Бұл ХХ ғасырда қазақ халқының басына түскен ұлттық апаттың бірінші кезеңі еді. Екінші кезең Қазақ Республикасында 1921–1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі – жергілікті халықтың отарлық қанау салдарынан кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын әуелі азамат соғысы, одан соң орталықтың азық-түлік жинау жасақтары одан әрмен күйзелтуінде еді. Қазақ халқы сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты.
Қазақ қайраткерлері ұлттық межелеу нәтижесінде екі өлкедегі жер-суы мен халқы бірігісімен, ашаршылықтың Үлкен Қазақстанда қайталануына жол бермейтін амалдарды қарастырған. Ресей Компартиясы Қазақ обкомының 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағудың көшпенді түрі – егін егуге қолайсыз даланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі ретінде мойындалды. Сондықтан да жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беруді аса маңызды шара деп тапты.
Сөйтіп Қазобком пленумы ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей бағыттау, кооперацияны күшейту жайында тиісті шешім шығарды. Кең даланы игерудің бірден-бір тиімді жолы – көшпенді мал шаруашылығын дамыту екенін қаулысында атап көрсетті. Мал бағуды ынталандыру, оны одан әрі өркендету үшін арнайы қаржыландыру, өнімдерін тиімді жолмен қалаларға тасымалдап тарату әдістерін, халықты жерге орналастыру реттерін қарастырды. Бұл мәселелер бойынша іргесі кеңейген республика Кеңестерінің Ақмешіттегі 1925 жылғы сәуірде өткен тұңғыш съезінде жан-жақты ойластырылған қарарлар қабылданды.
Алайда олардың орындалуына Мәскеу кедергі келтіре берді. 1925 жылғы қыркүйекте Қазақстанды басқаруға келген БК(б)П Орталық Комитетінің эмиссары Филипп Голощекин тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктаторға айналып, ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдану арқылы жоққа шығарумен шұғылданды. 1927 жылғы БК(б)П XV съезі шешімі бойынша елдің ауыл шаруашылығы 1932 жылдың көктеміне дейін жеке қожалықтардан ұжымдық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді.
Партия алға қойған осы міндетті орындау үшін, 1928 жылғы 27 тамызда Қазатком жартылай феодалдарды тәркілеу туралы арнайы декрет шығарды. 1928 жылғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қарсылық көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және байларды жер аудару туралы қаулы қабылдады. Тәркілеу соңынан «Алаш ісі» атанған саяси репрессиялар басталып, «кеңес өкіметінің қас-дұшпандары» деп танылған алаштықтарды түрмеге жапты. 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылданды.
Халыққа қисынсыз ауыр салықтар салынды. Тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтар салдарынан республиканың әр жерінде үш жүзден астам халық көтерілісі туды, олар әскери күшпен басып-жаншылды. Соның бәрі ел-жұртты жаңа апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931–1933 жылдары көшпенді халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шетелдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе азайды.
30-шы жылдардың басында аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында жер-жерден жекелеген азаматтар Мәскеуге, Алматыға жеделхаттар жөнелтті. Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде өлкекомның жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов, Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз басшылары Мұташ Дәулетғалиев пен Емберген Алтынбеков, Госпланның сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған еді). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.
Ақтөбе вокзалында, жиналған қалың жұрттың көзінше, 72 жастағы зейнеткер Бақытжан Қаратаев қазақ коммунистерінің көсемі Голощекинге ашаршылық үшін айыптаған ауыр сөздер айтып, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне республиканың бірінші басшысы ретінде жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне басты. Алайда артында қалған жазбаларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйді.
Солардың бірі Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат тапсырған-ды. Онда ол өлкеде орын алып тұрған ахуалды ашық баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар ретіндегі ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» Ф.Голощекин отырғанда – республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.
Ол Голощекинді Қазақ партия ұйымының жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Өтінішінің бұл бөлігі қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды.
Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталинге жолдаған баянхатында айтты. 1933 жылғы 24 ақпанда Бас хатшы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л. Мирзоянның атына Мәскеуде оқитын «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов) жіберілді.
Онда 300 мыңнан астам қазақ отбасыларының Сібір және Орта Азия темір жол станцияларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов Сталинге Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады.
Қазақстанның жаңа басшылығы республикадағы 162 ауданның ішіндегі ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізді. Өкімет өкілдері Ораз Жандосов пен Жанайдар Садуақасов бастаған құтқару комиссиясы көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданның үштен бірі ғана аман қалған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгерту және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды. Босқындарды елге алып келу үшін автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.
Монархия құлар қарсаңдағы алты миллиондай қазақ саяси сілкіністерге толы он алты жылда үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апаттың аталған үш кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он миллиондай адамнан айрылды. Негізгі халқының саны мен дәстүрлі экономикасының мәнін құрайтын мал басының мөлшері ашаршылық жылдары күрт түсіп кеткен Қазақстан 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылдаған сталиндік конституция бойынша, Ресейдің құрамындағы автономиялық республикадан КСРО құрылтайшыларының бірі санатындағы «тәуелсіз мемлекет» мәртебесіне көтерілді. Бұл – большевизмнің қазақ халқына қарсы жасаған мемлекеттік қылмысын өте сәтімен бүркеген шара еді.
Одақтық республика болу арқылы 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткіздік. Демек біз ашаршылық құрбандарына мәңгі борыштымыз. Осыны түсініп, сол миллиондаған аруақтарға тағзым ету, Ұлттық Апаттың себеп-салдарын, ащы шындығын жан-жақты ашу, тәуелсіздік жарияланған бетте Жоғарғы Кеңес құрған арнайы комиссияның ұжымдастыру жылдары көшпенділерге геноцид жасалғаны жайындағы тұжырымын көтеру, оған тиісті тарихи, заңи, саяси бағасын беру және осы ащы шындық айтылған қазақтың қасіретті тарихы арқылы күллі қазақстандықты тәрбиелеу – парыз, ол елдің бірлігін, тұтастығын нығайта түсетін болады.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет тарихи-ағарту қоғамы» төрағасының орынбасары, тарих ғалымдарының кандидаты