Әдебиет • 29 Мамыр, 2018

Мархабай Ааматовтың Қантөре Тоқтомаматов жайлы «Өмір өрнегі» атты кітабын оқығанда туған ой

745 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмір – Алла тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, қатал сыны да, бұрылысы мен бұралаңы көп, күрмеуі қатты өмірдің тар жол тайғақ кешуінде қиналсаң да сыр бермеу, майыссаң да сынбау шарт. 

Мархабай Ааматовтың Қантөре Тоқтомаматов жайлы «Өмір өрнегі» атты кітабын оқығанда туған ой

Бұл айтуға оңай болғанмен қиынның қиыны. Алты атаның өзіне де ауыр мұндай жүкті ар алдында өзін дар алдында тұр­ғандай сезінетін жаны таңғы шық­тай таза, еменнің безіндей берік, аса қайсар, асқан қайратты Азамат қана көтере алады. Бауырлас Қырғызстанның шоң ақыны, Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, «Шы­ғармашылық жетістіктері үшін» сыйлығының иегері, Қыр­ғызстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Мархабай Ааматов түзген «Өмір өрнегі» атты кө­ле­мімен ғана емес, көтерген жү­гімен де, көркемдігімен де аса салмақты кітабын оқығанда арманы биік асыл ер, қырғыз бен қазаққа ортақ перзент Қан­төре Тоқтомаматовтың жар­қын бейнесі көз алдыңа ке­леді. Жақсының жарығы қазақ ғылы­мына да түскен, содан да ол Қазақ­стан Рес­публикасының аймақтық Менедж­мент академиясының академигі болып сай­ланған.

Еңбек жолын Жалал-Абад қаржы басқармасында бас инспектор болып бастаған Қан­төренің алдында биліктің биік бас­палдағымен өрлейтін жол бар еді, алайда ол билікке емес, білімге арнады өзінің саналы өмірін. Өзі оқыған Жалал-Абад университетінде еңбек жо­лын қатардағы ұстаз болып бастаған Қантөре 1979 жы­лы­ Ленинград қаласындағы В.А.Вознесенский атын­дағы «Экономика» институтында ғы­лыми еңбегін сәтті қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты деген ғы­лыми атақ алды.

«Көп еңбек еткенге бақыт ба­сын иеді» депті Леонардо да Винчи. Сол сөздің айқын бір айғағы – Қантөре көп ұзамай док­торлық диссертациясын да үлкен жеңіспен қорғап шықты. «Өмір ойын да, ермек те емес, өмір ауыр еңбек» (И.С. Тургенев) еке­нін өз өмірімен дәлелдеген Қан­төре көрген қиындық та аз емес. Сондай сындарлы сәттерде Қан­төре Уинстон Черчиллдің «Пес­симист видит трудности при каж­дой возможности, оптимист в каждой трудности видит возможности» деген сөзіне сүйенеді. Қиындық деген – қайрақ, оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты жанысаң жетіледі. Та­би­ғатында қайсар, күрескер Қан­төре қиындықта кетілмеді, же­тілді. Өзі оқыған Жалал-Абад уни­верситетіне ректор болып тағайындалған алғашқы қиын жылдарда Қырғызстанда бірінші болып сырттан инвестиция тартты.

Көнеден бүгінге жеткен, әр­кез ес­кере жүрер бір есті сөз бар: «Өмір ұзақ­тығымен емес, мазмұнымен өлше­не­ді» (Сенека). Ертеден егіз ел – қыр­ғыз бен қа­заққа ортақ перзент Қан­төре Тоқтомаматовтың еңбек пен кү­­­реске толы өнегелі өмірі соның ай­қын бір дәлелі. Оның саналы өмірін «Өмір өрнегі» атты кітабында кемел ой, кестелі тіл­мен келісті кестелеген Марха­бай Ааматовтың еңбегі қай ма­дақ, қандай құрметке де әбден лайық!

Қайырымдылықтан асқан

қасиет жоқ.

Біле білсең шапағаты барларың,

Сүйген құлы боларың һақ

Алланың, –

деп жазылған Құранның 3-­сүре, 14 аятында. Қантөре Тоқ­то­­маматовтың өзге де жақ­сы қасиеттерімен бірге аса қайы­рымды болғанын да Мархабай Аа­матовтың «Өмір өрнегінен» оқып білдік.

Профессор, академик Қантөре Тоқ­томаматов Қырғызстан ғы­лы­мын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, Жалал-Абад универ­ситетін әлемдік биік дең­гейге көтерген, Жоғорғу Кенешке депутат болған көрнекті қоғам және мем­лекет қайраткері. Сол еңбегі еске­ріліп, қайтыс болған­нан кейін, 70 жас­қа толған мерей­тойына орай өзі көп жыл рек­тор болған Жалал-Абад уни­вер­ситетіне Қырғызстан пре­зидентінің Жарлығымен Қантөре Тоқтомаматов есімі берілді.

«Өмір өрнегі» атты кітаптың сәтті шығуының бірнеше себебі бар. Осы аса салмақты, салиқалы еңбектің авторы Мархабай Аама­тов – сан қырлы талант.

Ол көрнекті ақын ғана емес, ке­ре­мет, керім көсемсөзші. Жа­уап­кершілік жүгін жақсы се­зін­ген ол «Құм ішінен алтын», шөмеле шөптен ине іздеген­дей күндіз-түні тыным таппай аса көп ізденген. Қантөре жүр­ген жолдармен жүріп өт­кен, оны білетін адамдармен әң­гі­мелескен, архивтерді парақ­та­ған, өз кейіпкерімен кездескен, сыр­ласқан, сірә да естен кетпейтін сәу­лелі сәттерін тебірене еске алып, жазу үстелінде да­уыл күнгі теңіздей толқыған, тебіренген ав­тордың тағы бір тапқырлығы – кемел ой, кестелі тілімен өрілген ең­бегін Қантөре Тоқтомаматов жай­лы еңбегін оны жақсы білетін за­мандастарының, бірге жұмыс істеген әріптестерінің, ті­легі, жү­регі бір туыстарының әсер­лі естеліктерімен шебер көмкерген.

Кітаптағы сан алуан сурет-фо­толар да Қантөре сынды сымбаты бөлек, сыры терең, тұғыры бө­лек тұлғаның бекзат бейнесін жар­қырап шыққан күндей аша түскен. Терең теңіз тартылмайды, терең білім сарқылмайды. Қан­­­­төренің өнегелі өмірі соған ай­қын айғақ.

Кітап авторы Мархабай Аама­тов талант қой. Табиғи талант пен жанкешті еңбектің жемісі бұл кітап.

Мархабай Қантөре Тоқто­ма­матов­тың жан дүниесін ашар кілтті дөп басып, дәл тапқан. Ол кілт – кейіпкер рухымен сырласу!

Сол сыр сандықты сіз де ашып қараңыз. Өкінбейсіз!

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері

АЛМАТЫ