Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Таразда Елорда мерейтойына арналған кеш өтті

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айбыны асқақ Астана қаласының 20 жыл­дық мерейтойына орай Тараздағы «Бала­са­ғұн» орталық концерт залында Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті қоры сый­лығы лауреаттарының қатысуымен концерт өтті. Жиналған көп­шілік алдында елордалық өнер­паздар өздерінің өнердегі жетістіктерімен бөлі­сіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы қорының қамқорлығын әңгі­меледі.


Таразда Елорда мерейтойына арналған кеш өтті

Аталған концерт барысында негізінен клас­сикалық шығармалар орындалып, тыңдар­ман­ның құлақ құрышын қандыр­ды. Елімізге баритон дауысты әнші ре­тінде танымал Азамат Жыл­тыркөзовтің орын­дауындағы Мұқан Төле­баевтың «Ешкім де ұмытылмайды» әні тың­дарманды бей-жай қалдырмады. Сонымен қа­тар Қаламқас Жұмабаеваның скрипкамен орын­дауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, Ермек Құрманаевтың орындауындағы Ахмет Жұбановтың шығармалары сәтті шыққан дүниелер болды.

Концерт барысында сопрано дауысты Бибігүл Жанұзақ әлем классиктерінің шығармаларын тыңдарман назарына ұсынды. Бұл ретте өнерпазды фортепиано аспабында Гауһар Тасбергенова сүйемелдеп, өздерінің шебер музыкант екен­діктерін танытты.

Астана қаласының мерейлі мерекесінің құрметіне орай Әулиеата аспанын әнге бөлеген елордалық өнерпаздар «Бала­сағұн» орталық концерт залына жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп, асқақ рух сыйлады. Адамзаттың жау­һа­рына баланған классикалық ән өнерінің ке­реметін әйгіледі.

Концерт соңында жамбылдықтардың назарына «Астана – Ұлы Даланың жау­һары» атты фотокөрме ұсынылып, әулие­аталық көп­ші­лік әлемге танылған бас шаһардың бү­гінгі келбетімен танысты. Сонымен қатар Ас­тана қаласының сәулетіне сүйсінген кө­рер­мен де аз болған жоқ. Ал Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйым­дастырған бұл фотокөрме елімізде ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петербург, Мадрид, Берлин, Бейжің, Париж қалаларында және Астана мен Алматы шаһарларында жалғасын табатын болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы