Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалатын күн жақын

1158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада елордада Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобының кезекті отырысы өткен еді.

Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалатын күн жақын

Сыртқы істер министрлерінің орынбасар­ла­ры деңгейіндегі бұл жиынға Каспий ма­ңын­­дағы бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан елде­рінің делегациялары қатысты. Кейін белгілі болғанындай, Каспий теңізі маңындағы мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті биыл тамыз айында өтеді. Ондағы басты жаңалық – осы сам­мит­­те Каспийдің құқықтық мәртебесі тура­лы конвенцияға қол қойылу мүмкіндігі болмақ.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бергі кезеңде өзінің құрлықтағы мем­ле­кеттік шекарасын халықаралық құқық негі­зінде айқындап әрі мызғымастай етіп бекі­тіп алды. Енді еліміздің кең-байтақ жері­не шекаралас мемлекеттердің де, өзге елде­рдің де ешқайсысы көз аларта алмайды, тіпті дауласуға да құқықтары жоқ. Ал Кас­пий теңізін бөлу арқылы оның құқықтық мәр­те­бесін айқындау мәселесіне келсек, мұнда Қазақстанның ұстанымы айқын. Біздің еліміз бұл мәселеде БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі 1982 жылғы конвенциясының жекелеген ережелерін басшылыққа алатынын бастапқы кезде-ақ мәлімдеген.

Жалпы, Қазақстан ұстанымы Каспий маңы мемлекеттерінің саяси және экономикалық мүдделерін тиімді қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Ол – Каспийдің аумақтық теңіз, балық аулау аймағын және ортақ су кеңістігін белгілеу. Бұл жоғарыда аталған конвенция ережелеріне толық сәйкес келеді. Сондай-ақ аумақтық теңіздің сыртқы шекарасы жаға­лаудағы мемлекеттің барлық егеменді құқық­тарға толығымен ие болатын мемлекеттік шекарасы болуы қажет. Бұған қоса, елі­міз балық аулау аймағын, оның ені мен ре­жімін Кас­пий маңы мемлекеттерімен келісе отырып, жеке санатқа бөліп қарастыруды ұсынады. Бұл балық аулау мен биоресурстарды пайдалануды тиісті аймақтарда және ашық теңізде кәсіпті лицензиялау мен балық аулау­дың келісілген квоталары негізінде жүзеге асыру қажеттігін көздейді.

Каспийдің құқықтық мәртебесін айқын­дау­да Қазақстан тарапы арнайы жұмыс тобының аясында теңіз маңындағы елдермен екіжақты және үшжақты келіссөздерді тұрақты жүргізіп келді. Соның нәтижесінде еліміз Каспий маңы мемлекеттерінің барлығымен жекелеген мәселелер бойынша тиісті құжаттарға қол қойды. Ол құжаттар теңіздің биологиялық әртүрлілігін сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, болуы ықтимал тосын оқиға­лар­дың алдын алу және басқа да өзекті мәсе­лелерге бағытталған...

Ондаған жылдардан бері Каспий бассейні­ндегі мол энергетикалық қор мен өте сирек кездесетін биоресурстар әлемдегі ірі мемле­кеттердің қызығушылығын тудырып келеді. Өйткені мұнай мен газ бүгінде отын-энергетика көзі ретінде халықаралық қатынастарда ерекше маңызға ие әрі әлемдік экономикада алатын орны жоғары. Оның үстіне Каспий теңізінің мүмкіндігі Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нары­ғын мұнай және газбен жабдықтаудағы стра­тегиялық мәні ерекше екені әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан мұнай мен газдың өзі саясатқа айналып бара жатқан қазіргі заманда теңіздің құқықтық мәртебесін осы бастан нақтылап алған жақсы. Бұдан оған қатысушы мүдделі елдердің ешқайсысы ұтылмайды. Сондай-ақ бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай да оңып тұрған жоқ.

Теңіздің құқықтық мәртебесінің айқын­да­луы елдердің аумақтық тұтастығы мен шек­аралардың мызғымастығы аясында қауіп­сіз­діктің қосымша кепіліне қол жеткізуге мүм­кіндік береді. Себебі Каспий теңізінің табанын бөлуде оған қатысушы бес мемлекеттің әрқайсысының өз үлесі бар: Қазақстан – 23 пайыз, Ресей – 19 пайыз, Әзербайжан – 18 пайыз, Түрікменстан – 21 пайыз, Иран 13 пайыз үлеске ие. Ал кез келген ортақ мәселеге қатысты халықаралық құқық ең алдымен мемлекеттер арасындағы қатынастарды нығайтуға негіз болады. Сол себептен халықаралық қатынастар саласында қызығушылықты арттырып отырған Каспийдің құқықтық мәртебесін нақтылау бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі саналады.

Каспий – ерекше маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық жағынан орналасуы оны Еуразия құрлықтарында ғана емес, дүние жүзіндегі ықпалы күшті теңіздердің қатарына қосты. Себебі теңіз табанында мұнай мен газдың аса мол қоры қатталып жатыр. Енді сол байлықты игеріп, игілікке жаратудың уақыты келді. Қарт Каспийде мұнай-газ кон­ден­сатынан бөлек өсімдіктер мен жан-жан­уарлар дүниесі де жетіп-артылады. Әсіресе те­ңіз бағалы балық тұқымдасы бекіремен ерекшеленеді. Деректерге қарағанда, дүние жүзіндегі жыл сайын ауланатын бекіренің 80 пайызынан астамы осы Каспий теңізінің үлесіне тиеді екен.

Бүгінгі күнге дейін Каспий маңы мемлекет­тері басшыларының төрт саммиті өтті. Жоғары деңгейде өткен сол кездесулердің әрбірі қа­ралған, талқыланған мәселелерімен жә­не қол қойылған жекелеген құжаттарымен ерек­­шеленеді. Келесі бесінші саммит айтулы ха­лық­аралық жиындар мен ірі іс-шаралар жиі ұйым­дастырылатын орынға айналған Астана қаласында өтпек. Бұл саммиттің маңызы бұрынғыларға қарағанда, ерекше жоғары болады деген болжам бар. Өйткені онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуы ықтимал.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»