Бұған күні кеше Елбасының Орал қаласының жаңа алаңын өз көзімен көрген сәті де үлкен дәлел. Тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің мақтанышына айналған жаңа алаңда биіктігі 60 метрлік Көк байрағымыз аспанмен таласып тұр. Абыз ақын Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығы, сырты сары алтындай күмбезделген әдемі Салтанат сарайы, көп ұлтты халықтың екінші үйіне айналған Достық үйі, әлемге аттары мәшһүр қаламгерлердің кітаптарынан жасалған ескерткіш бәрі-бәрі Батыс Қазақстанның рухына серпін сыйлап тұр. Негізі бұл жаңа алаң осыдан екі жыл бұрын мөлдіреген саф ауасымен, субұрқақтарымен халықтың демалатын, серуендейтін орнына айналған болатын. Жалпы аумағы 7,0222 шаршы метрлік жаңа алаңда зиялы қауыммен, Ассамблея мүшелерімен жүздескен Елбасы соңғы екі жылда өлкенің өндірісімен қоса рухы да айтарлықтай дамып, жаңғырып кеткенін көріп, оң баға берді. Әсіресе Ассамблея үйіне алыстан көз тоқтатып, жылы жүзбен қараған Қазақстан Президенті мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың дами түскеніне тоқталды. Мінекей, Елбасының батасына бөленген Ақжайық атырабы биік ғимараттарын, тамаша ескерткіштерін орнатып, жасыл шыршасымен, көкорай алқабымен көріктенеді әлі.
Сөзімізге тұздық болардай, күні кеше Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» халықаралық ғылыми экспедиция мәресіне жетті. Үш мың шақырым жол жүріп, күйші атамыздың рухына батысқазақстандықтар атынан тәу етіп қайтқан экспедицияның бұл жолғы сапары да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Иә, бабалар аманатын бұлжытпай орындап келе жатқан киелі де қасиетті мекен Ақжайық атырабында Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласына орай жарқын істер жүзеге асып, Мәңгілік елдің бүгіні мен ертеңі үшін игілікті жұмыстарға кеңінен жол ашылды. «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі өзімізді қадірлей білу» деген екен ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы. Бұған қоса, «Қазақтың Қадыры» атанған Қадыр Мырза Әлі «Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің» депті. Қашанда арнасынан асау толқындары асып-төгілген, самал желі жүзіңді өпкен, сылқымдай сұлу Жайығымда ата-бабалардың салып кеткен сара жолымен тарихымыз қатталып, даналар ойы мен сөзі ел жүрегінде жатталуда. Елбасымыз айтқандай, біз Мәңгілік елімізге салт-дәстүрімізді, ұлттық рухымызды жаңғыртып бара жатырмыз. Біз, Мәңгілік елдің төріне ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған рухтың дәнін егіп, жайқалған бидайының жемісін жеп, жүзімін теруге асығудамыз. Батыр Махамбет, жаңашыл Жәңгірхан мен Жаһаншадай тұлғаларға бай, бұған қоса Тайыр, Жұбан, Қадыр, Қайрат, Ақұштап сынды сұңғыла ақын-жыршылардың ормандай ойларынан ақыл мен парасат түйген, Құрманғазы мен Дина, Сейтек, Дәулеткерейдей күмбірлеген күйшілердің өнерінен нәр алып, жалғастырған ізбасар толқындары, жеткіншектері Жайықтың алтын бесігін әлдилеп, тербете бермек. Кешегі сал Мұхит пен Ғарифолланың жырлары жаңғырып, әндері шырқала түспек.
Кім-кімнің де санасын сілкіп, рухын оятқан айтулы мақала шеңберінде шырайлы өңірде шұғылалы сәттер, жұлдыздай жарқын жақсылықтар еш толастамайды. Үнемі халқымен үндесіп, кездесіп, қауырт қызметіне қарамастан орайын тауып дидарласып отыратын Батыс Қазақстан облысының әкімі, жас та болса іскер, жігерлі басшымыз Алтай Көлгінов алқалы жиын сайын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтеді. Айталық, «Рухани жаңғыру» аясында 2017 жылы жалпы саны 250 мыңнан аса адамды қамтыған 150-ге жуық шара өтсе, бұл дөңгелек санды ғана меңземейді, адам санасының рухани тұрғыдан жаңғырып жатқанын көксейді. Сондықтан Жайық жұртшылығы да Елбасының маңызды мақаласында айтылған бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, XXI ғасырда ауадай қажет сапалы білім беру, үштілділікті дамыту, цифрлық сауаттылық сияқты басымдықтарды орындауға асығады. Мәселен, облыс бюджетінің 45 пайыздан астамы білім саласын дамытуға бағытталса, өткен жылы 24 жаңа білім беру нысаны ашылып, 17-сі жөнделді. Сан мыңдаған шәкірт есігін айқара ашып, білім алуға құштар болған, тұлпардай шабысы бөлек білімнің «сәйгүліктері» бас қосқан Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен меморандум негізінде мұғалімдердің, мектеп директорларының біліктілігі артып отыр. Биылғы оқу жылын Елбасы есімін еншілеген мектеп мықты табыстармен тәмамдады. Алтын ұядан биыл ұшатын 85 түлектің 6-уы «Алтын белгіге», 26-сы ерекше аттестатқа үміткер. Жаңартылған бағдарлама 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілген. Облыстың 250 мектебі заманауи робот-техника кабинетімен жасақталған. Сонымен қатар өңірімізде IT-мектебін ашу болашақтың еншісінде тұр.
Облыс мектептері Bilim Land цифрлы білім беру платформасының ресурс-
тарын белсенді пайдалану үстінде. Бұл платформа мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 мыңға жуық қолданушы үшін интерактивті сабаққа мүмкіндік туғызады. Облыстың 400-ге жуық мектебінің 330-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. 2018-2020 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, 443 елді мекеннің 100-ден астамын ғаламтор желісіне қосуды облыс әкімдігі жоспарға енгізіп, бекітті. Қазір облыстың 300-ге жуық елді мекенінде интернет жұмыс істейді. Мұнымен шектелмей, 220 шағын жабдықталған білім ошақтары Bilimbook компьютерлік құрылғыларымен қамтамасыз етілмек.
Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында айтылғандай, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Оралда нақты шешім қабылданды. Бұйыртса, жатақханаға зәру студенттер үшін жеті ғимарат салынбақ. Барлығы 800 орындық үш жатақхана студенттерге, 120 орындық ұстаздарға және екі жатақхананың құрылысы биыл басталады. Сондай-ақ Ақжайық өңірінің инновациялық тұрғыдан дамудың тірегі болатындай қабілеті мен әлеуеті өте зор. Дуалды оқыту принципін облыста 26 колледж қолға алып, бұған 78 ірі кәсіпорын, зауыттар қатысты. Бәсекеге қабілетті Орал трансформатор зауытында 250 адам үш ауысымда еңбек етсе, мұндағы 100-ге жуық маман Жайықтағы оқу орындарының түлектері.
Енді міне, төрімізде тұрған бұл жылдың да бес жұлдыздай бес айы «Рухани жаңғыру» аясында ауқымды игі істерді атқарып тастады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2018 жылдың 1 тоқсанында шаралар тізімі бойынша 74 шараға 23873 адам қамтылды. Осы жылдың басынан күні бүгінге дейін өткен 124 шарада 34 000 қатысушы басқосты. Бір ғана «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 11 шара өткен.
Мемлекетіміздің жетістіктері мен Ақжайық өлкесінің тарихын бейнелейтін 500-ден астам экспонат жасақталған «Рухани жаңғыру» музейі былтыр тәуелсіздік мейрамы күні ашылған еді. Музей ХІХ ғасырдың соңында 1893 жылы мавритандық стильде арнайы жобамен салынған ғимаратта орналасқан. Мұнда «Өңірдің киелі жерлері» деп аталатын зал экспозициясы бар. Онда «Сакралды Қазақстан» атты карта айнадай жарқырап тұр. Осы картаның беттерінен облысымыздан енген алты нысанның сыры, жай-күйі жайлы мол мағлұмат шертіледі. Жайық қаласын бүгінгі Орал қаласының ізашары деп бағалап отырған ғалымдар алдағы уақытта көне қала аумағы ашық аспан астындағы мұражайға айналады дейді. Жалпы, БҚО тарихи-өлкетану музейінің құрамында 13 бөлімше бар. Осылардың ішінде Бөкей орда тарихи музейінің, Сырым ауданы орталығындағы Алашорда музейінің орны бір төбе.
Елбасымыз «Рухани жаңғыру» атты мақаласында «жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс» деп атап көрсеткен еді. «Туған жер» жобасына тек жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттар ғана емес, туған ауылының тағдырына бейжай қарамайтын жерлестеріміз белсенді атсалысуда. Маңызды бағдарламаға 2017 жылы меценаттар қаржысы есебінен 2,5 млрд теңге жұмсалып, 60 жоба жүзеге асырылғанын мақтанышпен жеткізгім келеді. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан (балабақша, спорт кешендері, медициналық амбулаториялар), 5 мәдениет нысаны (ескерткіштер, музейлер) салынды және жөндеуден өткізілді. 24 нысанды абаттандыру (кіші сәулет формалары, саябақ, тынымбақтар) жұмыстары атқарылды. 21 нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Биыл да осы жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асуда. 2018 жылдың жоспары бойынша жол картасына 174 шара енгізіліп отыр. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында – 73 шара, «Рухани қазына» бойынша – 77 шара, «Атамекен» бағдарламасы шеңберінде 24 шара жалғасын тауып келеді.
«Елде болса ерінге тиеді» демекші, елі-жері дегенде жаны елжіреп тұратын азаматтар Ақ Жайық атырабында көп-ақ. Солардың арасында танымал кәсіпкерлер М.Кенжеғұлов, В.Власов, Б.Нұрбаев, М.Манкеев, В.Михно, Ю.Ткалун, А.Рубцов, В.Крыловтар бар. Бұл есімдерді жалғастыра беруге болады. Мәселен, өзінің туған жері Қазталов ауданының Сарықұдық ауылына елгезек азамат Нұрлыбай Жолдыбаев дәрігерлік амбулатория салып, ардагерлер ескерткішін жаңғыртты.
Осы жылдың алғашқы айларында «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағыты бойынша меценаттардың көмегімен 11 920 000 теңге қаражатқа 7 жоба жүзеге асты. Біздің Ақжайықтың суы да, жапырағы жайқалған жасыл орманы да, топырағы да құнарлы, қасиетті әрі киелі. «Қасиетті орындар» тізімінің көшін бастаған «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешеніне шалғайлардан, алыс аймақтардан, көршілес Ресейден келіп жатқан туристер тым көп. Яғни 600 шақырым қашықтықта орналасқан кешенде туризмді дамыту мақсатында Алтай Сейдірұлының ықпалымен Бөкейорда ауданының Сайқын ауылында тікұшақ қонатын әуе айлағы қайтадан қалпына келтірілмек. Бұл сүйінші хабарға қоса, кеше облысқа келген сапарында Елбасы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына 300 шақырым жол салуды арнайы Үкіметке тапсырды. Көптің тілегі қабыл болары сөзсіз.
Иә, «Адам ерлігінің ең зор сынағы – жеңіліске ұшырағанда рухы түспеу» деген екен Роберт Ингерсолл. «Адам рухы айналасынан бөлек жасай алмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Мінекей, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өңірде атқарылған ұшан-теңіз жұмыстар Жайығымен бірге жалғасып, ел санасын сілкіп, ұлт рухын жаңғырта бермек.
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
жазушы
Орал