10 Желтоқсан, 2011

«Дипломмен – ауылға!» жобасы Орал өңірінде ойдағыдай іске асып келеді

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеңестік кезеңде жоғары білімді мамандарды ауылға олардың еркінен тыс, күштеп жіберу тәжірибесі ор­нық­қаны жасырын емес. Ешқандай әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай ту­ғы­­зылмаған, тиісті қаржылай көмек көрсетілмеген уа­қыт ара­лығында институт бітірген жастар бейнебір жазасын өтеп жүрген жандай күй кешті десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Егемен ел бұл мәселеге өміршең де өркениетті көзқарас тұрғысынан келе білгені үлкен мерей.  Соның бірі – бас­тауы осыдан төрт жыл бұрын қаланған «Дипломмен – ауыл­ға» жобасы. Нақтырақ айтқанда, бұл мәселе 2007 жылы Елбасы қатысқан ауыл шаруашылығы қызмет­кер­лері­нің республи­ка­лық форумында көтерілгені белгілі. Осы арада аталған жо­баның алғашқы дем берушісі де, оның алға бастырушысы да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтудың өзі бір мәртебе. Аталған кеңесте Елбасы көтерген осы мәсе­ле­ге орай 2008 жылы ауылға баратын мамандарды материал­дық тұрғыдан ынталандыру жөнінде арнайы заң күшіне кірді. Бұдан кейінгі кезеңде осы заңды іске асыру үшін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Міне, бүгінде республиканың әр қиырында кеңінен жү­зе­ге аса бастаған «Дипломмен – ауылға» жобасының тұңғыш бастауы осындай. Егемен еліміздің ертеңі үшін ерекше ма­ңы­зы бар бұл іс Ақжайық өңірінде де ойдағыдай іске асып келеді. Нақтырақ айтқанда, аталған жоба шеңберінде 2009 жылы облыста 509 маман ауылдық елді мекендерге барып қызметке орналасты. Тиісінше бұл көрсеткіш 2010 жылы 529-ды құрады. Биылғы жылы жоғары білімді жас мамандардың өз еріктерімен шалғай ауылдарға бару үрдісі одан әрі жалғасты. Алдағы және өткен жылмен салыстыра қарағанда, биыл бұл лектің сәл төмен болуын Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау және мониторинг бөлімінің бастығы Райса Еркеғалиева бұған дейін орын алған бюджеттік қаражаттың тапшылығымен байла­ныс­­тыр­ған. Алайда қараша айының басынан бастап бұл тап­шы­лық­тың орны артығымен толықтырылған екен. Сондықтан да биылғы жыл қорытындысында ауылға бара­тын дипломды мамандардың саны алдыңғы жылдармен салыстыра қараған­да артық болмаса кем болмайды деп мәлімдеді. Тағы да кеңестік кезеңмен салыстыра қарағанда, егемен ел жағдайында жас мамандарға туғызылған жағдай жер мен көктей екеніне айқын көз жеткізе түсеміз. Айталық, ол кезде ауылда тұратын мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өте аз, ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететіндей ғана еді. Мысал үшін айтсақ, соңғы жылдары республикада  бұл мамандықта істейтін ауыл тұрғындарының жалақысы 100 пайызға дейін өскені белгілі. Сондай-ақ дәрігерлер мен мұғалімдердің мәртебесін өсіру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Айта берсе, Батыс өңірінде мұндай мысалдар жеткілікті. Осылайша мұнда егемендікпен еншілес «Дипломмен – ауылға» жобасы төрт аяғынан тең басып келеді. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.