Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Қостанайда  мерейлі отбасы анықталды

638 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық сатысы мәресіне жетті. «Мерейлі отбасы» байқауы басталған бес жыл ішінде облыста   оған 500 отбасы қатысқан екен. Ал биыл облыс аудандары мен қалаларынан 92 отбасы қатысты,  облыстық байқауға 36 отбасы шықты,   оның салтанатты кешіне 20 отбасы іріктелді.  

Қостанайда  мерейлі отбасы анықталды

«Мерейлі отбасы-20218» байқауының соңғы марапаттау сатысына жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады. «Қоғамда жақсы қасиеттің барлығы да отбасында қалыптасады. «Мерейлі отбасы» байқауының осыған дейінгі жеңімпаздары болған отбасылар көпке үлгі және ұлттық байлығымыз болып табылады» деді Архимед Бегежанұлы.

Дәстүрлі ұлттық байқаудың 3 аталыммен өтетіні белгілі. «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша Қостанай қаласынан Қаржауовтар отбасы жеңімпаз атанды. Оларға 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.  Қадыр мен Майра Қаржауовты әнші ретінде бүкіл облыс таниды. Бүгінде олардың отбасында музыканттар мен әншілердің үшінші ұрпағы өсіп келеді. Қадыр мен Майраның өз  ұлы мен қызы өнерлі, ал немерелері де қазір сахнаға шыға бастады.

«Парасатты отбасы» аталымы бойынша 150 мың теңгенің сертификаты Таран ауданының тұрғындары Александр мен  Любовь Семгиндер отбасына берілді. Теміржолшылар отбасы династия болумен қатар, спортшылығымен де  көпке үлгі.

Ал «Мерейлі отбасы» аталымының жүлдесі Арқалық қаласының тұрғыны Орекен ақсақал мен Күлжиан апай Алматовтардың  үлкен отбасына лайық деп табылды. Орекен аға мен Күлжиан апай 8 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан немере, шөберелер сүйіп отырды. Балаларының барлығы жоғары білімді, әр мамандық иесі.  Отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 300 мың теңгенің  сертификатын табыс етті. Енді Алматовтар отбасы  республикалық  «Мерейлі отбасы -2018» байқауына Қостанай облысының атынан қатысатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай