Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Сарбаздар ант қабылдады

1557 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әскери өмірдің айбыны саналатын Мемлекеттік күзет қызметі 26 жыл қа­тарынан ел игілігі мен қо­ғам қауіпсіздігі жолында табанды түрде қызмет етіп келеді. Ширек ғасыр бойы өз жұмысын мін­сіз ат­­қарған қуатты құры­лым­­ның қатары биыл да жас сарбаздармен толығып отыр.

Сарбаздар ант қабылдады

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін еліміздің әр өңі­рінен іріктеліп алынған 285 жас сарбаз Алматыдағы 0111 әскери бөлімінде салтанатты түр­­де әскери ант қабылдады. Бұл­ рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаз­дар­­дың бойындағы патриоти­зм, Отанға және Президентке адал бо­лу, сондай-ақ Қазақстан Рес­пу­б­ликасы Мемлекеттік кү­зет қыз­метінің қатарында адал қыз­мет атқару тәрізді қаси­ет­терге тәр­биелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Мемлекет басшысының, кү­зетілетін адамдар мен объ­ек­ті­лердің қауіпсіздігін қам­та­масыз ету, мемлекеттік эта­лон­­дарды күзету және мем­ле­кет­­тік-хаттамалық іс-шараларға қа­­тысу жөніндегі маңызды және жау­­апты миссия жүктелген. Сал­та­­натты рәсімде ант қабылдаған сай­­дың тасындай сарбаздар бұл міндеттердің салмағын анық сезінді. Олай дейтініміз, олар­­­­­­дың саптық жүрісінен, әс­ке­ри мәдениеті мен темірдей тәр­­­­тібінен осы жауапкершілік ай­рық­ша байқалып тұрды.

Мемлекеттік күзет қызметі бас­тығының орынбасары – объек­тілер қорғау қызметінің бас­шысы генерал-лейтенант Мұх­тар Аюбаев салтанатты ша­ра барысындағы алғы сөзінде: «Сіздердің қызметтеріңіз – әрбір қа­зақстандық отбасының ты­ныш­­тығы мен ертеңгі күнге деген сенімділігінің кепілі. Бұл жерде нағыз жауынгер болып шың­даласыздар. Отанды рия­сыз сүю дәл осы жерден бас­тау алады. Сіздер мұнда отан­сүй­гіштік, адамгершілік сияқ­ты ізгі қасиеттердің барлығын бой­­ларыңызға сіңіріп, табанды әрі төзімді болуды үйре­не­сіз­дер. Алдағы бір жылда жан ая­­май қызмет етіп, ұлттық на­мы­­сымыздың туын биіктен жел­­­­­­біретіңіздер!», деп, жас сар­баз­­­дарға жігер сыйлап, атаулы кү­н­мен құттықтады.

Өте жауапты міндеттерді мін­сіз атқару үшін аталған қыз­мет­­те сарбаздардың кешен­ді дене шынықтыру және жау­ын­герлік даярлығына аса назар ауда­рылады. Олар саптық амалдарды, жауынгерлік қарудан ату машық-дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді және та­ғы басқаларды меңгереді. Спорт­­тық жетістіктері бар жау­ын­­­герлердің әртүрлі деңгей­дегі, оның ішінде әлемдік дәрежедегі спорт­тық жарыстарға қатысу мүмкіндігі мол.

Әскери ант қабылдау рәсіміне Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қа­тысты. Мемлекеттік күзет қыз­ме­тінің әскери қызметкерлері өздерінің шеберліктерін, кәсіп­қойлығы мен іс-қимыл­да­рының үйлесімдігін көрсетіп жиыл­ғандарды тәнті етті. Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қару­сыз игерген саптық амалдарын паш етіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Сондай-ақ
Президенттік үр­­­лемелі аспаптар оркестрі мен құр­­мет қарауыл ротасы плац-кон­церттің (дефиле) жаңа бағ­дар­ламасын көрермен назарына ұсынды.

Отан алдында ант қабыл­да­ған сарбаздар алдағы уақытта Мем­лекеттік күзет қыз­ме­тінің Астана мен Алматы қала­ла­рын­дағы әскери бөлімдері бойынша таратылып, әскери мерзім ара­лығында жүктелген аса жауапты мін­деттерді атқаруға кірісетін болады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ