Медицина • 28 Мамыр, 2018

«Өрлеудегі» елеулі өзгерістер

601 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – аса маңызды міндет. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамы білім берудің жаңа міндеттерін сапалы атқаратын, шығармашыл жұмыс жасауға қабілетті мұғалімдерге мұқтаж. 

«Өрлеудегі» елеулі өзгерістер

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлт­тық орталығы» АҚ еліміздегі білім беру жүйесіндегі педагогикалық қыз­меткерлердің біліктілігін арттырумен айналысатын бірден-бір мекеме. Жақында орталықтың Орал­­дағы филиалы – Батыс Қа­зақ­стан облысы бойынша педа­го­гикалық қызметкерлердің білік­тілігін арттыру институтында «Педагогикалық қыз­меткерлердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі смарт технологиялар» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға БҚО білім беру ұйымдарының педагогтері, соның ішінде 41 базалық білім беру ұйымдарының басшысы қатысты. 

Шараға қатысушыларды тіркеу электронды түрде жүр­гізілді, яғни алдын ала дайын­далған гугл кестеге тіркелді. 4 топқа шоғырланған секциялық отырыстарда институттың «Ма­тематика оқулығы» жобасы, «Бір­­ге оқимыз!», «Қа­шықтық курстары», «Сабақ жоспары» жобалары таныстырылды. Бар­лық қатысушылар ыстық ықы­лас білдіріп, қызығушылық танытты.

Конференцияда педагогтерге смарт техникаларды қолдану бойынша әдістеме көрсетілді. Инновациялық технология­ны қолданудағы шетелдік тәжі­ри­бені зерттеу, отандық прак­ти­кадағы жетістіктер, туын­дай­тын қиындықтар талқы­ланды. Қатысушылар өздеріне қолжетімді смарт техника ар­қылы теория түрінде айтылған сабақты практикалық тұрғыда жүзеге асырып көрді. Сапалы ұйымдастырылған кері байланыс нәтижесінде өздерін қызық­тырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.

250 педагогті қамтыған ай­тулы шара­ға келіп түскен мақа­лалар 6 секцияға топтас­тырылып, институт сайтында талқылау жүргізілді. Әр қаты­сушының мақаласына пікір жазылып, ұсыныстар да берілді. Кон­ференцияның сайттағы беті әлі де ашық. Мамыр айы­ның соңына дейін сайттағы мақа­л­аларды талқылап, пікір алма­суға болады. 

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаев 2018 жыл­ғы 10 қаң­тардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негі­зі» деген болатын. Жолдауда тіке­лей білім беру мәселелеріне қатысты «Оқытудың мазмұн­ды­лығы заманауи техникалық тұр­ғыдан қолдау көрсету ар­қылы үйлесімді түрде толық­тырылуға тиіс. Цифрлық бі­лім беру ресурстарын дамыту, кең­жолақты Интернетке қо­­су және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқы­тушыларының ви­део­сабақтары мен видеолекция­ларын Интернетте орналас­­тыру керек. Бұл барлық қазақ­стан­дықтарға, оның ішінде шал­ғайдағы елді мекен тұр­ғын­дарына озық білім мен құзы­реттілікке қол жеткізуге жол ашады» деген тұжырымдар бар.

Президентіміздің өзі видео­сабақ туралы нақты тапсырма берген кезде білім берудің алдында түрлі саласындағы үздік педагогтарды анықтау және олардың сабақтарын бейнеге түсіріп, өңдеу, кейін интернетке орналастыру тәрізді жауапты әрі ауқымды істердің тұрғаны мәлім болды. Осылайша біз Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен ынты­мақтастық меморандумын жасасып, 41 базалық білім беру ұйымын анықтадық. 

Осы келісім аясында атқа­рылған ал­ғашқы жұмыс – Орал политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Эльмира Нахуованың 2 бейнесабағы болды. «Құбырларды кесу және пісіру» бейнесабағы электр дәнекерлеуші мамандығының 1-курс студенттеріне арналған. 

Бүгінгі таңда институт базасында түрлі пәндер бойынша 14 бейнесабақ түсіріліп, олар «Өрлеу» БАҰО» бас кеңсесіне жол­данды. Бұл сабақтың үздік­тері сайтқа жарияланып, рес­пуб­лика көлемінде ұстаздар қа­ралымына ұсынылып, лайық­ты бағасын алуда. 

Қазақстандық мұғалімдердің озық тәжірибесін бейнесабақ түрінде тара­тудың қандай пайдасы бар?

Біріншіден, бейнесабақ – қазіргі заман талабына сай қа­шықтан оқыту үшін аса қажет материал. Бейнесабақтар жинала келе болашақта кәсіби контент құрастыратын авторлар қа­лыптасады деп сенеміз.

Екіншіден, бейнесабақ кө­мегімен оқыту тәжірибелерін ішінара енгізу арқылы қазіргі балалардың интернетке, компьютерге, смартфондар мен план­­шеттерге деген жоғары қы­зығушылығын пайдалы арнаға бұру мәселесі шешілуі мүмкін.

Үшіншіден, қазақ тіліне латын графикасын енгізу нә­ти­­жесінде тілімізде орфо­гра­фия­лық өзгеріс пайда болады. Бұл ор­фоэпияға да әсер етіп, сөйлеу дағдымызда елеулі өзгеріс болуы мүмкін. Бейнесабақта мұ­ғалімнің сабақты түсіндіру ба­­рысындағы сөйлеу үлгісі жазбада сақталып, ақпаратты сақтаудың жаңа форматында болашақ ұрпаққа қашанда қолжетімді болады.

Бейнесабақта мұғалімнің жа­ңа сабақ­ты түсіндіруі, 40 (бұрын 45 минут) минуттық сабақ мазмұнында мұғалімнің оқушыға беретін ең маңызды ақпараттары бейнесабақ көме­гімен 10 минуттан ас­пай­тын уақытқа жинақталады. 

Дайындалған бейнесабақтардың қандай пайдасы бар? Оқушы осы бей­небаян­нан жаңа сабақ мазмұнымен алдын ала танысып, сабаққа жоғары дайындықпен келеді. Тіпті денсаулығына байланысты мектепке келе алмаған кезде де сабақ мазмұнымен өз бетінше шұғылдануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ауа-райына, төтенше жағдайға байланысты мектепте сабақ тоқтатылған кезде де оқушы оқу үдерісін өз бетімен жалғастыра алады. Ал үлгерімі тө­мендеген оқушылар сабақты қабылдау қабілеті күшейген кезде өз бетімен бұрынғы сабақты қайталап түсіне алады.

Міне, XХI ғасырдың бі­лім беру жүйесі мұғалімдер ара­сындағы серіктестіктің ке­ңеюіне әкеледі. Мұның аясында мұғалімдер бірлесіп жұмыс жасай алады, инновациялық және тиімді ойларымен бөлісе алады. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін «Өрлеудегі» өрелі өзгерістер қоғам дамуына қарай жал­ғасын таба берері сөзсіз.

София ІЗМҰХАНБЕТОВА, 
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
 БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры