Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Атырау облысында бес мыңнан астам мектеп бітіруші үшін соңғы қоңырау соғылды

575 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2017-2018 оқу жылында Атырау облысында 5183 оқушы мектеп бітірді. Оның  153-і  «Алтын белгіге», 91- і үздік  аттестатқа үміткерлер.

Атырау облысында бес мыңнан астам мектеп бітіруші үшін соңғы қоңырау соғылды

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Білім-Инновация» Атырау облыстық лицей-интернатын бітірушілердің соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Биылғы жылы 1993 жылы ашылған  Атырау облыстық лицей-интернатына  25 жыл толады.

Айтулы күнді мерекелеу 49 түлек бітіріп отырған лицейдегі оқу жылының аяқталуымен тұстас келді.

Лицей директорының орынбасары Нұрбек Амановтың айтуынша  2017-2018 оқу жылы оқу орны үшін жақсы көрсеткіштермен аяқталды.

- Осы оқу жылының түлектері облыстық олимпиадаларда 45 жүлделі орындарды иеленді. Республикалық деңгейде 12 оқушы түрлі жарыстар мен олимпиадаларда жүлделі орындар алды. Халықаралық деңгейде 15 оқушы білім беру конкурстарының жүлдегерлері атанды, -деді директордың оқу бөлімі жөніндегі орынбасары Нұрбек Аманов.

Лицейдің үш бітірушісі Гонконг және Канаданың университеттеріне оқуға түсті. 12 түлек Назарбаев университетіне тікелей грант алды. Соңғы қоңырау салтанатына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

- Мемлекет басшысы өз сөздерінде жастарымыз әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуы қажеттігін жиі айтып келеді. Мұның негізгі критерийлерінің бірі – сапалы білім алу. Бүгінгі күні облыс мектептерінде бұл үшін барлық жағдай жасалған. Біз мектептердің санын көбейтудеміз, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартудамыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ағымдағы оқу жылын бітірушілерді құттықтаймын, оларға жетістіктер, білімге деген құштарлық пен жеңістер тілеймін, - деді оқушыларға арнап сөйлеген сөзінде Нұрлан Ноғаев.