Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Олжас Сүлейменов студенттермен кездесті

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Олжас Сүлейменовтің шынайы да шымыр шығармалары әлемдік әдебиетте үлкен құбылыс ретінде жоғары бағаланып, мағынасы терең,  рухы биік өлең-жырлары бірнеше буынды тәрбиелеп келеді. Олжас Омарұлының гуманист ақын ретінде «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысына басшылық жасаған қызметі де жұртшылыққа жақсы мәлім. Ақынның әр кездегі қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты, бейбітшілік пен достықты қадірлеуге үндейтін ой-пікірлері баршамыз үшін өте құнды.

Олжас Сүлейменов студенттермен кездесті

Тәрбие жұмысының тиімді­лігін арт­­тыру мақсатында Қазақ ұлттық аг­рарлық универси­тетінде 2004 жылдан бері Ол­жас Сүлейменов атындағы «Әлеумет­тік-гуманитарлық білім бе­ру және тәрбие институты» жұмыс іс­теуде. Ақын осында оқитын студенттермен жиі кездесіп, түрлі мәдени-көп­шілік, спорттық ша­раларға да жиі қатысып тұ­рады. Осындай кездесулер ба­ры­сында көрнекті қайраткер әдебиет пен мәдениет, ұлттық патриотизм мен бейбітшілік мәселесі, еліміздің эко­логиялық проблемалары және жо­ғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдау­лары­мен пікір алмасады.

Биыл да Олжас Омарұлы ту­ған күні қарсаңында өзінің аты­­мен аталатын инс­титутқа келіп, университеттегі әр ұлт­тың жастарынан құралған студенттік  «Дос­тық» ассамблеясы мүше­лерімен кез­десіп, руханият тақы­рыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Өнерлі жастар Ол­же­кеңнің өлеңдерін әр ұлттың тіЛінде оқып, шығармаларынан ком­позициялық көріністер ұсы­нып, көрнекті ақынның батасын ал­ды.

Шығармашылық кездесуден кейін университеттің Спорт кешенінде «Олжас Сүлей­менов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар ара­сында дәс­түрлі ХII Халықаралық турнир тартысты өтті. Турнирді ұйым­дастырушы – университет ректоры, академик Тілектес Ес­полов.

Олжекеңнің қол добы – волейбол ойы­нына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын сту­денттер арасында саламатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ар­дагер­лердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәс­түр­ге айналған. 

Биылғы турнирге Ресей, Өз­бек­стан, Қырғызстан елдері коман­даларымен қа­­тар, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қа­­­ра­ғанды, Семей, Қызылорда қала­ла­рының және Қазақ ұлттық аг­рар­лық уни­верситетінің 2 ардагер волейболшылар командалары қатысуда. Қалыптасқан дәстүрді бұзбай, ақсақалдық жасына қа­ра­мастан бұл жарыстарға  Олжекеңнің өзі де қатысты.

Үш күнге жоспарланған тур­нир­дің қо­­рытындысы бойынша Олжас Омар­ұл­ы ойнайтын Қазақ ұлттық аграр­лық уни­верситетінің командасы бас жүл­дені ол­жалады. Жамбыл облысы­нан келген «Ар­дагер» екінші орын алса, талды­қор­ғандық «Жетісу» үшінші сатыға тұ­рақ­тады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ