Әдебиет • 27 Мамыр, 2018

Әзілхан Нұршайықовпен үш кездесу

833 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұрат Сұлтанбеков абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты.  Қазақстан Республикасына ғана емес, ТМД елдерінің көптеген республикаларына шығармаларымен танымал ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі. Алдынан талай шәкірт түлеп ұшқан ұстаз Мұрат Рахымжанұлы Сұлтанбеков бүгінде мерейлі 80 жасқа толып отыр. Мерейтойына орай Мұрат Сұлтанбековпен Cемейде кездесу кештері ұйымдастырылуда. Сондай жиынның бірінде Мұрат Рақымжанұлы жазушы Әзілхан Нұршайықовпен достығы туралы әңгімелеп айтып берді.

Әзілхан Нұршайықовпен үш кездесу

– Іргесін сонау жылдары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов қалаған «Абай» журналы Тәуелсіздік алған жылдары Рысхан Мусиннің басшылығымен  қайта жаңғырды,-дейді Мұрат  Сұлтанбеков,-«Абай» журналында істеп жүрген кезім еді. 2005 жылдың жаз айы болатын, бір күні Рысхан аға шақыртты. Әзілхан Нұршайықовтан хабар алыпты. Әз ағаның Семей қаласындағы Шәкәрім даңғылы бойындағы үйлердің бірінде  майдандас досы тұрады екен бар екен, сол сырқаттанып қалыпты. Көңілін сұрауға келе жатыр. Содан «Абай» журналының бас редакторы Рысхан Мусин бар, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева үшеуміз Әзілхан Нұршайықовты әуежайдан қарсы алдық. Досының көңілін сұрап шыққан соң, Рысхан Мусин ағамыз үйіне дәм татуға шақырды. Фотограф шақырыпты. Естелікке суретке түстік. Сол жолы «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева да Әзілхан ағаны бір топ қаламгер қауымыммен  «Семей» мейрамханасына дәмге шақырды. Бәріміз тағы да бас қостық. Естен кетпес бір ерекше кездесу болды. Жазушы Әзілхан Нұршайықов Риза Молдашеваның журналистика саласында атқарып жатқан жұмыстарын ерекше бағалайтындығын айтатын. Екеуінің қаламгер-журналист ретінде сабақтастығы деуге бола ма, кейінірек Әзілхан ағаның ескерткіш тақтасын Риза қызымыз өзі басшылық жасап отырған «Семей таңы» редакциясының ғимаратына ілгізді. Қазірде қарасам, Әзілхан Нұршайықов та, Рысхан Мусин де «Семей таңы» редакциясының тарихы сияқты естелік боп тұр. Риза қызымызға үлкен рахмет! Екеуі де менің әріптестерім, ағаларым, өзім айрықша құрмет тұтатын қаламгерлерім еді.

Өткен күннің естелігін айтамын деп осы тұсқа келгенде Мұрат аға көзіне жас алды. Айтуынша, ең алғаш рет 2004 жылы 7 қыркүйекте Алматыға Жазушылар Одағына  арнайы жұмыс сапарымен барған кезде Әзілхан ағамен танысқан екен. Амандасып болған соң  «қалқам қайдан келіп ең?» деп сұрайды Әзілхан аға.

– Семейден келдім деп ем, бірден қолтықтай алып, құшақтап, қуанып  Семейдің қал-жағдайын сұрастыра бастады. Семей оның көзіне ыстық көрінеді екен-ау қанша дегенмен енді ойлап қарасам,-деді Мұрат Сұлтанбеков ақсақал,-дереу қалтасынан визиткасын алып шығып, «Қымбатты бауырым Мұратқа» деп ізгі тілектерін жазып, қолтаңбасын берді. Содан бастап мен онымен қатты дос боп кеттім. Мен Әзілхан Нұршайықовтың өтінішімен «Мәңгілік махаббат жыры» атты шығармасын «Песня вечной любви» деп орыс тіліне аудардым. 2009 жылы Әзілхан аға «Санат» деген баспадан «Махаббат жырлары» деген кітап шығарды. Осының ішінде жазушының шығармалары, өлеңдері бар екен. Ең соңына менің орыс тіліне аударған «Песня вечной любви» деген аудармамды кіргізіпті. «Перевод Мурата Султанбекова, 2004 год» деп жазыпты. Рза болдым. Алматыға үйіне қонаққа шақырды.Кабинетінде отырдық. Кабинеті бір мұражай сияқты, кітап өте көп. Жазушының жұмыс орны екендігі бірден көрініп тұр. Әңгімелестік, елдің жағдайын айттым. Ұмытылмайтын  керемет шығармашылық кездесу болды.

Иә бәрін айт та, бірін айт, қазақ әдебиетінде том-том шығармалар жазылып, тағы соншасы орысшаға аударылып жатыр, бірақ Абай мен Шәкәрімді орыс тіліне өз деңгейінде аударған аудармашы-ақындар некен саяқ. Солардың ішінде Мұрат Сұлтанбековтың  алар орны айрықша. Оның «Хан Абылай и его батыры»,  «Дагестан»,  «Иртышский остров» «Абай и Шакарим в ХХІ веке» және тағы басқа  кітаптары мен мақалалары бір төбе. Тағы бір айта кетер жайт, Мұрат Сұлтанбеков Қайым Мұхамедқановтың ұсынысымен Абай мен Шәкәрімді де орысша сөйлеткен ақын

– Семейде Әзілхан Нұршайықовқа көше беріледі дегенді естіп, қатты қуанып отырмын,-деді Мұрат ақсақал, - Әз ағаны заманында ел бағалаған. Даңқты Бауыржан Момышұлының кез келген журналистерді кіргізбейтін, жолатпайтын қатал мінезі болған екен. Тек Әзілхан Нұршайықовтың соғыста болған, майдангер екендігін естіп, сұхбаттасуға келіскен екен. Бұл туралы Әз ағаның өзі айтып отыратын. Әзілхан Нұршайықовты мен өз өтінішіне орай, мүмкіндігінше орысша аудардым. Оны басқа тілдерге аудару, көше атын беру әрине, келер ұрпақтың, қазіргі жастардың мойнындағы  парыз іс деп білемін.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

 Суреттер автордыкі

Семей