Ерке Ертіс жағасындағы кемі мың жылдық тарихы бар, көне де қасиетті Семей мұражайдан кенде емес. Әрі- беріден соң еліміз бойынша алғашқы тарихи- өлкетану мұражайы 1883 жылы осында ашылған.
Ерке Ертіс жағасындағы кемі мың жылдық тарихы бар, көне де қасиетті Семей мұражайдан кенде емес. Әрі- беріден соң еліміз бойынша алғашқы тарихи- өлкетану мұражайы 1883 жылы осында ашылған. Қырда жатқан хакім Абай оның ашылуына мұрындық болумен бірге, одан кейінгі жұмысына да қызу атсалысып, аяғына енді тұра бастаған мұражайға өз қолымен халқымыздың асыл мұралары болып табылатын алпыстан астам дүниелік өткізген.
Ал енді мына қызықты қараңыз. Яғни, содан жүз жылдан енді асқанда, нақтылап айтсақ 1985 жылдың желтоқсан айында жоғарыда аталған тарихи- өлкетану мұражайы жанынан ғылыми көркемөнер бөлімі ресми түрде ашылады. Соған орай, “Қазақстан бейнелеу өнері” деген тақырыппен көрме ұйымдастырылады. Сонда осы көрмеге қойылған еліміздің ең таңдаулы деген суретшілерінің туындыларына семейлік өнер жанашырлары ерекше қызығушылық танытқаны да рас.
Алайда, бөлім қызметкерлері тек сонымен қанағат тұтып, қол қусырып отыра беруді жөн көрмеген. Сөйтіп, бұлардың сол кездегі одақ бойынша тынымсыз ізденістері нәтижесінде бөлім қоры біртіндеп арта түскен. Енді бұлар Мәскеуде тұратын белгілі коллекционер Юлий Владимирович Невзоровқа шығуды ойластыра бастаған. Ең алдымен оған шағын мұражайдың басшысы Татьяна Александровнаның атынан өтініш хат жолданады. Ал оған белгілі коллекционер елп ете қоймаған соң, енді оның атына сол кездегі қала басшысы мен облыстық мәдениет басқармасы бастығының атынан екі бірдей хат және жөнелтіледі.
Осы орайда, оқырманға әлімсақтан өнер жанашырлары болып табылатын Невзоровтар әулеті туралы анықтама бере кеткеніміз жөн болар. Юлий Владимировичтің жиен атасы Петр Иванович Невзоров Санкт-Петербург Императорлық көркемөнер академиясын 1852 жылы бітірген. Ал 1858 жылы академик атанады. Оның жұмыстары бүгінде Ресей мемлекеттік Третьяков галереясында, басқа да мұражайларда сақтаулы тұр. Ал мұның өз әкесі Владимир Игнатьевич Невзоров болса, саяси көзқарасы үшін 1910 жылы Иркутскіге жер аударылған. Кейіннен Мәскеуде Ішкі сауда халық комиссариатында басқарма бастығы болып қызмет істеген. Юлий Владимирович 1913 жылы сол Иркутскіде өмірге келген. Мамандығы жөнінен инженер-құрылысшы. Ал Көкшетау жерінде өмірге келген оның жұбайы Антонина Михайловна заманында Сібір жағында бір ауданның тізгінін қолында ұстаған, соңынан Иркутск облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет істеген. Екеуінің қыздары Юлия Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, өнертанушы. Яғни, ол да өнердің маңында.
Сондай текті әулет бастапқыда бір қиырдағы семейліктерге сене қоймағаны да шындық. Соған орай, бұлардың оншақты хаттары жауапсыз қалған. Бірақ, өнер десе ішкен асын жерге қоятын семейліктер алдыға қойған мақсаттарына жетпей, еш тыным таппайды. Ақыр соңы өз коллекциясын көрмеге қоюды ұната бермейтін Юлий Владимирович 1987 жылы Семейге үш жүз сурет алып келеді. Көрме бірден зор ұйымшылдықпен және соған орай көрермен тарапынан ерекше ынтамен өткізіле бастайды. Коллекция иесі Мәскеуге қайтып кетіп, біраз уақыттан кейін оралса, семейліктердің көрмеге деген қызығушылығы артпаса, бәсеңсімегенін көреді.
Сонсоң ешкімнің үгіттеп, өтініш білдіруінсіз-ақ әлгі үш жүз суреттің 125-ін енді қалыптаса бастаған болашақ мұражайға сыйға тартуды жөн санайды. Алайда, ойлана келгенде алып қайтатын суреттер мен сыйға тастап кететін суреттердің арасалмағы керісінше азая түседі. Ақыр соңында ол тек екі суретін ғана алып, басқасын басы бүтін Семейдің көркемөнер бөліміне табыстайды. Қазірде мұнда Невзоровтар отбасы сыйлаған өнер туындыларының жалпы саны – 569 болса, ал оның 177-сі кескіндеме жұмыстары болып табылады.
Юлий Владимирович алғашқы картинасына 17 жасында қол жеткізген екен. Содан кейін- ақ сурет жинау оның ең сүйікті кәсібіне айналған. Кейінде өнертапқыштығы үшін қаламақыны аз алмапты. Бірақ соның бәрін дерлік осындай игілікті іске жұмсап отырған. Солардың ішінде Щедрин, Лебедев, Брюллов, Шишкин сынды атақты қылқалам шеберлерінің өлмес, өшпес туындылары бар.
Жоғарыда Невзоровтардың алғашқы суреттерін Семейге 1987 жылы алып келіп, оны түгелдей дерлік осындағы көркемөнер бөліміне табыстағанын айттық. Ал осыдан соң келер 1988 жылы аталған бөлім сол кездегі республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойған қаулысы негізінде бейнелеу өнері мұражайы деген мәртебеге ие болса, 1991 жылдан ресми түрде Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы деп аталған. Арада төрт жылдан соң, нақтылап айтсақ 1995 жылы Ю.В.Невзоров Қазақстан мәдениетін дамытудағы ерекше үлесі үшін Елбасы Жарлығымен “Парасат” орденімен марапатталған. Мұның сыртында оның осы жылдар аралығында “Семей қаласының құрметті азаматы” атанғанын да айта кеткеніміз жөн болар.
Айтты айтпады, содан бергі жерде мұражай өзгеріс, жаңалықтан кенде емес. Мәселен, ол осыдан оншақты жыл бұрын ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында бірінші гильдиялы көпес Федор Степанов тұрғызған тарихи ғимаратқа келіп жайғасты. Алғашқы күннен бастап мұражай қор жинақтаумен жүйелі түрде айналысып келеді. Соның нәтижесінде мұражай қорына Мәскеу, Санкт-Петербург және Алматыдағы жеке коллекциялардан әлсін әлі орыс, қазақ және шетел өнер туындылары келіп түсуде. Мұражайдың жинақтау қызметінде, әсіресе Қазақстан бейнелеу өнерінің коллекциясы ерекше орын алады. Мұндағылар еліміздің жетекші суретшілері және өнертанушыларымен тығыз байланыста. Соның нәтижесі болар, бүгінде мұражай қорында барлығы 3600 өнер туындысы болса, соның бір мың экспонаты өзіміздің төл туындыларымыз.
Мұражай басшысы дағдарысты жағдайға қарамастан сонау бір жылдағыдай жарық пен жылудан тарығып отырмағандықтарын айтқан. Жалақы да уақытында қолға тиіп отыр. Тек оның мөлшері әлі де төмен. Жазға қарай оның көтерілетіндігін білмей отырған жоқпыз. Десе де, Үкімет осы мәселеге әлі де жеткілікті көңіл бөлмей отырған секілді. Ал одан басқаға өкпе жоқ.
Татьяна Александровна сөз соңында мұражайдың 25 жылдығына орай алдағы мамыр айында ғылыми-практикалық конференция өткізетіндіктерін айтқан. Мұражай тарихына арналған суретті кітаптың тұсаукесері де сонда кесілмек. Бұл мерекелік шараға Мәскеуден Невзоровтар да шақырылмақ. Ал бүгінгі күндері осы текті әулеттің отағасы Юлий Владимировичтің жасы аз-кемі жоқ 97-ге толып отырған көрінеді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,Семей.