Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Ас беру. Дарақылыққа қашан тоқтау болады?

3842 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ деген халық дүниеден өткен ата-ана, тума-туыстарды ерекше құрмет тұтып, оларды әркез еске түсіріп отырамыз. Аруақтарды еске алып, олардың құрметіне ағайын, ілік-жұрағаттардың, дос-жарандардың басын қосып, ас беру ізгілікті іс деп саналады. Осы үрдіс соңғы жылдары бұрынғыдан да кең етек ала түсті.

Біз өзі қызық халықпыз, елік­тегіш, біреуден көргенімізді қай­талауға бейімбіз. Соңғы жыл­дары ел-жұртын жинап ару­ақтарды еске алу, құран ба­ғыш­­тау даңғылы әдетке айнал­ды. Кешегі нарық қыспағы ке­зінде де, заман түзелуге бет бұр­ған бүгіндері де сол дәстүр жал­ғасын табуда. «Біреу тойып се­кіреді, біреу тоңып секіреді» де­мекші, осы дәстүрді «қолы қыс­қалар» да жалғастырып ке­леді. Өмірден озған әке-ше­шесін, ағайын-тумаларын соң­ғы сапарға шығарып салу қа­зақ ара­сында той-думанға бер­гісіз дә­режеде өтеді десек, ар­тық айт­қан­дық болмас. «Өлім бар­дың ма­лын шашады, жоқтың артын аша­ды» деген мақал біраз жайдан хабар берсе керек.

Ана жылы аудан басында тұратын жолдасымыз дүние сал­ғанда Астанада тұратын та­бысы мол қызы матаның түр-тү­рін, жеміс-жидектің не­ше тү­­рін әкеліп, асты үйіп-тө­гіп, дас­­тарқанды жайнатып жі­бер­ге­­ніне куә болғанымыз бар. Сон­да бір байқағанымыз, қы­зы­ның жү­­зінен қайғының табынан гө­рі жай­нап тұрған дастарқанға де­­ген іштей мақтаныш сезімі аңға­рыл­ғандай болып еді.

«Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлім­ді жерде молда семіреді» де­ген мақал бар халқымызда. Мар­құмның жаназасын шы­ғару, ас үстінде оған құран ба­ғыш­тау кезінде молдекеңнің қал­­тасына біраз ақша түседі. Қай­­тыс болған кісіге құран оқыт­­қысы келетіндер қарасы көп­ болса, бірнеше кісінің қай­ыр садақасына бір құран ба­ғыш­­тағанды да көріп жүрміз. Бұлар қасында отырғанға келесі құранды сен оқы деуді де білмейді. Қып-қызыл ақшаны біреуге ұстата салсын ба?! Қостанайда тұратын соғыс ардагері Досқали ағамыздың жігіт болып қалған не­мересі қайтқанда, орталық ме­шітте иман болып жүретін Нұрмұхамед деген ұйғыр жігіті астан кейін марқұмға құран ба­ғыштады. Атасы мен әжесі, әке-шешесі, туыстары «құран оқыңыз» деп ақша ұсынғанда әлгі кісі алмады, біреудің ғана ақ­шасын алып дұға жасады. Бі­рін­ші рет ақшадан бас тартқан мол­даны көргенім. Көптеген мол­­далар, үлкені бар, жасы бар, ақша ұсынсаң құранды зу­ыл­дата­ды. Жиналған көптің ал­­дында діни уағыз, өлікті жө­нел­ту үрдістері туралы кеңес беруді білмейді. Бүгінде кім көп – молда көп, ішінде өздерін өздері мол­да деп атағандар да бар, құ­ран­ды келістіріп оқитын пы­сық­ай­лар сынақтан өтіп молда деген куә­лік алған.

Тағы бір мәселе туралы айтпай кетуге болмайды. Соңғы кез­дері аруақтарды еске алып, ас бе­руде бәсекелестік белең алып ба­рады. Аруақты еске алып, жақ­сы қасиеттерін тілге ти­ек етіп, еліне сіңірген еңбегін атап, мар­құмның жатқан жері жай­лы, то­пырағы торқа болсын деудің орнына, қайтқан адам­ды реті-ретсіз мақтап, жер-көк­ке сый­ғызбай шектен тыс дә­ріп­те­ген­де кірерге тесік та­ба алмай­сың. Ал осының бә­рі не­ме­неге керек? Ізгі тілек біл­дір­­гендердің тойдағы сияқ­ты бі­рінен бірі асып түскісі ке­ле­ті­нін де аңғару қиын емес.

Аудан басында тұратын, ша­руасы шағын, балалары тиіп-қашып жұмыс істейтін кейуана шалының қайтыс бол­ғанына 15 және 25 жыл толуы­на орай бір қауым жұрттың басын қосып ас беріп, құран бағыштады. Сон­да дейсің-ау, бұл кісіге кім шалыңды еске алып құран бағыш­та деді екен. Гәп мына­да болса керек. Өзі мықты кісі­лер күйеулерін еске алып, құран бағыштатып жатқанда, мұның үнсіз қалуы ыңғайсыз болып көрінеді. Міне, содан бұл да тыраштанып құдай жолын өткізеді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қа­ғи­даға шынымен сенетін ол аруақ­тардың желеп-жебейтініне үміт артады. Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген аталы сөз бар. Міне, осы сөзді зердеңде ұст­асақ ұтылмас едік. Амал не­шік, бұған ешкім мән беріп жат­қан жоқ. Шынында, біз дархан ха­лықпыз, алды-артымызды ой­ламай, тәуекел деп ойлаған шаруа­ны атқаруға белді бекем бай­лай­мыз. Осыдан ұтып жүрміз бе, әлде таяқ маңдайымызға тиіп жүр ме? Әй, ұтып жүргеніміз ша­малы-ау...

«Өлі разы болмай, тірі байым­айды» нақылы діни қыз­меткерлердің тұжырымы болса керек деген ой келеді. Қара халықты алдап-арбаудың тәсілі ретінде олардың сана-сезімін жаулап алғанға ұқсайды. Осы қағиданы ел-жұрттың санасына сіңіре отырып, бас пайдасын табуды мақсат еткен сияқты. Бұл сөздің баршаның санасын тұмшалағаны соншалық, оны тура ақиқат ретінде қабылдайды.

Марқұмды мәңгілік мекеніне жай­ғастырып келген соң бері­ле­тін ас-су жайлы айта кеткен де артық болмас. Дастарқан басындағы тағамдардан көзің сү­рінеді. Тәтті тағамдар, жеміс-жи­дектің неше түрі самсап тұр. Су­сынның да түр-түрі жетіп-артылады. Осының бәрі артық дүние. Кезінде баспасөз бетінде бұл туралы орынды мақалалар жарияланған да болатын. Сол әң­гіме аяқсыз қалды. Дін жолын­да жүргендер бұған тиісті мән бермеді. Кейбір жерде ас жеп болған соң құран бағыштап, жер­гілікті жұрт тарасып, сырттан келгендер ғана шай ішетін еді. Бүгінде өлік жөнелту де, оның «қырқы» мен «жылын» бе­ру де нағыз тойға айналып кет­ті. Мұндай дарақылықты аруақты сыйлау деп айтуға да ауыз бармайды. Орынсыз мақ­тан­шылықты тоқтататын кез келген сияқты.

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі