Аймақтар • 26 Мамыр, 2018

Батыс Қазақстанның Ақжайық ауданында жерлестер форумы өтті

620 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында жерлестер форумы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған басқосуға облыстың және еліміздің әр қиырынан 200-ден астам жерлестер жиналды. Шараға осы ауылдың тумасы, 2002-2006 жылдары ауданды басқарған, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов те арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі.

Батыс Қазақстанның Ақжайық ауданында жерлестер форумы өтті

Ақ Жайықтың екі жағын тел емген бұл өңір төңкерістен бұрынғы Ілбішін және Калмыков уездерінің, Совет кезіндегі Чапаев және Тайпақ аудандарының басын қосқан үлкен аймақ. Ақжайықтықтар өздерін бейресми түрде «Жұбан еліненбіз» деп атайды. Қазақстанның әр өңірінде өтіп жатқан «Туған жер» бастамасы бұл ауданда да халық тарапынан қызу қолдау тапқан. «Бар болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қағиданы ұстанған жомарт жүрек ұл-қыздар туған ауылын көркейтуге белсене атсалысып, жақсы істің жарысына түскені қуантады.

Жан-жақтан жиналған жерлестер әуелі аудан орталығындағы «Даңқ» саябағына тағзым етті. Одан кейін «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» қоғамда «Мен қазақпын!» деп жар салған әйгілі Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші маңында жиналды. «Жұбан рухына тағзым» шарасын ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізіп, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов құттықтау сөз сөйледі. Әкім татулық пен бірлікке үндеген Рухани жаңғырудың мән-маңызына тоқталып, ауылына асығып жеткен елжанды азаматтарға алғыс айтты. Белгілі дәрігер-терапевт, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайырғали Ахметов пен еңбек ардагері, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Әленғали Кереев Жұбан ескерткішіне гүл шоғын қойды. 

Аудандағы іргелі білім ордасы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп ғимараты алдына аудандық балалар шығармашылығы орталығы мен аудандық туризм орталығы жасақтаған көрме ұйымдастырылған екен. Мұнда оқушылардың қолынан шыққан дүниелер, мектеп мұражайларынан жинақталған құнды жәдігерлер қойылған. Мысалы, Алмалы ауылдық округі, Атамекен ауылындағы белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов жетекшілік ететін «Жерұйық» мұражайының жәдігерлері – батырдың бес қаруы қойылған көрме ылғи да жұртты магнитше тартып алады. Жәнібектің шәкірттері әр қаруды жіктеп-жіліктеп, маңызы мен мақсатын талдап түсіндіріп бергенде, рухтанбаған жан қалмайды.

Форумға қатысушылар мектеп залында орналасқан 18 ауылдық округтің көрмесімен танысты. Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел ішінде шынымен де меценаттық цунами туғызған. Әр ауылда танымал кәсіпкерлер болсын, мектеп бітірген қарапайым түлектер болсын, бас қосып, өрелі тірлік, өнегелі іс атқаруда. Мәселен, кәсіпкер Нұрберген Жұмағалиев Алмалы ауылына құны 500 мың теңге тұратын сыйымдылығы 150 адамдық соңғы үлгідегі киіз үй сыйлаған. «Көшім» шаруа қожалығының иесі Жангелді Баянов Бударин ауылындағы балабақшаға құны 1,5 млн. теңге тұратын ойын алаңын салып берген. Ерболат Құрманғалиев жыл сайын ондаған отбасына қаржылай көмектесіп, 8 отбасының 25 адамын жұмыспен қамтып, 10 тұрғын үй салып берген. Айта берсек, мұндай мысал көп. Рухани жаңғыру аясында ауданда былтыр жомарт жандардың көмегімен 11 586,0 мың теңгеге 21 жоба жүзеге асса, биыл 52520,0 мың теңгеге 32 жоба қолға алынған. 

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы бүкіл таным-түсінігімізге, көзқарасымызға серпіліс әкелді. Туған жерге қамқорлық қашанда өз еліне деген жанашырлықпен астасып жатады. Ауылды көркейту, мұқтаж жандарға қол ұшын беру жомарт жүректі жандардың қолынан ғана келетін іс, - деді аудан әкімі Әділ Жоламанов жиналған халыққа.

Аудан басшысы туған жеріне меценаттық мәрттік танытқан жандарға «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған екен. Бұл сыйлықтың алғашқы иегерлері де белгілі болды. Мысалы, «Аялы алақан» аталымымен Жангелді Баянов, «Шапағат» аталымымен Ерболат Құрманғалиев марапатталды. Ерболат жыл сайын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға қаржылай және мал азығымен қол ұшын беріп келеді екен. Осылайша әр салада озық шыққан белсенді 20 шақты азамат түрлі аталымдағы сыйлықтарға, алғыс хатқа ие болды. Марапатталғандардың ішінде осы жолдардың авторы да бар. Аудан аумағындағы киелі жерлер, көне қорымдардың зерттелуіне қосқан еңбегіміз еленіп, «Қайсар қалам» атты арнайы сыйлыққа ие болыппыз.

Форумның басты қонағы, осы Чапаев ауылында кіндік қаны тамған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов сөз алып, осы шараны ұйымдастырған, өткізуге атсалысқан барша жанға алғыс айтты. Көпшілік алдында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің жерлестеріне арнаған құттықтау хаты оқылды. Өлкетанушы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Әленғали Кереев, еңбек ардагері Амантай Сапаров, Батыс Қазақстан облыстық дене шықытыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, «Ғибадат» ЖШС басшысы Біржан Қожақов ақжарма тілектерін арнады.

Болашақ жастарда деп жатамыз. Қай ел де жастардың белсенділігімен, білімділігімен өседі, көркейеді. Ақжайық ауданында да жастар тәрбиесіне, жастар мұқтажына ерекше көңіл бөлінеді. «Жыл басында ашылған «Өркен» coworking орталығы аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізетін шаңыраққа айналған. Жұмыс іздеген жастар да осында келіп, тегін интернет арқылы бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндік алды» дейді аудандағы бастамашыл жастың бірі, жас ақын Бекболат Қаленов.

Осы жиында белгілі болғандай, болашақта аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен Жұбан Молдағалиев атындағы орталық құрылысы қолға алынатын болды. Жыл соңына дейін ауданда 52 жоба жүзеге асуы тиіс дейді форумды ұйымдастырушылар. Ал жеке кәсіпкер Әлия Шоқанова аудан орталығынан ашқалы отырған жаңа балабақшаға «Астана» атауын бермек. «Бұл Елорданың 20 жылдық мерейтойына менің тартуым» дейді Әлия. Бір ел, бір ниет, бір тілек болып жұмылған мұндай елдің алар биігі аз болмас деп түйдік біз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше