Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Ұлттық музейде «Қасіретті жылдар тағылымы» атты көрме өтті

694 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы 31 мамыр саяси қуған-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай елорда төріндегі Ұлттық музейде ағайынды Қожықовтардың құнды еңбектері: олардың салған суреттері мен әулеттің жеке коллекция қорынан алынған жәдігерлер қамтылған «Қасіретті жылдар тағылымы» атты көрме өтті.

Ұлттық музейде «Қасіретті жылдар тағылымы» атты көрме өтті

Шараны ұйымдастырушылардың бірі әрі әулет мұрасының бүгінгі иесі Сәуле Құлахметқызы Қожықовтың айтуына қарағанда, аталмыш көрменің қуғын-сүргін құрбандарын еске алу дәстүрімен ұштаса өткізілуіне басты себеп – Қожықовтар әулеті де сүргіннің дәмін татқан. Яғни әулеттің әуелгі бастауында тұрған Қоңырқожа Қожықов патша заманында Ташкентте мұғалімдер семинариясын бітіріп, 1912 жылы Орынборда алғашқы «Әліппе» оқулығын шығарысқан ағартушы тұлға. Сонымен қатар 1936 жылы жарық көрген құнды еңбек «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты екі томдықты құрастырушылардың бірі. 1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, атылған.

Қоңырқұлжаның жары Ләтипа болса ұлт өнерінің майталман шебері, әсіресе сахна киімдерін дайындап, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Шұға», «Ер Тарғын», «Жалбыр» тағы басқа қазақ операларының алғашқы қойылымының барлық костюмдерін бір өзі әзірлеген. Тіпті 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде одақ төрінде сахналанған  қойылымдардың да киімі үлгісі осы шебердің қолынан шыққан. Ләтипа Мұңайтпасқызының жетекшілігімен мыңнан астам сахна костюмдері тігілсе, соның бірі – «Ер Тарғын» операсында пайдаланған әйел киімі мен батыр образын сомдаушы әртістер киетін дуылғалы жауынгер киімі көрмеге қойылыпты.

Текті әулеттің жалғасы жоғарыдағы Сәуле Қожықовтың таныстыруынан ұққанымыз, атасы Қоңырқожаның төрт ұлы болған. Үлкені Қожахмет қазақ бейнелеу өнеріне жаңа бағыт әкелген кәсіби суретші болса, екіншісі Құлахмет – қазақтан шыққан алғашқы театр және кино өнерінің дизайнер-бейнелеушісі екен. Үшіншісі – Нұрахмет болса танымал мүсінші-монументалист, төртіншісі –  Сұлтанахмет Қожықов қазақ кинематографиясының інжуі «Қыз Жібек» фильмін өмірге әкелген режиссер.

Бұл реткі көрмеге Қожықовтар қолынан шыққан 77 жәдігер қойылыпты. Осылардың ішінде топтаманың басты жүгін арқалап тұрған елімізде театр және киносурет өнерінің негізін салушы Құлахмет Қожықов еңбектері. Бұл адам кезінде кеңестік кино картина жасау шеберлері – С.Эйзенштейн, Г.Рошаль, М.Левиндермен қатар шабысып, еңбек еткен алғашқы қазақ. Суретшінің «Домбыра үнімен» атты кино туындысы, «Алып туралы аңыз» дейтін кино новелласы, «Жамбыл», «Менің атым Қожа», «Алдар көсе» қатарлы көптеген  фильмдерді түсіру барысында жасаған эскиздік фото нұсқаларымен қатар «Саябақ күзі», «Клиндегі орман» атты акварельдік туындылары, «Сырдария кеші» композициялық картинасы қатарлы құнды еңбектері көрме залының көркін айшықтаса, суретшінің «Ақтабан шұбырынды жылдары» тақырыбында жазылған бір топ графикалық парақшалары шын мәнінде ұлттық кинематография композициясының ерекше үлгісі деуге тұрарлық.

Көрме залына жиналған жұртшылық Қожықовтардың кішісі атақты режиссер Сұлтанахметтің «Қыз Жібек» фильмін түсірудегі оқиға-этюдтердің орындалу барысы таспаланған бейнелі деректері мен режиссердің түсірілім үстіндегі әрекеттері тартылған фото-суреттер жиынтығынан құралып, қос стендке орналасқан жәдігерлерді де тамашалады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»