Дамыған, өркениеті өскен елдерде мұражай мемлекеттің аса бағалы құндылықтарының бірі болып есептеледі. Сондықтан да мемлекеттік билік мұражай ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бір ғана тұлғаға арналған мұражайдың өзі сол ұлттың мәдениеті, әдебиеті, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-санасына барлау жасап, мағлұмат алуыңызға толық мүмкіндік береді.
Алматы сияқты алпыс жылдан аса астана болған мегаполисін былай қойғанда, қазір Қазақстанның кез келген облыс, тіпті кейбір аудан орталықтарында да мұражай үйлері бар. Солардың ішінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының орны ерекше. Сәкен мұражайына жылдың қай мезгілінде келсеңіз кісі үзілмейді. Ал айтулы күндері «құс базарының» үстінен түскендейсіз. Мұражай кешегі күннің көрінісіндей ғана көрінгенмен, егеменді ел ертеңін баптап, баулуға қосар үлесі мол.
Осыдан отыз жыл бұрын саусақпен санарлық қана экспонатпен ашылған Сәкен музейі, бүгінгі күні жеті мыңға жуық экспонаттар әлеміне айналып отыр. Ол – мұражай қызметкерлерінің (Сәкеннің қыздарының – Тұрсекеңнің – Тұрсынбек Кәкішевтің сөзі – К.А.) мыңдаған шақырым жүрген жолы, жүздеген кісілермен жүздесуі, сан мың сауалға жауап іздеп сабылуы, күлкісіз күн мен ұйқысыз түннің тәтті жемісі.
Сәкен мұражайының ашылу тарихы сөз болғанда көп жағдайда 1985 жылдан бастаймыз. Себебі бұл – Целиноград облыстық ескерткіштер қорғау қоғамының төрағасы болған Молдахмет Досаев деген азаматтың облыстық партия комитетіне арнайы хат жазып, Сәкен мұражайын ашу жөнінде мәселе көтерген кезі. Ал шындығына келгенде мұражайын ашу Сәкен ақталған бойда-ақ арнайы сөз болған. Бұл 1957 жыл болатын. Алғаш мұражай мәселесін көтеріп, «басын тауға да, тасқа да ұрған» адам – Гүлбаһрам Батырбекқызы. Сәкеннің – жары.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А.Қонаевқа: «Теперь, когда Сакен реабилитирован и мне как единственной наследнице выдают гонорар от переиздания его литературных трудов, я решила использовать эти средства для увековечивания его памяти.
Полагая, что прошлая революционная деятельность Сакена Сейфуллина и его литературное наследие представляет определенный интерес для народа. Думаю на месте старого дома, в котором жил и трудился в последние годы Сакен, построит новое здание и превратить его в дом-музей, если на то будет разрешение» – деген Сәкеннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызының ел-жұрт қуанарлық іс-әрекетін үкімет те, жақын-жуық та қолдамаған.
Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевтің деректерінде Гүлбаһрам Батырбекқызы: «Яковлевке, Қонаевқа, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ж.Тәшеновке, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы А.Арыстанбековке, идеология жөніндегі хатшы Н.Жанділдинге жазылған хат-өтініштердің бәрінде де тұтқындаған кезде алған көп дүниелерді музей жиһазы ету үшін қайтару, көптомдық шығармалар жинағын шығару жөнінде сүбелі-сүбелі ұсыныстар жасап, көзі тірісінде аты аңызға айналған ардагер азаматының мейірманды қазақ халқының мақтанышы болғанын тағы да көргісі келіп еді», – дегенінен Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылу идеясының тарихы әріде екенін көреміз.
Сәкеннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызының ойлаған ойы іске асып, Сәкен музейі дер кезінде ашылғанда, Сәкен тұтынған заттардың қатары бүгінгіден де әлдеқайда мол болар еді. Бұл – бір. Екіншіден музейдің алпыс жылдық тарихы тек көзді емес көңілді еселеп қуантатын ізденістері қомақты, ғылыми зерттеулері бай болар еді. Өкінішке қарай, тауы әбден шағылған Гүлбаһрам Батырбекқызы Сәкеннің сенімді серігі Қаскей Өтекинге жазған (07.09.1959) хатында: «Музей туралы бастықтар басында дұрыстап мәселе көтеріп еді... Сонымен мен де тоқтап тұрмын. Ешқайсысына бармаймын, түбінде істелетін нәрсе ғой», – дегенінде алғашқы қуанышты даурықпа тұсында берілген уәделерге сеніп, уақыт өте келе үкіметтік деңгейдегі салқынқандылықты түсінген тұста саясаттың «тоңын» жібіте алмайтынына көзі жеткендей... Бірақ Сәкен музейінің түбінде ашылатындығына күмәнсіз.
Сәкен музейі ашылуының отыз жылға созылған трагедиясын 1988 жылғы 21 қаңтарда одақтық Мемлекеттік жоспарлау комитеті, Қаржы министрлігі, Мәдениет министрлігімен келістіре отырып бір бұйрықпен шешіп берген, сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни Сәкеннің айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай түскені осы күннен басталады. Болашақ елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бабалар философиясын жаңғыртты.
Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болып сайланғаннан кейін де Сәкен мұражайына арнайы атбасын бұрып, қолтаңбасын қалдырып, ескерткішіне тағзым етті. Елбасының Сәкен Сейфуллинге көзқарасындағы оң қабағының қазақ халқына жылы леп әкелгенін үлкен құрметпен айтуымыз керек.
Елбасының Сәкенге қатысты тағы бір әділетті шешімі – мұражай орамында орналасқан кітапхананы көшіргендер мұражайды да ығыстырмақ болғанда, сәкентанушы, қазақтың көрнекті ғалымы Тұрсынбек Кәкішевтің Президент атына жолдаған жеделхатына дер кезінде құлақ асып, көмек қолын созғандығы. Сөйтіп, музей өз орнын сақтап қалды.
Бүгінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейі – еліміздегі елеулі музейлердің бірі. Оның себебі музейдің елордада орналасқандығында ғана емес, отыз жылдық ғұмырындағы үздіксіз еңбекте болса керек. Еңбектенуші музей қызметкерлері болғанмен, қызу жұмысқа қызықты тақырыптардың өзегі Сәкеннің қазаққа сіңірген еңбегінде.
Сәкен – ақын, жазушы ретінде әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып қана қоймай, қазақ әдебиетінің тарихын да түгендеуге атсалысқан тұлға. Оның үстіне күнделікті тез ойлап, тез тұжырым жасап, жедел жазуды талап ететін мерзімді басылымдардан «ат-тонын ала қашпай», қайта тығыз байланыста болуы қазаққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі еді. Тарихы терең қазақ ұлты «қырғыз» деп аталып жүргенде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп жарияға жар салған намысты ұлдың батыл қадамын ХХ ғасырдың басындағы қай қазақ қайталай алды?
Қазаққа қазақ атын қайтарған Сәкендей ұлы тұлғаға қазақтың әрбірі тағзым етуге лайық емес пе?!.
Бүгінгі күні көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы басқарып отырған мұражай қызу еңбек үстінде. Жыл аралатпай кітап шығарады, Сәкеннің жазған еңбектерін ғылыми кеңеске салып, зерттелуін, ғылыми айналымға түсуін қадағалайды. Астана басындағы игі жақсы мен жайсаңның басын қосып, Сәкен бастаған істі әруақытта қызу талқылап, сәкентану ғылымын бір уақыт та дамылдатпайды. Оның нақты дәлелі – «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесіне текстологиялық талдау жасалып, «Сырсандық» сериясының ІІІ томы болып жарық көруі. Сәкенге қатысты шаралар күн сайын еселей түсуде. Бүгінгі күні Елбасының арнайы тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыруды» Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сәкен Сейфуллин мұражайына қатысты 1988 жылы-ақ бастап берген. Президенттің сол бастамасы үздіксіз жұмыс үстінде. Содан бергі мұражайдың отыз жылының әрбір күні Сәкен төңірегіндегі іс-шаралармен өріліп отыр.
Күләш АХМЕТОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы