Шараға Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп, Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арнұр Нұртаев, сондай-ақ Дәрілік заттарды және медициналық технологияларды ұтымды пайдалану орталығының басшысы Әділет Табаров қатысты.
Өз сөзінде Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Л.Бюрабекова қазақстандықтарды дәрімен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан бөлінген қаражат туралы айтты.
«Мемлекеттен дәрімен тегін қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Қазақстандықтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрімен қамтамасыз ету үшін 2018 жылға 200,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде амбулаторлық дәрімен қамтамасыз етуге 124,7 млрд теңге бөлінді», деп атап өтті Л.Бюрабекова.
Сондай-ақ Фармация комитетінің төрағасы пациенттердің қандай аурулар кезінде тегін амбулаторлық дәрімен қамтамасыз етуге ие болатынын айтты. Оның айтуынша, тізімде мұндай аурулар 40-тан артық, ал олардың әрқайсысы үшін белгілі бір дәрілер бар, диспансерлік есепте тұрған науқастар тегін ала алады.
Л.Бюрабекова пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етілмеуінің де себептеріне тоқталды.
«Амбулаторлық дәрімен қамтамасыз етуді орталықтандыру, барлық медициналық ұйымдар өзінің диспансерлік пациенттерін қатаң түрде есепке алмайтынын анық көрсетті. Осыған байланысты дұрыс емес өтінімдер қалыптасады, соның салдарынан дәрі-дәрмектерді жөнелту кестеге сай жүргізілсе де, барлық пациенттер дер кезінде дәрілермен қамтамасыз етілмейді», деді ол.
«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Б.Шәріп ағымдағы жағдай бойынша мамыр айына медициналық ұйымдарға жоспарлы түрде дәрілік заттарды жөнелту толығымен аяқталғанын, ал кейбір өңірлерде маусым айының перепараттарға қажеттілігін жөнелту басталғанын баяндады.
«Ел бойынша 30 мамырдағы жағдайға сәйкес барлығы 74 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер жөнелтілді. Соның ішінде стационарлық медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмектер ағымдағы жылдың бес айында – 99 пайыз (34,2 теңге сомаға), амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін 97 пайыз (39,8 млрд теңге) жөнелтілді», деді Б.Шәріп.
Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығы бас директорының бірінші орынбасары А.Нұртаев тегін амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету үшін сатып алынатын барлық препараттар елімізде тіркелгенін, яғни олардың сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі туралы қорытындылар алынғанын хабарлады. Сондай-ақ ол препараттардың жанама әсерлері анықталған жағдайда, науқастар мен емдеуші дәрігерлерге Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығының сайтындағы тиісті нысанды толтыруды ұсынды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»