Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Гуманитарлық білімнің жаңа бағдарлары

931 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырғы жылдан бері елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жұмыс істеуде. Бұл бағдарламаның аясында елімізге техника және медицина салаларының мамандарынан басқа, қазіргі кезеңді және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандарын даярлауға да баса назар аударылуда. Сондықтан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына сәйкес әлемге танымал алғашқы 18 кітап қазақ тіліне аударылды. 

Гуманитарлық білімнің жаңа бағдарлары

Ең бастысы бұл оқулықтар әлем­нің 44 елінде шығарылып, 34 тіл­ге аударылған және тиражының жал­пы саны 47 миллионды құра­ған. Осындай оқулықтарды мемлекеттік бағ­дарламаның барысын­да аудару жә­не оларды еркін тарату әлемде тең­десі жоқ іс-шара болып табылады. 

Аударылған кітаптардың ішінде философияның дамуына айрықша үлес қосқан ойшылдардың тұлғасы мен олардың шығармашылығына арналған Дерек Джонстонның «Фило­софияның қысқаша тарихы» деген еңбегі аударылған. Кі­тап­­та автор Батыс дәстүріндегі көр­­­некті философтардың негізгі ең­бек­тері мен теорияларын оқыр­ман­­дар­ға кезең-кезеңмен таныстыра­ды жә­не философтардың өмір сүр­ген дәуіріне шолу жасап, шы­ғар­маларының негізгі идеяларын тал­дауға басымдық берген. 

Келесі оқулық Оксфорд универ­си­тетінің вице-канцлері, Британ ака­демиясының президенті болған Энтони Кеннидің төрт бөлімнен тұра­тын философия ілімінің ежелгі заманынан бүгінге дейінгі дамуын толық қамтитын еңбегі «Батыс фило­софиясының жаңа тарихы. 1-том: Антика философиясы» және «Батыс философиясының жаңа тарихы. 2-том: Орта ғасыр философиясына» арналған. Онда Пифагор мен Фалестен басталып, философияның христиан дәуіріне жеткізген қасиетті Августинмен аяқталады. Жалпы, бұл оқулықтар батыс өркениетін түсінгісі келетін орта үшін философия тарихына арналған төрт бөліктен тұратын топтаманың бірінші және екінші томы болып табылады.

Париж университетінің профес­соры Реми Хесстің «Фило­со­фия­ның таңдаулы 25 кітабы» ауда­р­ылып жарыққа шықты. Осы кітап арқылы автор Батыстың аса көр­нек­ті ойшылдарын, олар­дың шы­ғар­маларын таныстырып және сол мақсатпен батыс фило­со­фия­сы­ның дамуының елеулі кезең­де­рін көрсетеді деген 25 шығар­ма­ны іріктеп ұсынған. 

Дінтану саласында британдық философ, дінтанушы Карен Армс­трон­гтің «Иудаизм, хрис­тиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізде­ніс: Құдайтану баяны» еңбегі ауда­рылған Армстронгтің бұл ең­бегі жалпы әлемнің 30-дан астам ті­ліне аударылып, миллиондаған тара­лыммен шыққан дінтану сала­сын­дағы ең беделді еңбектердің бірі болып табылады. Аталған оқулықта санамыздағы бір Құдайға деген сенім қайдан келіп орнықты? Адамзаттың Жаратушы туралы түсінігі қалай өзгеріп отырды деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап ізделеді. 

Мәдениеттану саласында әлем­нің үздік университеттерінде кеңі­нен пайдаланылып жүрген Алан Бар­нардтың «Антропология тарихы мен теориясы» атты оқулығы да қазақ тіліне аударылды. Кі­тап­­­­тың мазмұны антропология ғы­­лымының қалыптасу тари­хын, он­­дағы эволюция теория-
сы ту­ра­лы тұжырымдарды, реля­ти­ви­зм, структурализм мен пост­ст­ру­к­турализмнің түрлі салаларын және енді ғана қалыптасып жат­­қан интерпретациялық және пос­­тмодернистік көзқарастарға қа­­тысты тақырыптар кеңінен қам­тылған.

Қорыта айтар болсақ, бұл оқу­лық­тардың барлығын әлемнің үздік университеттерінде, мысалы, Кембридж, Гарвард, Оксворд, жә­не Мәскеу университеттерінің сту­­денттері кеңінен пайдаланад­ы. Сон­дықтан бұл жобаның аясын­да қазақстандық студенттер, оқы­ту­шылар, ғалымдар мем­ле­кет­тік тілде әлемдегі ең танымал уни­вер­ситеттердің оқулықтарына қол жет­кізуі өте маңызды болып табы­лады. 

Салтанат АУБАКИРОВА, 
PhD доктор, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Философия және әлеуметтік- гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған 
профессоры (доцент)