Мектеп инспекторы полиция лейтенанты Мәдина Абиева мен мектеп әкімшілігі бірлесіп "Салауатты өмір салтын насихаттау" мақсатында ұйымдастырған шараға арнайы мамандар шақырылды.
"Жастар ресурс орталығының" маманы Мөлдір Соцалова жастарды бос уақыттарында еңбекқорлыққа баулу арқылы тәрбиелеу қажеттігін айтып, сол себепті алдымыздағы үш ай демалысты босқа өткізбей, "Жасыл ел" бағдармасына сай 15 пен 29 жас аралығындағы жеткіншектерді еңбек етуге, табыс табуға шақырды.
"Салауатты өмір салтын насихаттау", "Бақытты балалық шақты қорғау" имидждік жоспарымен келген мамандар Айгерім Сағызбаева және 1, 2, 3 Жаңаөзен мемлекеттік емханасының терапевті Мұхамедес Жаманқұлова темекі шеккен адамның өздеріне ғана емес, өздерімен жүрген достарына келер зияндарын мысалмен, бейнесуреттермен, темекі шегетін адамның өкпесі мен темекі шекпейтін адамның өкпесіндегі айырмашылықтарды көрсетті. Алкогольдік өнімдерді пайдаланудың зияндылығын ауызша айтып қоймай, тәжірибелер арқылы, яғни жұмыртқаның ақуызы мен адам денесіндегі ақуыздың 90 пайызға ұқсастығын айтып, бокалға ақуызды салып, үстіне спиртті құйып, тұндырып, уақыт өткен соң оның иісі мен түрінің бұзылғандығын оқушыларға көрсету арқылы, алкоголь өнімдерінің адам ағзасына осылай әсер ететіндігін дәлелдеп көрсетті. Сонымен қатар, арнайы көзілдірік кигізіп, мас күйінде жүріп келе жатқан адамның жүріс-тұрысын сырттан қандай болатындығын бақылатып, өздеріне сезіндіріп, көрсетті. Сондай-ақ, фасфут секілді тағамдарды, "Кока кола», «Пепси» т.б сусындарды пайдаланудың зияндығы, күнделікті дұрыс тамақтанбаудың кесірінен адам ағзасының семіздікке душар болуымен қоса, көптеген ауру түрлерін тудырып жатқандығын айтты.
Жаңаөзен ҚІІБ Ювиналды полиция тобының аға инспекторы полиция капитаны Биғали Елемесов темекі, алкогольдік, есірткі құралдарына тек медициналық тұрғыдан емес, заң тарапынан да тыйым салынғанын, олар бойынша қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жайлы тоқталды. Себебі, нашақорлық деп аталатын індеттің тамырына балта шабу –
жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сонымен қатар, жастар мен оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу, зиянды да жат қылықтарға қоғамда орын жоқ екендігін жеткізді. Содан соң, арнайы №19 орта мектеп әкімшілігімен дайындалған бейне роликті оқушыларға ұсынды.
Сөз соңында "Есірткіге жол жоқ" тақырыбын алған "Полицейлердің жас көмекшілері" бояулармен салған суреттерінің мағынасы мен мақсатын айтып берді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы