Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Алқалы жиынды ашқан Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылар тобының төрағасы, Философия, саясаттану және дінтану институтының саясаттану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шайкемелев: «Тоқсаныншы жылдардың басында отандық білім мен ғылым саласы қиын кезеңге тап болғаны баршаға мәлім. Оның өзіндік себептері болды. Елдегі экономикалық дағдарыс, формация мен идеологияның өзгеруі және басқа да жайттар кері әсерін тигізбей қоймады.
Бертін келе жағдай бірте-бірте түзеліп, сол олқылықтардың орнын толтыра бастадық. Сондай игі бастамалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Ондағы мақсат – гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау. Сәуір айында 18 кітап жарық көріп, Астанада тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Енді бұл кітаптар биылғы жылдан бастап оқу бағдарламаларына енеді. Әлемдегі ең озық оқулықтардан нәр алған жастардың көп нәрсе ұтатыны анық», деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алғашқы 18 кітап жарық көріп, Астанада тұсаукесер рәсімі өткен кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын.
Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», деп нақты тапсырмалар берген еді. Міне, қазіргі кезде сол тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалуда.
Алматыда өткен отырыста Мұхтарбек Шайкемелевтен бөлек, Гүлнар Аннақұлиева, Сағади Бөлекбаев, Дина Ешпанова сынды ғалымдармен қатар, Философия, саясаттану және дінтану институтының 2 курс магистрант-саясаттанушысы Айғаным Қалдыбай қатысты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ