Осы уақытқа дейін аталған комитет қалдық принципімен қаржыландырылып келеді. Бөлінген қаражат қызметтің қажеттілігін толық өтемей, тек ағымдағы шығыстар мен моральдық тұрғыдан ескірген материалдық-техникалық базаны сақтауға ғана жетеді. Ал МТБ-ны түбегейлі жаңғырту мәселесі жыл сайын кейінге қалдырылуда.
Ал асықпай қамдануды аяқ астынан болатын апаттар күтіп тұрмасы анық. Біз қамданғанша республика өңірлерінде көптеген апаттар орын алуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы биылғы тасқын 2 млрд теңгені жоқ қылды. Елдің барлық аймақтарындағы осындай шығындар айтыла қоймайды, бірақ оның орасан зор екенін сезуге болады.
Мұның себебі барлық гидротехникалық құрылыстардың (ГТҚ) жаңғыртылмауына байланысты. Олардың төрттен бірі қанағаттанарлықсыз жағдайда, 52-сінің тіпті қожайыны жоқ. 2012 жылдың 6 наурызында Қауіпсіздік Кеңесі барлық қожайыны жоқ ГТҚ-лар коммуналдық меншікке берілсін деген хаттамалық тапсырма берген еді, ол әлі күнге толық орындалмаған. Сонымен бірге Елбасының апаттың алдын алу шараларын жасау туралы берген тапсырмалары, Парламент палаталарының азаматтық қауіпсіздікті дамыту мәселелеріне байланысты жасаған ұсыныстары орындалмай келе жатыр. Осының кесірінен миллиардтаған бюджет қаражаттарын түрлі табиғат апаттары мен өрттер үнсіз жұтуда.
Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның зерттеулеріне қарағанда, табиғат апатына қарсы күреске жұмсалатын 1 доллар 7 доллардың шығын болуына тосқауыл болады екен. Былайша айтқанда, алдын алуға бөлінген миллиондаған қаражат миллиардтаған шығыннан құтқарады.
Үлкен мегаполистерде өрт сөндіру деполарын (ӨСД) тұрғызу байлықты шашу емес екенін түсінетін кез келді. Қазір 5 ӨСД жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға 86 млн теңгені жоқ қылып, өздерінің салынуын күтіп жатыр. Тағы 6 ӨСД 100 млн теңгені жұтып, қозғалыссыз тұр.
ТЖ қызметінің ең үлкен мәселелерінің бірі – қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету. Олардың бүгінгі еңбекақыларымен «7-20-25» бағдарламасына қатыса алуы екіталай. Ал ТЖ комитетінің мәліметіне қарағанда, қазір бұл саладағы 13 мыңнан астам қызметкерде тұрғын үй жоқ. Бір қызығы бұл қызмет Ішкі істер министрлігіне қарағанымен, олардың қызметкерлеріне үйлердің айлық жалдау ақысы толық төленеді, ал «Құтқарушылар» деген зор атағы барларға тек 3700 теңге төленеді. Ведомство бір болғанда қолдаудың барлық қызметкерлерге бірдей болмай, әртүрлі болатыны қызық. Ал бұл қызметтің қауіптілігі Ішкі істер қызметінен еш төмен емес, 1991 мен 2016 жылдар аралығында төтенше жағдайлар қызметінің 32 адамы қаза тауып, жүздеген адамы жараланған және ауруға шалдыққан.
Осы мәселені шешуді айтып, Қаржы министрлігіне қайрылғанымызда, мынадай жауап келді: «... тұрғын үйді жалдауға берілетін өтемақының қолданыстағы механизмі тиімсіз болып табылады, бұл ұсынысты қараудың уақыты келген жоқ деп санаймыз». Бұл не қылған жұмбақ екенін түсінбедік. Егер жүйе тиімсіз болса, оны неге қайта қарамасқа?
Бұл қызметке Ішкі істер министрлігінің қамқорлығы да төмен деп батыл айтуға болады, кейбір қызметкерлерге жұмыстан бос уақыттарында қосымша табыс табуға рұқсат беретін нормаларды нормативтік-құқықтық құжаттарға енгізу керектігі туралы айтылған ұсыныстар әлі орындалмай келеді. Соның кесірінен тек Астанада ғана жұмыстан бос уақытында табыс таппақ болған 94 адам жұмыстан шығарылған.
Депутаттық сауалда біз осы мәселелерді Премьер-Министрдің назарына ұсынып, оларды кезең-кезеңмен шешу туралы кешенді шаралар қабылдауды аттап көрсеттік.
Тұрғын СЫЗДЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты