Таным • 31 Мамыр, 2018

Жүрек түкпіріндегі айықпас жара (сыр)

50 реткөрсетілді

Күлзира  Әубәкірова апаның аталары төрт түлікті үйірлеп, табындап, отар­лап өсірген дәулеттілер санатынан болыпты. Жазықсыз қудаланып, итжеккенге айдалуының, нақақтан-нақақ атылуының сыры «бір жұттық» байлығында жатса керек. 

Ол кездері бай-манаптарға бүйідей тиіп, қына­дай қыру кеңес өкіметінің саяси ұс­танымдарының бірі болғаны мә­лім. Ұлы атасы Басшығұл ел би­ле­­ген болыстығымен, дүйім елді аузы­на қаратқан шешендігімен, жомарттығымен аты шыққан. Әкесі Құлжабайды да болыс етіп сайлаған. Кейін кеңес өкіметіне адал қызмет еткен.  

Бірақ «астық дайындауға қарсы әрекет еткені үшін» 1937 жылы тұт­қын­дап, жер­лес­терімен бірге ату жаза­сына кес­кен. Пе­тро­павлдың «ақ түр­месінде» бір күнде атылған жеті адамның бәрі бір-біріне жа­мағайын туыс. Салықов Ишмухамедтің 82, Жыл­қыбаев Жұмабайдың 76 жасында бір қорғасын оқ түптеріне жеткен. Әкесі жайлы білмек болып қайда жазса да, «ауырып, қайтыс болды» деген жауап алып жүрген. Ақыры Ұлт­тық қауіп­сіздік комитетінің об­лыс­тық бас­қармасы арқылы аны­ғына жеткен.

Бір жапырақ қағаздан үкімнің түн­гі сағат 2.30 бен 3-тің аралығында орын­­далғанын оқығанда сай-сүйегі сырқырап, жүрегі қан жылаған. Күлзира 2 жасында жетім, анасы 42 жасында үш баламен жесір қалған. Отбасының көр­меген қорлығы, тарт­паған азабы аз емес. Көзге түрткілеп, тиыштық бермеген соң Ресейдің Орловка деген селосын паналауларына тура келген. Араға біраз уақыт салып, елге оралса, үш бөлмелі баспананы мектепке айналдырған.

– Анам әкеме соңғы рет жолық­қанда «балаларды бір-бірінен айырма. Екі дүниеде қолыңнан аламын» деп тап­сырған екен. Аманатын ақы­рына дейін адал орындады. Ағам Ше­риді жеке үй етіп шығарды. Апам Күләшті қолынан ұзатты. Бәрі­мізді ешкімнен кем қылмай өсі­ріп, құтты орнымызға қон­дырды. «Сен­дер тарықпас үшін жалаңаяқ жар кештім», деп еске алып отыратын жарықтық. Онысы айна-қатесіз шын­дық. Жетімдіктің, қиындықтың зарын біздің ұрпақ та көп тартты. Соғыс уақытында үлкен­дермен бірге тылда еңбек еттік. Өгіз айдадық, жер жырттық. Саяси қуда­лау жылдары жер аударылып келген шешендердің Қосай, Мұса деген екі баласын ше­шеміз асырап алып, бауы­рына бас­ты,–дейді жанары мұңға то­лып.

Бір қызығы, кейуананың шын туған жылы – 1935 жыл. Ал құжатта 1933 жыл деп жа­зы­лыпты. Оның осы айыр­машылығын сұраға­нымызда, бір күрсініп алды да, тарихтың қатпарлы сырларын әңгімелей жөнел­ді.

– Қайбір жетіскеннен өзгер­тілді дейсің? Ұлттық салт-дәстүрлерге, әдет-­ғұ­рыптарға оқты көзімен ата қа­ра­ған сол заманның сойқан іздері ме­нің жаныма да айықпас жара сал­ды, қарағым. Болашақ жарым Асқар мені қазақтың салтымен алып қашып, оның арты үлкен дау-да­майға ұлас­қаны бар. Ол әкеден 3 жа­сында, анадан 6 жасында же­тім қал­ған. Отан алдындағы азаматтық боры­шын өтеп келгеннен кейін біз­дің ауылда бухгалтерлік қызмет ат­қарды. Ағам Шеримен түйдей құр­дас. Бір-бірін қабақпен түсі­нетін дос­тықтарына қы­лау жұқтырмайтын. 16-ға толық­сып толған кезімде туған-туыстарымның есіл-дерті мені дәу­летті жерге ұзату бол­са, менің ойым – жетім-же­сір, жарлы-жақыбай бір жігіт­тің етегінен ұстау, анамды қо­лыма алу. Бір мүшел үл­кендігі бар Асқар маған сөз салғанымен, оның біз­дің отбасының бір баласындай болып кеткені, ағалы-қарындастай сыйластығымыз қатты тығырыққа тіреді. Қол­дан бермейтінін сезіп,  мені 7 қараша күні алып қашты.

Бесағаш деген жер­де бір орыс кемпірінің үйін па­­­на­ладық. Немере ағам Нұр­ғали қи­ғылық салып, оның соңы кәмелетке тол­маған қызды еріксіз алып кетті, сая­си мерекені келеке қыл­ды деген қу­далауға жал­ғасып, құжатттағы жа­сым­ды үлкейтуге тура келген. Сөй­тіп бір зобалаңнан әзер дегенде аман қал­ғанымыз бар.

Ана әлдиін ғана естіп өс­­кен әжей сол бір зұлмат ке­зең­­нің зобалаң қасі­ретін ұмыта алар емес. Бүгінде бір кін­дік­тен жалғыз жер ба­сып жүр­се де, өзін тамы­рын тереңге жай­­ған мәуелі бәйтеректей сезі­неді. Мар­құм Асқар екеуі 8 ұл-қыздан 17 немере, 1 шөбере көрді. «Алтын алқа» иегері, тыл еңбеккері ретінде әр­кез ұлық­­талып жүр.

Осыдан бірер жыл бұрын сол­түс­тік­қазақстандық аналар атынан Елба­сына хат жа­зып, ақ тілегін жол­даған бо­латын. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның қарапайымдылығына, кіші­­пейілдігіне дән риза. Ха­ты­на жауап жазып, арнайы сый­лық беріп жібе­ріпті. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұң­ғыш Президент сайланған кү­ні туған немересіне ырым­­дап Нұрсұлтан есімін қой­ған. Әсем­гүл деген неме­ресі 6 шілдеде дүниеге келген.

Әкеден жастай айрылса да, Тәуел­сіздіктің әр арайлы ­та­ңын қуанышпен аты­ра­тын Күлзира апай осы күнге жет­кеніне шүкіршілік етеді. Өзін бақытты ана санайды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар