Айтса айтқандай-ақ, АҚШ-тың айтулы мемлекет қайраткері туралы олай деуге толық негіз бар. Мәселен, Генри Киссинджер – бұрынғы АҚШ президенттері Ричард Никсон мен Джеральд Фордтың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болумен қатар, сыртқы саясат жөнінде АҚШ-тың өзге президенттеріне де тағылымды ақыл-кеңес берген абыз тұлға.
Сонымен қатар Генри Киссинджер – әлемдік геосаясат және дипломатия мен халықаралық қатынастарға бағышталған көптеген іргелі туындылардың, оның ішінде күллі әлемге әйгілі «Diplomacy» («Дипломатия»), «World Order» («Әлемдік тәртіп»), «On China» («Қытай туралы»), «Does America need a foreign Policy» («Америкаға сыртқы саясат қажет пе?») секілді терең сараптамалық монографиялардың авторы. Терең ғылыми еңбектері мен жаһандық дәрежедегі қажырлы саясаткерлігі және теңдесі жоқ қайраткерлігі үшін абыз ғалым 1973 жылы Нобель сыйлығымен марапатталған-ды.
Дәл осы арада жоғарыдағыларды қуаттай түсетін тағы да бір дәйекті мысал келтірейік. Генри Киссинджердің «Дипломатия» атты көлемді туындысының «Жаңа әлемдік тәртіп» деп аталатын тарауында Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-тың жаһандық рөлі туралы бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалта қоймаған мына бір тұшымды пікірді ортаға тастайды: «Әрбір жүзжылдықта кәдімгі бір Жаратқанның бұлжымайтын өз заңына сәйкес, халықаралық қарым-қатынастар жүйесін өзінің дегеніне бағындыратын тегеурінді де жігерлі, интеллектуалдық әрі моральдық басымдықтарға ие мемлекет пайда болатын сыңайлы», дей келіп, бұл пайымын қисынды да дәлелді дәйектермен негіздей түседі.
Мысалы, XVII ғасырда кардинал Ришелье билеген Франция сол кездегі халықаралық қатынастар мәселесіне қатысты ұлттық мемлекеттердің қағидаларына негізделген және тек солардың түпкі мүдделерін ғана күйттейтін жаңа бастама ұсынғанын алға тартады. Ал XVIII ғасырда Ұлыбритания келесі 200 жыл бойы Еуропа дипломатиясына үстемдік еткен алпауыттардың тепе-теңдігін сақтауға бағытталған жаңа концепцияны алға тартқанын, сондай-ақ XIX ғасырда Маттерниха Аустриясы «еуропалық қоғамдастықты» қайта құрса, Бисмарк Германиясы ол жүйені таратып, Еуропа дипломатиясын тек күшке иек артатын саясаттың салқынқанды ойыншығына айналдырып жібергенін және XX ғасырда халықаралық қатынастарға АҚШ секілді соншалықты батыл әрі әлемге орасан зор ықпал еткен бірде-бір мемлекет болмағанын көлденең тартады.
Өйткені өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға мүлде болмайтынын дәріптеген де, жекеменшік мүлікке қол сұғуға үзілді-кесілді қарсы шыққан да әрі осы әмбебап құндылықты соншалықты белсене қорғаған және тарихи даму барысында өзінің дипломатиялық әрекеттерін төл идеологиясымен астастырып, моральдық ұстанымдарын соншалықты прагматикалық табандылықпен қорғап қалуға тырысқан және сыртқы істер мәселесіне белсене араласып, тіпті кейбір одақтарға да қосылып, өзіне ауқымдылығы жағынан еш теңдесі жоқ зор міндет әрі жауапкершілік артқан шақта соншалықты ұстамдылық танытқан АҚШ секілді бірде-бір мемлекет болмағанын тайға таңба басқандай сипаттайды. Өз ойын түйіндей келе, сұңғыла ғалым, сонымен қатар тарихи тұрғыдан сыртқы саясат мәселесінде тек Америкаға ғана тән әрі бір-біріне қарама-қайшы келетін екі ұстанымның туындағанын оқырман қауымнан жасырмайды.
Біріншіден, Америка өзінің ішкі демократиялық үрдістерін өрістетіп, өз құндылықтарын шебер тиянақтап алғандықтан, жер шарының өзге бөлігіне маяк секілді үлгі болғанын, екіншіден, әлгі құндылықтар ендігі жерде Американың өзіне де үлкен жауапкершілік артып, сол құндылықтарды бүкіләлемдік масштабта қалыптастыруға және іске асыруға міндеттегенін көлденең тартады. Сонымен қатар америкалық ой-сананың қақ бөлініп, патриархалдық өткен дәуір мен болашаққа бағытталған жасампаз идеяның арасында бір жағынан изоляционизмге басымдық берсе, екінші жағынан халықаралық мәселелерге белсенді араласып, тынымсыз күн кешуде екенін еске салады.
Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, әлем елдерінде бір-біріне тәуелділік басымдық мәнге ие бола бастаған кезде, жоғарыда аталған екі ұстанымның екеуі де демократия мен еркін саудаға және халықаралық құқыққа негізделген жөні түзу жаһандық тәртіп орнатуды көздей бастағанын алға тартты.
Дей тұрғанмен, өзге елдерде сенімсіздік туындап жатса да Вудро Вильсон, Франклин Рузвельт және Рональд Рейганның да, тіпті XX ғасырдағы Американың өзге президенттерінің идеализмге деген ұстаным беріктігін әлсірете алмағанын, керісінше, идеализм тарихтың жүрісін өзгерте алады деген америкалықтардың нық сенімін бұрынғыдан бетер күшейтіп отырғанын еске салады.
Генри Кисссинджер және бір түйінді пікірін ортаға тастап, «Егер күллі әлем бейбітшілікті шын мәнінде қалайтын болса, онда моральдық тұрғыдан Американың әлгі ұстанымдарын пайдаланып қалуға тырысқаны жөн», деген кеңес береді.
Г.Киссинджердің пайымдауынша, Американың халықаралық саясатқа араласа бастауы, сенім деген ұғымның жеңіc олимпіне көтеріліп, тәжірибені өзіне бағындырып, бас идіргенін дәлелдеп бергендей болды. Өйткені 1917 жылы халықаралық саяси аренаға шыққан сәттен бастап, Америка өз күші мен өз идеалдарының әділетті екеніне сенгендігі соншама, XX ғасырдағы халықаралық келісімшарттар Америка құндылықтарының іске асқанын, атап айтқанда, ұлттар Лигасы мен Бриан-Келлог Пактісінен бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына дейін, қала берді Хельсинки саммитінің Қорытынды шешімі де нақты іске асқанын айғақтайды. Сосын, кеңестік коммунизмнің күйреуі америкалық идеалдардың интеллектуалдық жеңісін айшықтап қана қоймай, Американың өзін де көкжиектен туындап келе жатқан жаңа әлеммен бетпе-бет қойды. Алайда тарихи даму барысында Американың өз бойын әлгі әлемнен аулақ салуға тырысып келе жатқанын сұңғыла саясаткер жасырмайды.
Сонымен қатар Генри Киссинджер қалыптасып отырған халықаралық тәртіппен бірге әлемде ұлтшылдықтың қайта жандана бастағанын, тіпті, бүгінгі мемлекеттердің биік мораль қағидаларынан гөрі өз мүдделерін бұрынғыдан жиірек күйттеп, өзара ықпалдаса іс-әрекет етудің орнына бәсекеге жиірек жүгіне бастағанын, демек әзірше, болмыстың ескі үлгісі өзгерді немесе алдағы онжылдықтарда өзгере қояды деуге негіз әлі әлсіз деп түйіндей келе, құлағы қылтиып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіптегі басты ұстанымның қалай өрбитініне дәл диагноз қояды. Америка енді жаңа әлемдік болмыстан іргесін аулақ сала да алмайды және ол әлемге өз билігін бұдан былай жаппай жүргізе де алмайды. Өйткені халықаралық аренаға алғаш шыққан кезде, Америка әрі жас, әрі өте қауһарлы, әрі өте тегеурінді болатын. Сондықтан да халықаралық мәселелер жөніндегі өз көзқарасымен санасуға күллі әлемді мәжбүрлей алатын.
Сосын, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталар кезінде соншама алпауыт күшке ие болған Америка Құрама Штаттары (ол кезде жер бетіндегі жалпы тауар өнімінің 35%-ға жуығы соларға тиесілі болатын) күллі әлемді қайта құру тек Американың ғана маңдайына жазылған бақ деп сезінетін. Ал бүгінгі таңда қалыптасып отырған жаһандық болмыс ендігі жерде Американың о баста өзіне алған міндеттерін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді, демек, Американың олай етуге тырыспағанын ғұлама саясаткер жөн деп санайды.
Бұл орайда Генри Киссинджер президент Джон Ф. Кеннедидің 1961 жылы аса асқақтықпен жария еткен: «Америка егемендік идеалдарын толық қамтамасыз ету жолында әрі кез келген ауыртпашылықты жеңу үшін қандай да құн төлеуге дайын» деген пайымын көлденең тарта отырып былай дейді: «Одан бері 30 жыл өтті. Бүгінгі Америка Құрама Штаттары әлгі арман-міндеттерін бірден әрі түгелдей іске асыруға бұрынғыдай талпына қоймайды, өйткені ұлы державалардың қатарына өзге елдер де жақындап қалды. Мұндай сынаққа тап келгендіктен, АҚШ-қа енді әлгі мақсаттарды кезең-кезеңмен ғана орындауға тура келеді және солай болғанның өзінде де әр кезең америкалық құндылықтар мен геосаяси қажеттіліктің қосындысынан туындайтынын ұмытпаған жөн,» дейді.
Бүгінгі жаһандық халықаралық қатынастар мен дипломатия болмысының сипаты жөнінде Генри Киссинджер түйіндеген ой-түйіннің бір парасы осындай және бұл салиқалы түйіннің растығын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Жаһандық тәртіп, халықаралық қатынастар және әлемдік дипломатия туралы сөз қозғағанда, Генри Киссинджердің біз тілге тиек етіп отырған «Дипломатия» секілді сындарлы монографиясынан бөлек жоғарыда аталған «Америкаға сыртқы саясат қажет пе?», «Қытай туралы», сол сияқты күллі әлемге аты мәшһүр, сұңғыла саясаткер-ғалым Збигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» («The Grand Chessboard»), «Таңдау»(The Choice), «Екінші мүмкіндік» («Second Chance»), «Стратегиялық көзқарас» («Strategic Vision»), сол сияқты Самюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» («The Clash of Civilizations»), сондай-ақ XXІ ғасырда күллі әлемді өзгерте бастаған интернет технологиялары мен жасыл энергияның революциялық рөлін айқара ашатын әлемдегі әлеуметтік ойшылдардың бірегейі Джереми Рифкиннің «Үшінші индустриялық революция» (Jeremy Rifkin «The Third Industrial Revolution»), сонымен қатар Ресейдің ұлы дипломаты әрі 1962-1987 жылдар арасында АҚШ-тың 6 президенті тұсында Вашингтонда 26 жыл бойы елші болған А.Ф. Добрыниннің «Сугубо доверительно.Посол в Вашингтоне при шести президентах США (1962-1986)» сынды туындыларды рухани жаңғыруға бет түзеген еліміздің назарынан тыс қалмағаны жөн, өйткені бұл аталған туындылардың барлығы да қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударылса, әлемдік геосаясат, дипломатия, халықаралық қатынастар және жасампаз жасыл технологиялар жөнінде таптырмайтын оқулықтар болуға сұранып тұр.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі