Медицина • 31 Мамыр, 2018

Қолдан жасалған қылмыс хроникасы

1254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қазақ даласы қасіреттен қарс айырылардай қайысып жатты. «Голощекин геноцидінің» салдарынан бүтін бір халық елінен безді, жерінен жөңкіле көшті, мыңдап, миллиондап қырылды, көне дәуір­лерден бастау алған тарихы бар жай­саң ел жер бетінен мүлде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды.

Қолдан жасалған қылмыс хроникасы

1931-1933 жылдары қазақ халқы басынан өткерген ақсирақ аштықты бұрын-соңды тарих көрген емес еді. «Ұлы бесжылдықтар» мен «ұлы коллективтендіру» жылдарында елі жомарт, жері құт қазақ сахарасы аштан өлген ана мен баланың ағарған сүйегінен аяқ алып жүр­гісіз болып күңіреніске толды. Бұл кезде «барлық халықтардың көсемі әрі әке­сі» шетелдерге миллиондаған тонна астық сатып, алтынға айырбастаумен болды.

Тұтас бір халықтың жартысына жуығын ақсирақ аштыққа ұшыратқан бұл мемлекеттік геноцидтің қасіретіне күні бүгінге дейін толық тарихи баға берілген жоқ. Тіпті тарихшыларымыз қазақ халқына қарсы жасалған бұл қылмысты «геноцид» деп айтуға да именеді. Сол кезеңде Украинада орын алған аштыққа «голодомор» деген тарихи таңба басылып, оған кінәлі кеңестік большевиктер екендігі нақты айыпталып, жария етілді. Ал біз күні кешеге дейін қанды қол жендет Ф.Голощекиннің есімін елді мекенге беріп, әспеттеп келдік. Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голощекиннің ойдан шығарған «Кіші октябрінің» салдарынан бүкіл бір республика халқын жойып жіберуге бағытталған бұл қылмыстың қазақ ұлтына үкімет тарапынан жасалған геноцид екенін төмендегі тарихи деректерден анық көруге болады.

Қазақ халқының негізгі күнкөріс көзі – мал, Қазақ автономиялық республикасы эко­но­микасының тірегі – мал шаруашылығы екенін кеңес өкіметінің көсемдері жақсы түсінді. Сондықтан Голощекин саясаты Қазақ­стандағы мал басын жоюға бағытталды: 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында қолдағы малдың 80 пайызы бірден етке тапсырылды. Бір ғана Торғай облысының өзінде 1 миллион бас малдың барлығы дерлік пышаққа ілігіп, 98 мыңы ғана қалды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран күшіне еніп, қалың ел қанқақсады. 1928-1932 жылдарда Қазақстандағы мал басы 40,5 миллионнан 5,3 миллионға дейін немесе 8 есе кеміді. Қазақ халқы өмірінің негізгі тірегінен айырылды.

Тығырыққа тірелген қазақтар атамекен – туған жерін тастап, жөңкіле көшті. 1930 жылы 121,2 мың адам, 1931 жылы 1 миллион 71 мың адам туған жерінен безіп кетті.

Миллиондаған халық бір үзім нан таба алмай, аштыққа ұрынып жатқанда, Сталин­нің нұсқауымен колхоздардағы, жеке қожа­лықтардағы астық түгелімен сыпырып алынды. Валюта үшін шетелге астық сату шектен тыс арттырылды. Мысалы, 1928 жылы қолда бар астықтың 1 миллион центнері шетелге шығарылса, бұл көрсеткіш 1929 жылы 13 миллион центнерге, 1930 жылы – 48,3 миллион, 1931 жылы – 51,8 миллион, 1932 жылы – 18,1 миллион центнерге жетті. Тек 1932-1933 жылдары шет мемлекеттерге сатылған астықтың жартысы ғана Кеңес өкіметі құрамындағы республикалардың аштыққа ұшыраған адамдарын аман алып қалуға жетер еді.

Аштық араны тек ауылдарды ғана емес, Қазақстанның барлық қалаларында кең етек жайды. Мәселен, Ақтөбе облыстық мемлекеттік саяси басқарма деректері бойынша, 1932 жылдың көктемі мен жазында аштық пен жұқпалы аурулардан мамырда – 175, маусымда – 208, шілдеде – 320, тамызда 450 адам құрбан болған. Бұл қалада сол кезде 15-20 мың ғана тұрғын болатын. Ақтөбе облыстық МСБ-ның 1932 жылғы шілдедегі мәліметі мынадай: «Торғай ауданында күніне 25 адам қайтыс болуда, Обаған ауданында: Исаев ауылында 2 айдың ішінде 300 адам, Күзбаев ауылында – 200 адам, Батпаққара ауданының 14 ауылы бойынша 585 адам аштықтан опат болды».

Коллективтендірудің үш жылы ішінде Голощекин Қазақстанда небір сойқанды жасады. Ұлттың рухани бетке ұстар ұлдары – жазушылар, ағартушылар түрмеде ажал сәтін күтіп жатты. Қазақ халқының ұлы ойшылы Шәкәрім оққа ұшты. Голощекин жасаған кесапаттың бәрі қазақ халқын толық құртуға бағытталды.

Сол кездегі бір құжатты оқып көрейік. «Сарысу ауданының тұрғыны Азамат Сары­баев­тың әулетінде төрт адам, екі түйе, бес қой бар. Азамат Сарыбаев үкіметке 80 қой, төрт сиыр тапсыруға міндетті». Мұндай сұмдық­қа күлесің бе, жылайсың ба?

Ашыққан халық әлі піспеген егістен масақ ұрлайтын еді. Кеңес өкіметі ашыққандарға аяусыз жазалау шараларын қолданды. 1932 жылдың тамыз айында егіс даласынан 5 масақ алғаны үшін ату жазасын беру туралы үкім шығарылды. Сол жылы 55 мың адам тұтқынға алынып, оның 2 мыңы атылды.

Әлі күнге дейін 1931-1933 жылдардағы ақсирақ аштықта қазақ халқының қаншасы құрбан болғанын тап басып, дәл ешкім айта алмайды. Ж.Әбілғожин, М.Тәтімовтердің есептеуінше, аштық құрбаны 1 миллион 700 мың адам делінсе, Б.Төлепбаев, В.Осипов бұл аштықта 1 миллион 100 мың қазақ құрбан болды дейді. Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ даласын жайпап өткен 1932-1933 жылдардағы апатты ашаршылық 6 миллион қазақтың 2,2 миллионының өмірін жалмап кетті. Осы бір қайғылы кезең – халықтың ғасырлар бойы ұмыта алмас қасіреті», деп атап көрсетті. Ал толық емес деректерге қарағанда сталиндік, голощекиндік геноцид салдарынан 3 миллион қазақ аштан өлген.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»