Ақтардың тұтқынына түсіп, «жауыздардың дозағын, көрдік қорлық азабын» деп Сәкен жазғандай, Анненков вагонындағы қиямет-қайымды екеуі бірге бастан кешкен. 1919 жылдың басында Омбыға, сосын Қиыр Шығысқа жер аударылған. Лагерьден қашып шығып, Азамат соғысына қатысады. 1920 жылы Қиыр Шығыс армиясында полк комиссары қызметін атқарған. 1921-1922 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазір – «Ақиқат») журналының тұңғыш редакторы болған.
Халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы, РКП(б) Қырғыз (Қазақ) обкомының екінші хатшысы, басқа жауапты қызметтерде істейді. Қарағанды облыстық кеңестері атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халкомының орынбасары, Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы. БОАК, ҚазОАК және оның Президиум мүшесі, РК(б)П Қыробком, БК(б)П Қазөлкеком, ҚК(б)П ОК мүшесі. Репрессияға ұшырап, 1937 жылдың қарашасында ату жазасына кесілген. Ақталған (1957).
І
Ерекше пікір. Әуелі «Қызыл Қазақстан» деп аталған бүгінгі «Ақиқат» журналы 1996 жылы 75 жылдық мерейтойын өткізеді. Алайда оның мерекелік санын әзірлеу үстінде қажетті материалдарды, таралымына байланысты деректерді жинақтау кезінде «Қызыл Қазақстан» журналының 1922-1924 жылдар аралығындағы сандары архивтерде болмай шыққан. Сөйтсек, архив қызметкері Зияда Ижановтың мәлімдеуінше, Киробком (Қазатком) төралқасының (№46, 28.11.1922 ж.) қаулысымен қаржы тапшылығына байланысты қазақ тілінде шығатын «Қызыл Қазақстан» журналын шығару уақытша тоқтатылған көрінеді («Ақиқат», № 3, 1997 ж.).
Бұл төтенше оқиғаға Абдолла жайбарақат қарай алмайды. Қолма-қол ерекше пікірін білдіреді: «Қызыл Қазақстан» бүкіл Қазақстан бойынша қазақ тілінде шығып тұрған партиялық жалғыз журнал. Тіпті аз уақытқа болса да қаржы жоқтықтан оны жабу бұл соған деген кез келген партиялық сипаттағы жұмыстан бас тарту деген сөз», дейді Абдолла. Мұның саяси мән-маңызын сараптайды.
– Қазақ даласындағы саяси жұмыс бір жағынан тек қана баспасөз, ал екінші жағынан ауызша үгіт және практикалық жұмыспен жүргізілуі мүмкін. Бұлардың екіншісін қазақ қызметкерлерінің болмауынан, біріншісін қаржы жоқтығынан тиісті мөлшерде дамыта алмай отырғанда практикалық жұмыс жөнінде ойлаудың қажеті де жоқ. Мұндай жағдайға алда төзуге болмайды. Осылардың негізінде мен біріншіден, обком төралқасының қаулысына қарсылық білдіремін және журналдың шығуын тоқтатпай, оны басқа басылымдармен өзге жұмыстар есебінен шығаруды ұсынамын. Шаруашылық комиссариаттарына жалпы қазақ тілінде шығатын басылымдарды, оның ішінде мерзімді басылымдарды, қолдауды ұсынамын.
Саяси партиялық сипаттағы әдебиеттерді басып шығару мәселесінде «қаржы жоқ» деген сылтаулармен қол сілтеуге мүлде тиым салуды жолға қою керек. Егер де мұны істей алмасақ, онда қазақ арасындағы барлық жұмыстарды өзімізді-өзіміз алдаумен айналыспай, дәрменсіздігіміз бен әлсіздігімізге қол қоюымыз керек (Ақиқат» журналы, №3, 1997 ж.).
Абдолла Асылбеков жан-жағына жалтақтамай, алды-артына қарамай обком шешіміне, міне, осылай жария түрде қарсылық білдірді. Жүрекжарды сөзін бүкпеді, ашық айтты. Қазіргі ұрпақ мұны білуі керек, одан тағылым алуымыз қажет-ақ.
ІІ
1937 жыл. Мәскеу. Ақпан-наурыздағы БК(б)П Орталық Комитетінің пленумы «Зиянкестік, диверсиялық және жапон-неміс-троцкийшіл шпиондарының сабақтары туралы» деген ақпарды, «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілермен басқа да екіжүзділіктерді жою шаралары туралы» деген Сталиннің баяндамасын тыңдап талқылады. Елдегі саяси репрессияның нағыз қызған шағында өткен бұл жиын партияның демократиялық негізін дамытуына орай партия ұйымдарында сын және өзара сынды күшейтуге шақырды, ал мұның өзі адамдардың бірін-бірі аңдып, оларды өсек тасуға дейін мәжүбүрледі.
Сол жылдың күзінде Қазақстан К(б)П ОК-нің пленумында ақпан-наурыз пленумының директиваларына орай зиянкестер, шпиондар, диверсанттарды әшкерелеудегі қол жеткен жетістіктер сөз болды. Сонымен бірге қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі идеясының біржола құртылуына әрекет жасалды. Зиялы азаматтарға әртүрлі жала жабылып, олар бірінен соң бірі ұсталып, абақтыға жабыла бастады.
Мамыр. Әзірше қамауға алынғаны жалғыз адам – Мансұр Ғатаулин. ҚК(б)П Ақмола аудандық партия комитетінің екінші хатшысы.
Маусымның бірінші аптасы. Мәскеуде БОАК Президиумының жауапты қызметкері Нығымет Нұрмақов пен Тұрар Рысқұлов (РСФСР Совнаркомы төрағасының орынбасары) тұтқындалды.
5-12 маусым. ҚК(б)П-ның І сьезінде Ғатаулинмен аралас-құралас болған деп Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков пен Қарағанды обкомының екінші хатшысы Нұрғали Нұрсейітовтің есімі аталды.
9 маусым. ҚК(б)П-нің І сьезінде Қазсовнарком төрағасы Ө.Исаев сөйлеп, Асылбековтің Қарқаралыда тұрғанда алашордашыл, ұлтшыл Сұлтанбековтермен табақтас болғанын сынап, қазақшылықты қойып, партияның жолындағы саяси адам болуы керек еді деді.
Маусымның соңы. А.Асылбеков партия қатарынан шығарылды.
Шілде. ҚазОАК-нің төрағасы Ұ.Құлымбетов тұтқындалды.
13 шілде. Қазақстан Жазушылар одағы бастауыш партия ұйымының ашық жиналысының қаулысында басқарма басшылары Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгіров, Тоғжанов және басқалары БК(б)П ОК-нің, Сталиннің, ақпан-наурыз пленумының нұсқауларынан тиісті қорытынды шығарған жоқ, өздерінің кемшіліктерін жоюда сын және өзара сынды кең көлемде өрістете алмады, күні бүгінге дейін халық жаулары Уәлиханов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековпен қатынас жасауын үзбей отыр, деп атап көрсетті.
29 шілде. Тұтқынға түскен Ғ.Тоғжанов (ҚазКСР халкомының басқарма бастығы), І.Молдажанов (Наркомфин), А.Лекеров (Марксизм-ленинизм институты), А.Розыбакиев (ҚазК(б)П ОК-нің жауапты қызметкері) партия қатарынан шығарылды («Казахстанская правда, 4.12.1999 г.).
30 шілде. ҚК(б)П ОК-нің хатшысы Мирзоян анықталып және түрмеге қамалған «Ұлтшыл-фашист ұйымының» қайраткерлері туралы Сталинге хабарлайды. Соңғы екі айдың ішінде, – деп жазады ол, – НКВД органдары тамырын тереңге жайған оңшылдар және троцкийшілермен байланысы бар ұлтшыл-фашист ұйымды әшкереледі. Ұлы көсемге жіберілген бұл тізімнің ішінде (14 адам) Асылбеков, Нұрсейітов, Кенжин, Тоғжанов т. б. бар.
Қыркүйек. Абақтыда отырған Ж.Сәдуақасов партия қатарынан шығарылды.
10 қыркүйек. ҚК(б)П ОК-нің бюросымен ауызша келісіп, «Ауыл шаруашылығы саласында зиянкестікпен айналысқан контрреволюциялық топ мүшелеріне ашық сот процесін ұйымдастыру туралы» құпия шешім шықты. Осыған орай бұрынғы Қарағанды округінде Асылбеков, Нұрсейітов, Ғатаулин басқарған контрреволюциялық топқа қатысушыларға ашық сот процесі өткізілуі тиіс. ҚК(б)П Қарағанды обкомына сот және мемлекеттік айыптау құрамын ұқыптылықпен сұрыптап, 15-17 қыркүйекке дейін дайындық жұмыстарын аяқтау тапсырылды (Политические репрессии в Казахстане. 1937-1938 гг. Алматы, Қазақстан, 1998 гг.).
ІІІ
Партия тапсырмасы ыждаһаттылықпен орындалды. Тергеу ұйымдары халық жауларын іздеп, қылмыстарын анықтауға білек сыбана кірісті.
«НКВД органдары Қарағанды облысында троцкийшілермен және оңшылдармен байланысты жұмыс істеген контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист ұйымды анықтап жойды. Бұл контрреволюциялық ұжымды бүгінде әшкереленіп отырған халық жауы Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов және Ұ.Құлымбетовтердің тікелей нұсқауы бойынша облыстық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Абдолла Асылбеков, ҚК(б)П обкомының екінші хатшысы Нұрғали Нұрсейітов және Қарқаралы окружкомы ҚК(б)П-нің бұрынғы екінші хатшысы Мансұр Ғатаулин құрған». (Айыптау қорытындысынан. 4 қараша 1937 ж.).
Күдікті қара тізімді бастаған Асылбековке келетін болсақ, тергеу органдары екі мақсатты көздеді: біріншіден, оны НКВД органдары қамауға алып Алматыда ішкі түрмеде отырған Сәкен Сейфуллинмен байланысты халық жауы есебінде көзін құрту болатын. Екіншіден, Сәкен Сейфуллинге сол кезде сот соңғы шешімін шығара қоймаған еді, ал Асылбековтың ашық сот процесінде Сәкенді саяси қылмыскер деп мәлімдеуі оны біржола тұқыртып, жазалау үшін өте салмақты дәлел болып есептеліп, қарағандылық контрреволюциялық ұйым жетекшілерінің бірі екенін айғақтау үшін аса қажет болатын. Тергеушілер болса осы деңгейден көрініп, ашық сот процесін НКВД жоспарына сай өткізіп, партия алға қойған мақсаттарды тап тұйнақтай етіп орындады. Осыған орай ашық сот мәжілісіндегі Абдолла Асылбековтің 1937 жылдың 17 қарашасындағы жауабын тыңдап көріңіз.
«Жаңадан Қарқаралы округі ұйымдастырылғанда контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйым өзінің жауыздық әрекеттерін күшейтіп жіберді. Округтің басына халық жауы Құлымбетовтің адамдары Асылбеков пен Нұрсейітов қойылды. Барып тұрған бандиттер, ұлтшыл-фашистік центрдің мүшелері Сейфуллин, Сәдуақасов, Құлымбетов, Асылбеков пен Нұрсейітовтің округтік аппаратқа өз адамдарын іріктеп алуына көмектескен. Олардың іріктеп алған адамдары қадірі кеткен, жат адамдар, партиядан қуылғандар және басқа контрреволюцияшыл сілімтіктер болды... Округке бізді Сейфуллин шақырып алып, контрреволюцияшыл жұмыс істеуімізге негіз боларлық нұсқаулар берді. Зәбір көрген адамдарды көбірек тартуға, аудан басшылығына контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист ұйымының мүшелерін қоюға, оларға жергілікті орындарда бедел туғызуға көмектесуге нұсқау берді». – Мұны айтқан кім дейсіз ғой? Нанарсыз ба, жоқ па – Абдолла Асылбеков («Ақиқат» журналы, №4, 1997, 25-26-б.). Тағы бір жерде мемлекеттік айыптаушыға ол «контрреволюцияшыл нұсқауларды Сейфуллиннен алдым» дегені бар.
Сот үкімінен: «Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұрсейітов, Мансұр Ғатаулин, Әзіз Ізбасаров, Мәжит Ордабаев, Файзрахман Шамсуйденов жоғарыда аталған қылмысты ұйымдастырушы және қолма-қол орындаушы болғандықтан қылмыс жазасының ең ауырына бұйырылып атылсын. Үкім тұжырымды, шағым етуге болмайды».
1937 жылы 16-22 қарашада «Қарағанды ісіне» қатысты ашық сот мәжілісін жүргізген Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Әбдірахман Құскелдиевтің (Құжатта Қоскелдиев делінген, дұрысы Құскелдиев – А.К.) өзі де қуғын-сүргіннің құрбаны болған. 1938 жылы қамауға алынып, «халық жауы» есебінде екі рет сотталып, Красноярскіге айдауға жіберілген. ҚР Жоғарғы соты аппаратының жауапты қызметкері Қанапия Омархановтың мәлімдеуінше, ол 1951 жылы 15 маусымда белгісіз жағдайда қаза тапқан.
* * *
Мәскеу үлгісімен Қарағандыда өткен тұңғыш ашық сот процесінің зардабы өте ауыр болды. Өкімет ресми түрде қазақтың бір топ басшы қызметкерлеріне күнделікті әлеуметтік және саяси-шаруашылық науқанында кездесетін кейбір кемшіліктерді айтып, «сендер «қаскүнемдік», «зиянкестік», «сатқындық» жасадыңдар, тіпті «шпиондық» іс-әрекетке дейін бардыңдар» деп жала жапты. Бұдан соң қазақтың «халық жауы» деп танылған көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері жаппай қуғын-сүргінге ілігіп, оққа ұшып жатты. Соның бірі Сәкен Сейфуллиннің жан жолдасы Абдолла Асылбеков еді.
Амантай КӘКЕН,
журналист, ҰҚК-нің құрметті ардагері