Медицина • 30 Мамыр, 2018

Астананың ауа райы неге өзгерді?

892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамыр мамыражай болмады. Құралайдың салқыны сахарадағы әртарапты әбігерге салды. Дауылды шақырған жел, жауынды шақырған бұлт та бұл жолы бір құйынперен мінез танытты. 

Астананың ауа райы неге өзгерді?

Алдымен Алтай жақта түскен қар апта аралатып Алатауға да жа­палақтады, Ақмола мен теріскей өңірлерді де ақ жамылғысымен бүркеді. Әдетте түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып жат­қан жаз қарсаңы сирек қой. Оның үстіне Арқада ағаштар енді рең алып келе жатқанда адуынды жел әптер-тәптерімізді шығарды. Жебедей жерге тыққан жел біршама шығын да әкелді. Мәселен, елордада құтырына соққан дауылдан 13 адам, 24 нысан зардап шекті. Әрине адамдарға дер кезінде медициналық көмек көр­сетілді. Ал қасбеті қираған нысан­дарды әкімдік жергілікті бюд­жет есебінен жөндеу жөнінде ше­шім қабылдады. Жайдары жаз жақын­дағандағы жайымыз осы. Бұл қазақтың қазық майлап, биебау тартып жайланар кезі-тұғын. Ен­деше ел өзгерді ме, жер өзгерді ме? Табиғаттың тосын мінезін неге таңамыз?..

Жуырда кран құлатып, әйдік сарайдың әйнегін шаққан желдің жылдамдығы секундына 25 метр бол­ған екен. «Қазгидрометтің» мәлі­метінше, Астанадағы ең жоға­ры жылдамдықтағы жел тың игеру өлкесінің кіндігі болып тұрған 1966 жылдың желтоқсан айында байқалған көрінеді. Сол кезде секундына 34 метр жылдамдықпен жел соққан. Соңғы он жылдықта Астанадағы дауыл 2007 жылдың мамыр айында тіркеліп, секундына 31 метр жылдамдықтағы жел ұйытқыды. Жалпы, 30 метр­ден асқан желдің қирату күшіне ие болатыны белгілі. Сондық­тан синоптиктердің жіті қимыл­дауы, халықты алдын ала ақпарат­тандыруы өте маңызды. Мәселен, 23 мамырдағы дауылдан кейін ғана ұялы телефонға ескерту хабарламасы келіп жатты. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін оның пайдасы жоқ екені белгілі. 

Қазір ақпаратты таратудың да, алудың да жолы көп. Мә­селен, түйіскен тұсының төрт текто­ни­калық пласттың үс­тінде отырған жапон елі әлгі қа­бат­тар­дың үйкелісінен туатын жой­қын зілзаланы да, оның мұхит суын көтеруінен пайда бола­тын цунамиді де есептеп, ұялы теле­фонға, теледидарға, ин­тернет ресурстарға сигнал беріп үлге­реді. Су, газ, жарық тегіс өші­ріледі. Тіпті сағатына 300 шақы­рым жылдамдықпен келе жат­қан пойыздары да 6-10 секундта тоқтап үлгереді. Олар өз ор­тасына бейімделді. Елімізде де жер­гілікті климаттың құбыл­малы­лығына сай қадам жасалуы қажет. Мысалы, жел кедергісіз соғатын Арқа төсіндегі ғимараттарды, оның қасбеттерін өршелене соғар желдің өтіне шыдас бере алатындай салудың талабы орнығуы тиіс. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қатты желде қорғанудың жолын түсіндіргенімен инфрақұрылымы енді қалыптасып жатқан шаһарда қауіп әзірге сейілген жоқ. Кез келген зәулім ғимараттың алып шынысы немесе басқа да қосалқы құралдары төмендегі қорғансыз адамға құлауы әбден мүмкін. Сол себепті апатты жағдайдан сақтана білу арқылы ғана оның алдын алуға болады.

Жалпы, Астананың ауа райын бақылау жұмыстары 145 жылдан астам уақыт жүргізіліп келеді. Бұл өңірдегі алғашқы метеостанса 1870 жылы 1 қарашада қызметін бастады. Яғни сол уақыттан бергі климаттың өзгерісін қадағалауға мүмкіндік бар. Сол мәліметтерді қарай отырып, әр он жыл сайын Астананың орташа жылдық ауа температурасы 0,3 градусқа жоғарылап келе жатқанын байқауға болады. Бұл жаһандық температураның көтерілуінен 2 есеге жоғары екен. Астанада аязды күндердің қайталануы ғана емес, қыраулы қыстың да, тұла бойыңды мұздатар суық күндердің маусымы да қысқарып келеді. Қазақстандық климатологтардың зерттеу нәтижелері анықтағандай, қала ауқымының кеңеюімен бірге жергілікті қалалық климат қалыптасып үлгерді. Мәселен, Астананың орталығындағы ауа температурасы қала маңайындағы елді мекендерге қарағанда 1,5 градусқа жоғары. Бұл айыр­ма­шылық алдағы уақытта арта түседі, дейді мамандар.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»