Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Кәсіпке ерте бейімдеу маңызды

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аграрлық саланы ел экономи­ка­сы­ның драйверіне айналдыру жолында оның қыры мен сырын терең меңгерген, ақылды технология­лар мен цифрландыруды ұршық­ша үйіре­тін білікті мамандар дай­ындау – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені еңбек өнімділігі мен өң­дел­ген ауылшаруашылық тауар­ла­­­рының экспорттық әлеуетін арт­­тыру заманауи технологиялар мен инновацияларды кеңінен қол­да­ну арқылы ғана жүзеге асаты­ны айтпаса да түсінікті. Ал бұл іс­ті тап-тұйнақтай атқару білік­ті, білімді мамандардың ғана қо­лынан келеді. Үкімет отырысында Елбасы бұл мәселеге айрықша тоқ­талып, аграрлық мамандықтар бойын­ша көбіне қыздар оқитынын, олар­дың ауылға баруы күмәнді екені туралы айтқан болатын. Ғы­лым және білім беру саласының өкі­лі болғандықтан өз ойыммен бө­ліс­кенді жөн көрдім. 

Еліміздегі жетекші аграрлық оқу орындары саналатын Қазақ ұлттық аграрлық және С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­верситеттерінде қызмет еттім, Сол­­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­си­тетінде ауылшаруашылық маман­дық­тарын дайындайтын кафедра ашып, жетекші болдым. Тәжірибемнен байқағаным, сту­де­нт­тердің басым көпшілігі – қыз­дар. Лекция барысында мектеп қа­бырғасында жүргенде қандай ма­ман болуды армандадыңдар деп сұрай қалсаң дені дәрігер немесе биолог болуды қалағандарын біл­­діріп жатады. Сөз ауандарынан «жол­дары» болмаған соң ауыл­ша­руа­шылық мамандықтарын амалсыз таңдағандарын аңғару қиын емес. Жүрек қаламаса қандай ын­ты­­зарлық, қызығушылық, сүйіс­пен­­шілік болушы еді? Меніңше, ма­мандық таңдаудағы осындай кез­дейсоқтықтардың себебін кәсіп­тік бағыт-бағдар жұмысының біріз­ділікке қойылмауынан іздеген жөн сияқты. Белгілі мамандыққа ерте бейім­деу жұмыстарының әлсіз­дігінен талай жас адасушылыққа ұры­нып жататыны жасырын емес. Кездейсоқтыққа негізделген көз­қарас­ты түбегейлі өзгертпей бол­майды. Әр аймақтың қажет ма­ман­­дарға деген сұранысы бірін­ші кезекте ескеріліп, соған орай оқу орында­рына квота бөлген дұ­рыс. Сонда ауыл шаруа­шы­лы­ғы мамандығына бө­лін­ген гранттар тиімді пайда­ла­­ны­лар еді. Екіншіден, жас­тар­ды ауыл шаруашылығына ерте ма­мандандыруды қолға алу қа­жет. Бұл үшін озық халықаралық жо­ба­ларды көптеп енгізу орынды бол­мақ. Мысалы, Америка Құ­ра­ма Штат­тарында «4Н» деген бағ­дар­ла­ма 1882 жылдан бе­рі жү­зе­ге асырылып келеді. Алға­шын­да ауыл жастарын жүгері дақылын өсіруге тартуды көздеген бұл жоба кейін үлкен қозғалысқа айналды. АҚШ Конгресі 1914 жылы ұлттық ұйым мәртебесін берді. Қазір әлемнің 50-ден аса елдерінде қолданылады. Жоба жастардың баспен (H-head) ойлап, шын жүрекпен (H-heart), таза қолмен (H-hand) мықты ден­сау­лық үшін (H-health) жұмыс іс­теуі мақсатын көздейді. 

АҚШ-тың білім тарату жүйе­сінің танымал маманы, про­фес­сор Стэнли Джонсон­ның бас­шы­лығымен бұл бағдар­ла­ма­ның қанатқақты жобалары 2014-2015 жылдары Алматы және Ақ­мола облыстарының ауылдық мек­­теп­теріне енгізіліп, тәп-тәуір нә­ти­­же берген болатын. Осы мән­­дес бағдарламалар арқылы аймақ­­тардағы ғылыми-зерттеу жә­не білім беру орталықтары аясын­да ауылдық жерлердегі агро­кол­ледждерді қатыс­тыра отырып, білім тарату жүйесін құру өте маңызды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі жүзеге асырып жат­қан WorldSkills Kazakhstan бағ­дар­ла­ма­сы шеңберінде Аgroskills жоба­ла­рын іске асыру арқылы ауыл ша­руашылығы маман­дықтарын насихаттап, мәртебесін арттыруға болады. Бұл жобаның мақсаты белгілі бір кәсіп шеберлері арасын­да конкурстар, байқаулар ұйым­дас­­тырып, ұнатқан кәсібіне қызы­ғу­шылығын тудыру, түсінігін молай­ту, шеберлігін арттыру болып табылады.

Ауыл шаруашылығы саласында тұрған келелі мәселелерді шешу бі­лімді де білікті мамандар дайындау жүйе­сін құру арқылы да орындалары анық.

Әйіп ЫСҚАҚ, 
биология ғылымдарының докторы

Солтүстік Қазақстан облысы