Аталған іс-тәжірибені елімізде алғаш қолданып, одан оң нәтиже көрген ұстаздардың бірі – Астана қаласы № 5 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күлзипа Қылышбаева. Жалпы, ұстаздықтың жолында 40 жыл табан аудармай еңбек еткен мұғалімдердің кейінгі жас мамандарға іс-тәжірибесі кеңінен насихатталғаны дұрыс.
Блум таксономиясы жайлы айтпас бұрын ұстаз К.Қылышбаеваның еңбек жолына қысқаша тоқталатын болсақ, Күлзипа Әуесқызы білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп, жоғары оқу орындарында қазақ тілі кафедрасында аға оқытушы, Астана қаласы білім басқармасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері, 2000 жылдан бастап №5 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2009 жылдан аталған гимназияда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
– Жалпы қағидалы, қатып қалған сабақтың түрі жоқ. Әр сабақтың белсенді, жанды сабақ болып жан-жақты өрбуі – мұғалімнің қиялынан туындайтын сабақ. Мұғалімнің негізгі тәлімгерлері оқушылары болуы керек. Бұл ретте Блум таксономиясы маңызды мәселелерді шешуде өте қолайлы құрал, – дейді К.Әуесқызы.
Біз бұл мақалада Блум таксономиясының бағдарламасы мен оқу әдістемесін К.Қылышбаеваның «Махамбеттану» курсы арқылы түсіндіргенді жөн көрдік. Өзінің талай жылғы педагогикалық-инновациялық идеяларын ортаға салып, үздіксіз үнемі жетілдіріп отыратын тәжірибелі тәлімгер Күлзипа Әуесқызы аталған курсты 15 жылдай бұрын эксперименттік алаңға шығарған. Сәтті тәжірибе кейін Астана қаласының білім беру мекемелерінде инновациялық үрдістерді дамыту үшін, ғылыми ізденістерді қолдану мақсатында және қалалық білім басқармасының жанында Сараптамалық кеңес шешімімен 2012 жылдың 23 тамызының №1 хаттамасының негізінде ұстаздың «Блум таксономиясы – сабақты құзырлылық тұрғысынан құру жүйесі» атты іс-тәжірибесі ретінде қорғалып, жұмыс нәтижесі қала мектептеріне таратылған. Оны бүгінгі таңда еліміздің біршама қалалық білім ошақтары өз пайдаларына жарату үстінде.
Ұстаздың заман талабына ілесе отырып, онлайн жүйесінде көрсеткен ашық сабақтарынан аңғарғанымыздай, Блум таксономиясының алты жүйесі білім беру саласында ғана емес, өмір сүру қағидаларында да тиімді пайдалануға болатынын ұғасыз. К.Әуесқызы америкалық педагог, психолог ғалымның тәжірибесін ақын М.Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегімен ұштастырған.
Білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деген алты жүйенің негізгі артықшылықтарына тоқталатын болсақ, бірінші білу деңгейінде оқушы берілген жаңа түсінікті ұғуы, есте ұстау және мінездеме беруді үйренеді. Мысалы, Махамбет жырларындағы ақын поэзиясын өр рухпен терең түсініп оқи білу, өлеңдегі көнерген сөздермен сөздік арқылы жұмыс істей білу деңгейінде жүзеге асады. Блум таксономиясының басқа жүйелер тәрізді басты ерекшеліктерінің бірі пәнаралық байланыс арқылы өрістейтінін айта кетуіміз керек. Махамбеттің отты жырларын аудио арқылы көне сарындармен сүйемелдеу арқылы тыңдау да оқушының зердесін аша түсетіні анық. Ал келесі түсіну деңгейінде оқушылар ақын шығармашылығын мазмұндау, түсіну, суреттеу, жаңа сөз тіркестерін жасау сияқты сатылардан өтеді. Мәселен, осы түсіну деңгейінде оқушылар «ереуіл» сияқты сөздердің мән-мағынасына үңіледі. Ереуіл ат бейнесін ақын не үшін қолданып отырғанын да топтық жұмыстың барысында анықтап алады. Бұл екі деңгейден кейін мұғалім оқушыларға қолдану деңгейінің жұмыстарын таныстырады. Онда жаңа білімді тәжірибеде, жаңа жағдайда шеше алу үшін болжам жасалады. Айталық, оқушылар аталған деңгейде өлең қандай сарында жазылғандығын, тіпті Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» атты өлеңін ақын қандай поэтикалық тілмен суреттегенін де біліп үлгереді. Осы қолдану деңгейінен кейін оқушылар талдау деңгейіне көшеді. Алған білімнің жіктелуі, негізгі түйінді аңғару, бүгінмен байланыстыра отырып бөліктерге бөлу, айқындау сияқты кәсіби талдауға нық қадамдар жасала бастайды. Онда өлең құрылысына талдау да жүргізіледі. Тіл көркемдігіне, яғни эпитет, теңеу, аллитерация, ассонанс, гиперболаны мәтіннен табу да бір ғана сабақ барысында қайталанып өтеді. Мұның барлығы баланың шығармашылығын дамытуға мол пайдасы бары айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ оқушыға топтық жұмыс арқылы игерілген білім жинақы әрі түсінікті болады.
Сабақтың соңғы күрделі кезеңі – жинақтау және бағалау кезеңі. Жинақтау деңгейінде оқушы дара болжамдардың тұтас бір ұғым тудыруын анықтайтын дәрежеге жетеді. Өлеңдегі негізгі ойдың қалай берілгендігі, ақынның асыл ойларының арқауы неде, тіпті Махамбеттің орнында өзің болсаң не істер едің, не дер едің деген сұрақтарға жауап ізделеді. Мұғалім осы кезде сергіту сәті ретінде тағы бір көлденең тапсырма жүктейді. Әр балаға «Махамбет кім?» деген сұраққа бірнеше нұсқамен жауап беру тапсырылады. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, көп оқушы Махамбеттің ақын, батыр, көсем екенін ғана айтатынын жасырмайды. Алайда Махамбеттің шешен, сауатты сарбаз, күрескер қолбасшы, жыршы, күйші екені даусыз ғой. Осы уақыт аралығында ұстаз Махамбеттің күйшілігі жайлы айта келіп, оның «Жұмыр-қылыш» атты күйін тыңдатады. Одан әрі «Жұмыр- қылыш» жайлы ақпаратты да қоса айтып өтеді. Көптеген баспа беттерінде Жұмырды бас әріппен, Қылышты кіші әріппен жазылып жүргендігінің қате екендігін де оқушылардың білгені дұрыс деп есептейді ұстаз. Ақынның серігі Исатай қаза тапқаннан кейін оның ұлы Жақия мен Махамбетке зор құрмет көрсетіп қиядан жол табуына көмектескен Жұмыр (шын аты Садыр) мен Қылыш деген қазақтың аяулы батырлары болған. Жоғарыдағы күйдің осы батырларға шығарылғандығы сабақ барысында айтылып кетеді.
Ал соңғы бағалау деңгейінде оқушылар өз жұмыстарын өздерінше бағалап, шешім қабылдап, ой қорытындысын шығарады. Осы кезеңде әр оқушы Махамбеттен ұнатқан бір-бір өлеңдерін жатқа айтып өтеді. Тіпті әр топтан шығармашыл оқушылар «Махамбетше жырласам» деген тақырыпта өздері де өлең жазып оқып береді. Тұтас сабақтың әр деңгейінде Махамбеттің өзін-өзі сипаттайтын, тұлғалайтын ғажап теңеулері балалардың қиялын қарыштатып, санасын шексіз кеңістікпен ұштастырады. Тіпті суретші Мұхит Қалимов салған «Махамбет пен Исатай» атты картина да көрнекілік құрал ретінде оқушы зейінін оқшау ойлауға жетелейді. Қысқасы, азғантай уақыттың ішінде Махамбет тұлғасы сурет, музыка, сөз өнері, жеке шығармашылық арқылы жан-жақты ашылады.
Өршіл рухты ақынның тәлімін оқушы бойына дарытуды мақсат етіп, әрі оқушыға, әрі мұғалімдерге арнап «Махамбеттану» курсының Блум таксономиясы бойынша деңгейлік сұрақ-тапсырмалар» атты оқу-әдістеме құралы мен оқыту бағдарламасын дайындаған ұстаз тек Махамбет шығармаларын емес, ойшыл-ғұлама Абайдың, жыр алыбы Жамбыл, әлемдік деңгейдегі классик суреткер М.Әуезовтің, т.б. ақын-жазушыларымыздың өсиеті орын тепкен әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді деген ұстанымда оқытады.
Айта кетуіміз керек, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісі мен «Үздік педагог» медалінің иегері Күлзипа Әуесқызы бүгінде мұғалімдердің құзыреттілігін қалыптастыруда, әдіс-тәсілдерін жетілдіруде республика мұғалімдеріне арнап, өзінің іс-тәжірибесін ортаға салып, бөлісіп отыратын ұстаз ретінде белгілі. Ұрпақтың білім-тәрбие ісінде шешілуге тиіс деп есептейтін инновациялық шығармашылық іс-тәжірибесін қазір Астана, Павлодар, Қарағанды, Петропавл қалаларында өткен республикалық, қалалық ғылыми-практикалық конференцияларда, педагогикалық оқуларда ортаға салып келеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»