп ашылады.
«Зенченко және К» командиттік серіктестігінде 8 мыңдай ірі қара малы өсіріледі. 630 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Серіктестіктің өнімдері үлкен сұранысқа ие. Былтыр 16 мың тонна сүт, 935 тонна ет өндірілген. Егістік алқаптар 22 мың гектарды құраса, 10 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Серіктестіктің мәдениет үйінде өткен кеңесте Ө.Шөкеев агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың ілкімді тетіктерін, сондай-ақ тұқым шаруашылығын субсидиялаудағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды тілге тиек етті. 2021 жылға таман түгелге дерлік жоғары сапалы тұқыммен қамту белгіленген. Сүтті мал шаруашылығын өркендетуге басымдық беріледі.
Премьер-Министрдің орынбасары «ЗИКСТО» кәсіпорнында болып, астық таситын вагондардың ерекшелігіне назар аударды. Бұрын шығарылып келген вагон-хоппер жаңаланып, сыйымдылығы ұлғайған. Жылына екімың данасын шығаруға қабілетті. Ал «Қазтехмаш» зауытында «САМПО» комбайндары құрастырылады. Қуаттылығы 400-500 ат күшіне тең 300 комбайнды Орталық Азия мен Ресей нарығына жөнелту жоспарланған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы