Бірақ бұл көңіл жұбататын көрсеткіш емес. Елімізде жылқы шаруашылығы бойынша түйіні шешілмеген мәселе жетерлік. Жақында Орал қаласында өткен «Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму перспективасы» атты ғылыми конференцияда осы саланың сан түрлі мәселелері сөз болды.
Ең алдымен бұл конференция ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, белгілі зоотехник-селекционер Серікбай Рзабаевтың 80 жасқа толуына орай өткізілгенін айта кетейік. Серікбай Сағитжанұлы – 207 ғылыми еңбектің авторы. Оған қоса 11 патенттің, селекциялық жетістік бойынша 15 авторлық куәліктің иегері. Елімізде жаңадан шығарылған «Көшім» және «Мұғалжар» тұқымды жылқылардың бастаушы авторы, «Жем» ішкі тұқымаралық түрінің бас авторы. Ғалымның «Мұғалжар жылқы тұқымы» атты монографиясы өте құнды еңбек екендігін мамандар бірауыздан мойындайды. Бүгінде еліміздің Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген ағамыздың берері әлі де көп.
– Қазақстанның жылқы өнімдерін экспортқа шығаруға әлеуеті жетеді. Бірақ бұл салада мәселе де аз емес. Мемлекет өнімді жылқы шаруашылығын дамытуды назарына алып, қолдау жасап жатқан жоқ. Бүгінгі жиында ғалымдар мен бизнес өкілдері кездескеніне қуаныштымын, екі тарап бірігуі қажет деп санаймын. Салада мәселе көп, білім де, мамандар да жетпейді, технологияны да соңғы үлгіде дей алмаймыз. Әлем ІТ технологияға өткенде біз әлі өндіріс пен селекцияның ескі тәсілдерін қолданып келеміз. Мемлекеттің мүмкіндігін талқылай бермей, нақты не істей алатынымызды анықтап барып биліктен көмек сұрау керек. Ол тек қаржылай емес, нормативтік заңдар, стандарттар, өнімге қойылатын талап, өңдеу мен оған алынған шаралар жағынан болса. Барлық технология гендік деңгейге ауысқанда бізге де соған ілесу қажет. Технология мен мамандарсыз ештеңе тындыра алмаймыз. Елімізде жылқы шаруашылығын зерттейтін мамандарды әзірлеу жүйесі де жоқ. Сондықтан адами ресурсты дамыту қажет. Қазіргі білім беру жүйесі өндіріске қарай бет бұруда. Нарықтың жыл сайын өзгеретіні сияқты, жыл са-
йын қажет мамандарды да-
йындауға мүмкіндік бар. Біздің агротехникалық университет сала мамандарымен, шаруалармен ынтымақтаса жұмыс жасауға әзір, – дейді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Асқар Нәметов.
«Ауылшаруашылық кешенін дамыту – еліміздің экономикалық саясатының басым бағыты. Президент Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекет бизнеспен бірге халықаралық нарықта стратегиялық тетіктерді тауып, отандық өнімді ілгерілетуі керектігін атап өтті. Қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерінің ең басты ерекшелігі – сапасы мен экологиялық тазалығы. Бүкіл әлемге «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін танытуымыз керек. Жылқы еті мен сүтінен жа-
салған дәстүрлі қазақстандық өнімдер әлемдік нарықта ұлттық брендтің бірі бола алады» дейді профессор Қ.Бозымов.
Расында жылқы етінің диеталық құндылығы мен сапасы басқа етке қарағанда жоғары, өзіндік құны төмен, сондай-ақ шетелдің сұранысы да артып тұр. Қазақ жылқысы жыл бойы далада еркін жайы-
лады, жылқы өсіру үшін айтарлықтай еңбек ресурсы, құнарлы жем қажет емес.
Қазақстанда 2,4 млн жылқы бар дедік. Батыс Қазақстан облысындағы қылқұйрық саны 170 мыңдай екен. Оның 6 пайызы ғана асыл тұқымды. Көшім және қазақтың жабысын өсіретін 20 шаруа қожалығы бар. Жыл өткен сайын жылқының саны көбейіп келеді.
– Алайда жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты кешенді жұмысты тез қолға алмасақ, 5-7 жылдан кейін республикада оның саны аза-
йып, өнімділігі төмендеуі әбден мүмкін! – дейді профессор Қ.Бозымов.
Ең бастысы, бүгінде мемлекет жылқы шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды аналық басты өсіруге субсидия бермейді. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін де жеткілікті көмек жоқ. Бұл асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын кәсіпорындарда селекциялық-асылдандыру жұмысын баяулатты.
Судсидия мөлшері аз болғандықтан, кәсіпорындар шығу тегі мен сапасы белгісіз айғырларды қолдануға немесе әртүрлі тұқымдағы айғырларды сатып алуға мәжбүр. Кейбір шаруашылықтар жылқының зауыттық түрлерін бақылаусыз әкелумен айналысады және оларды жергілікті биемен будандастырады. Мұның бәрі жылқы ішінде ауру таралуына, төл басы төмендеуіне, төлдердің індетіне, әлсіз де өнімділігі төмен құлын туылуына әсер етеді. Бара-бара өндірілетін ет көлемі азайып, сәйкесінше жылқыны бағу құны артады. Мал басын ұстау бағасы артса, айғырлардың зауыттық тұқымдарын пайдалану (желісті жылқы, ауыр жүк таситын және т.б.) қоспа тұқымдардың екінші және үшінші ұрпағының тебінде бағылу қабілетін жоғалтады. Ал бордақы жылқыдан сапалы қазы мен қарта алу үшін кемінде 4-5 ай құнарлы жеммен азықтануы тиіс.
Бүгінде жайылымдық тебінді жылқы шаруашылығына қаражат бөлінбейді. Осыған орай қазіргі таңда зооветмамандары мен тәжірибелі жылқышылар жетіспеушілігі байқалады. Селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу үшін де қаражат бөлінбеген соң жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтар селекциялық-асылдандыру жұмыстарының келешек жоспарын құрып, ғылыми жағынан қолдағаны үшін ғалымдарға ақша төлей алмай отыр. Нәтижесінде асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын кейбір кәсіпорындар ғылыми қолдаусыз қалып келеді. Ал ғылымнан ажыраған асыл тұқымды шаруашылық – тамырынан үзілген өсімдік сияқты, көп кешікпей қурайтыны анық.
Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Қазақстанда көп жылғы селекциялық жұмыстың жағымды үлгілері, қол жеткен нәтижелер де баршылық. Оның ең бастысы – жеке жылқы шаруашылықтарының арқасында сақталған тұқымдық жануарлар. Мұндай шаруашылықтар еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында сақталған. Тіпті асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын ауылшаруашылық кәсіпорындары мен селекционер ғалымдар бірлесіп, ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын субсидиялау түріндегі мемлекеттің қолдауынсыз-ақ селекциялық жұмыста белгілі жетістіктерге жетті.
Мысалы, «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ» ЖШС ғалымдары селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу барысында 2013 жылы Павлодар облысында жабы типіндегі жылқының өкілі саналатын Памир, Браслет, Задор жаңа зауыттық желілері салынды. Сондай-ақ 2015 жылы осы Павлодар облысында Әсем, Зонтик, Зов, жабы типті қазақы жылқының Бестау зауыттық тұрпаты құрылды.
Ал «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімі облыстағы «Әсем-Наз» ӨК-де қазақтың жабы жылқысының зауыттық түрін құру бойынша жұмыс жүргізіліп, 2017 жылы патентке өтінім берді. Осылайша Ақтөбе таралымындағы қазақтың жабы жылқысы республикадағы қазақ жылқыларының ішіндегі бағалы генофонд болып табылады.
2017 жылы жылқының мұғалжар тұқымдық айғырларының Палуанторы, Бау және Бекзат зауыттық желілеріне, сондай-ақ өнімділігі жоғары «Мұғалжар-Ақтөбе» ішкі түріне патент алу үшін өтінім берілді.
Тұқымдық төлдің негізгі репродукторлары – «Көктас» АҚ, Ақтөбе қаласы «Мұғалжар жылқысы» ЖШС, Ақтөбе облысы Алға ауданының «Жансая» шаруа қожалығы және Темір ауданының «Жан-Қанат-С» шаруа қожалығы.
Осы шаруашылықтарда «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімінің селекционер ғалымдары алдағы 10 жылға құрылған селекциялық-асылдандыру жұмыстарының келешек жоспарына сәйкес тұқымдарды жетілдіріп келеді. Бұл шаруашылықтар республиканың өзге аймақтарына жыл са-
йын «Мұғалжар» тұқымының іріктеп алынған 150-170 бас тұқымдық төлін сатады. Табынды жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарда сатып алынған «Мұғалжар» тұқымды айғырлардан бір жылда 700 кг қосымша ет өнімін алады.
Жылқы шаруашылығының сан-салалы мәселелерін талқылаған конференция соңында ғалымдар Қазақстанда ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының генофондын жетілдіру бойынша бірқатар нақты шараларды қолға алу қажет деген шешім қабылдады.
Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық ғылымның мән-маңызын атап өтті. Әсіресе бұл істе аграрлық университеттердің рөлі жоғары екендігін баса көрсетті. Университеттер мен ғылым, жергілікті атқарушы билік пен шаруашылық нысандары өзара байланысын кеңейту қажет. Бұл орайда жаңа технология мен ғылым жетістіктерін пайдаға асырып жатқан шаруа қожалықтары биік жетістіктерге жетуде. Орал қаласында өткен халықаралық конференциядан түйген түйінді ой осындай.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал