Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Солтүстік  Қазақстанда медицина мамандары даярланады

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде хирург, акушер-гинеколог, педиатр және жалпы тәжірибе дәрігерлері әзірленеді.


Солтүстік  Қазақстанда медицина мамандары даярланады

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ербол Исақаевтың айтуынша  бүгінде университетте 48 оқу бағдарламасы шеңберінде мамандар, 75 мамандық негізінде бакалаврлар, магистрлер, PhD докторлары  әзірленеді. Соңғы жүргізілген мониторинг бойынша  білім сапасы жағынан ЖОО  арасында 13-ші орынды иеленген. Енді өңірдегі жоғары білімді дәрігерлер тапшылығын жою үшін тың бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынбақ.

«Бағдарламалық тізімге техникалық ғылымдар мен технология, ауыл шаруашылығы ғылымдары, әлеуметтік, экономика, бизнес саласы және медицина бағытында 29 мамандық кіргізіліп отыр. Алдағы оқу жылынан бастап медициналық мамандыққа 30 үміткер қабылданады. Бес жыл бойы жалпы медицинаға, қалған екі жылда хирургия, акушер-гинеколог, педиатр және жалпы тәжірибе дәрігерлеріне бөліп оқытылады», дейді Е. Исақаев.

 Қазір  алдын ала дайындық шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ол үшін бірқатар емдеу мекемелерімен әріптестік меморандумға қол қойылыпты.  300-500 миллион теңгеге қажетті құрылғылар сатып алынып, кабинеттер жабдықталмақ.  Оқу бастапқы кезеңде  Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінде жүргізілетін болса, кейін университет қабырғасына көшіріледі.   

Болашақ ақ халатты абжал жандарға кімдер дәріс оқиды деген сауалға 1 медицина ғылымдарының докторы, 8 PhD докторы, жергілікті білікті дәрігерлер, университеттің әлеуеті жұмылдырылатынын жеткізді. Жаңа ашылатын факультетте интернатура  ашу жайы да ойластырылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы