Қазақстан • 26 Мамыр, 2018

Астанада «Қолөнер – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты шеберлік сыныбы өтті

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында Ләззат Әбділдақызының «Қолөнер – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты шеберлік сыныбы өтті.

Астанада «Қолөнер – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты шеберлік сыныбы өтті

Басқосуда Ләззат Әбділдақызы өзінің оқушылары арқылы жүнді иіріп, одан жіп жасау, тоқыма, кесте тоқу, матаға сурет салу әдістерін көрсетті. Қазір оның жетекшілігімен қолөнердің қыр-сырын мектеп оқушылары ғана емес аталған білім ордасының ұстаздары да үйреніп жүр.

– Бұл бастамамды қолға алғаныма да жеті-сегіз жылдың көлемі болып қалыпты. Алғаш рет бастағанда мұндай деңгейге жетемін деп ойламаған едім, – дейді Ләззат Әбділдақызы. – Бүлдіршіндер бәріне икем келеді. Үйреткеніңді бірден қағып алады. Егер осы қалпында жалғастырар болса ертең шәкірттерімнің арасынан әлемге танымал дизайнерлер шығатынына сенімдімін.

Ләззат Әбділдақызы бұдан бөлек ұлттық киімдерді тігу, сәндеу жұмыстарын да үйретеді. Іс-шараның келесі бөлігінде шәкірттері дайындаған киімдердің сән көрсетілімі өтті.