Фестивальдің мақсаты – мұражайлар мен ғылыми орталықтардың арасында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау бо-
йынша байланысты жандандыру. Осы шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы, Қызылордадағы Қорқыт ата мемориалдық мұражайы, Отырар қорық мұражайы, сонымен қатар, Қарағанды облысының аудан-қалаларындағы мұражайлар қатысты.
Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының қорында қазіргі уақытта 50 мыңнан астам жәдігер бар. Соның он пайыздан астамы тарихи құндылығы аса жоғары, сирек кездесетін, бірегей дүниелер.
Фестивальдің ашылу салтанатынан кейін «Тарихта атыңды қалдыр» атты акцияға кезек берілді. Осы акция арқылы мұражай қоры 276 жаңа жәдігермен толықты. Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты басқарушы комитеттің төрағасы Әлихан Бәйменов Жезқазған мұражайына Фирдоусидің «Шахнама» дастанының қолжазба күйіндегі түпнұсқасын тарту етті.
Фестивальға қатысушылар мен қонақтар ағаш көшеттерін отырғызды. Ашық аспан аясында «Жезқазған – шеберлер қаласы» атты жәрмеңке-көрме өтті. Көрмеге жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары мен этномәдени бірлестіктердің жұмыстары қойылған.
Жиылған қауымды өңір тарихымен тереңірек таныстыру үшін мұражайда және Жезқазғаннан 85 шақырым жердегі Теректі әулие кешеніне экскурсиялар ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы мұражайлардың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі заң департаментінің директоры Күміс Сейітова, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Жамаладдин Ибрагимов, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Phd-докторанты Арман Әубәкір және басқа да ғалымдар қатысты.
Фестивальға қатысушы мұражайлардың өкілдері «Көкжиегі кемел мұражай» байқауында да белсенділік танытты. Өз жұмыстарын ортаға салып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Фестиваль қорытындысында осы шараға атсалысқан мұражайлардың барлығы арнайы дипломдармен, 140 мың теңгенің ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы