Әдебиет • 27 Мамыр, 2018

Фариза ақын туралы естелік кітап жарық көрді

2223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Ұлттық кітапханада халқымыздың ардақты ақыны, халық жазушысы, журналист Фариза Оңғарсынова туралы жазылған естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.  Осы басқосуда шығармашыл орта өкілдері, замандастары, әріптестері мен жора-жолдастары ақынның өмірі турасында ой қозғап, естеліктерін ортаға салды.

Фариза ақын туралы естелік кітап жарық көрді

Естелік кітап «Фариза Оңғарсынова» атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен жарыққа шыққан. Қордың төрайымы – Алмагүл Оңғарсынова. Құрастырған – жазушы, журналист Гүлсім Оразалықызы. Осы басқосу-жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов «Бұл жай ғана естелік кітап емес. Фариза ақынның болмысын жан-жақты ашатын басылым. Фариза ақын Президенттен бастап барша қазақпен етене жақын араласқан жан. Біріне апа болып ақылын айтса, біріне қарындас болып еркеледі. Бұл жинақ осы тұрғыдан алғанда қаламгердің кескін-келбетін, табиғатын, шығармашылығын көрсете білетін керемет жинақ болып шыққан» деп атап өтті. Бүгінде көптеген туындылары алыс-жақын шетел тілдеріне аударылып, көптеген әндері музыкаға негізделген Фариза ақын туралы осы жинақта Ә.Кекілбаев, Ә.Тәжібаев, С.Қирабаев, О.Әбдікәрімов, М.Жолдасбеков, Қ.Сұлтанов, Б.Ізмұхамбетов, Б.Сапарбаев, Қ.Көшербаев, Ш.Беркімбаева, т.б. көптеген еліміз қайраткерлерінің естеліктері топтастырылыпты.

Естелік кітап ҚР Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Алғы сөзімен басталған: «...ол үшін туған елінің рухани керегі мен талғамды тілегі қымбат еді. Оның егемен еліміздің дамуына қосқан сүбелі үлесіне баршамыз куәміз. Бұл әсіресе, ел еңсесін енді тіктеп жатқан шақта да, кешегі кемеліне келген уақытта да науқаншылықтың жалауымен емес, халықтың шынайы қалауымен Мәжіліске бірнеше рет сайланып, елдің сөзін сөйлегенде көрінді. Өткір сынымен де, шындықты орған тілімен де қазақтың кім екенін, халықтың қызы екенін дәлелдеп берді». Иә, расымен де Фариза Оңғарсынова «Қазақ поэзияның падишасы» болғанын халқы мойындаған парасатты тұлға. Бүгінде жазғандары елдің мирасына айналған Фариза ақын жайында осы басқосуда көптеген тебіреністі естеліктер ортада тоғысты. Шығармашылықтың жауапты жүгін арқалай жүріп, елдің қамын ойлай жүретіндігін, әр қазаққа жанашырлығын ісімен дәлелдеген қайраткер қаламгер екендігі жиі тілге тиек етілді. Ақынның дауысымен жазылған «Подмосковные вечера» әні қойылғанда көпшіліктің жүрегінде сағыныш сезімі оянып, көздерге жас іркілді.

Қазақстанның Халық әртісі С.Оразбаев «Бүкіл қазақ халқы неге Фаризаны жақсы көрді? Өйткені Фаризаның болмысы – ерекше құбылыс еді» деп еске алса, ақын, қоғам қайраткері Т.Медетбек «Фаризаның адуынды ақын екендігі, айбарлы адам екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Фариза ер адамдардың өзі бара бермеген биікке, өреге көтерілген ақын. Өзіне тән болыс-бітімімен жаңа дүниелерді туғызған ғажайып тұлға» деді. Ал ақынның көз тірісінде құрбысы болған Шәмші Беркімбаева «Фариза ақынды бүгінде исі қазақ сағына іздейді. Біздерді Фариза ақынның кештері білім ошақтарында жиі өтіп жататындығы қуантады. Халық ақынының артында қалған мұрасының әрине келешек ұрпаққа, пайдасы зор» деп атап өтті. Әрі келер жылы туғанына 80 жыл толуын өзіндік деңгейде атап өтсек деген ұсынысын білдірді. Ғалым, профессор Ә.Бейсенова ақын хақында «Фариза бір азаматтың тауқыметін тартудай-ақ тартқан ақын, ол қоғамдық мәселелерден тартынып қалған жоқ. Фариза қазақ қыздарының қорғаушысы, қолдаушысы еді. Қазақ қыздарын елін сүюге, отбасын сақтауға шақырған Фаризадай ақын болған жоқ», деді. Ақын  Х.Есенғараева «Фариза апамыз өмірге босқа келіп кеткен жоқ. Өз еңбегінің арқасында ұлы тұлғаға айналды. Өз форматын өзі жасаған еңбекқор жан. Уақытты өзіне жұмыс істете білген ықтиятты да, қуатты жан. Ақын қалай жазды, жұрт жүрегін қалай баурап алды, оның сыры неде деп әр кез жауап іздейсің. Ол өзін аяламай, аямаған жан. Өзіне қойған талапты өзгеден де талап ететін» деп еске алды. Ал Ақын Маралтай Райымбекұлы естелік лебізін өлеңмен өріп, «Найзағайды» оқып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова естелік сөздерінен кейін «Жақсы көру» әні туралы сыр шертіп, Фариза Оңғарсынованың бүгінде өмірден өтіп кеткен Темірәлі Бақтыгереевтың әніне жазылған «Кешір мені» әуезді әнін орындады. Кештің соңы студенттердің күмбірлеген күйіне ұласты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ