Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Кейде қазанның қайнағанынан баланың ойнағанын артық көретін балажан ел, сірә қазақтай-ақ болар дейсіз. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, тәрбие-тәлімге үңіліп көрсеңіз – балаға қатысты емесі кемде-кем. Содан да өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағу бабалардан жалғасып келе жатқан зор бақыт. Жаман болса да ұрпақ қалсын, өз орнында оты жансынға құмбыл халықпыз. Әрине әркімге өз баласы – алдияр.
Балаларды қорғаудың халықаралық күні БҰҰ бастамасымен ХХ ғасырдың бел ортасынан бері аталып келеді. Елімізде тәуелсіздік жылдарынан бастап балаларды қорғау шаралары кешенді түрде қарастырыла бастады. Бүгінде Қазақстан бала құқықтарын сақтау бойынша заңнамалық тетіктерді жолға қойған ел. Бала құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес сектор қоян-қолтық қызмет етеді. Бұл әсіресе балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, әлеуметтік әлсіз отбасылардағы балаларға материалдық көмек, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету сияқты іс-шараларда айқын көрінуде. Соңғы уақытта ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер де балаларды көлденең кедергілер мен теріс ниетті күш көрсетулерден сақтауға көмектесуде. Мұның бәрі азаматтық қоғамның қалыптасуын жеделдете түседі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы және биылғы Жолдауларында адами капиталды алға шығарудың өзектілігін атап көрсеткен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл мақсаттың мазмұнын жан-жақты байыта түсті. Адами капиталдың алғашқы баспалдағы – ана мен бала денсаулығы. Елімізде Ана мен бала орталықтары, балаларға арналған көптеген заманауи емдеу мекемелері салынып, ел келешегіне қызмет етіп жатыр. Бұрын шетелдерде жасалатын күрделі оталарды Қазақстанда жасаудың мүмкіндігі туды. Сондай-ақ кем, жарымжан туған сәбилерге арналған оңалту орталықтары да артып келеді. Алда инклюзивті білім беру, кедергісіз орта қалыптастыру міндеттері тұр. Бұл салада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің белсенді бола түскені керек. Жалғызілікті аналарға арналған «Аналар үйі», жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық немесе отбасылық тәрбиеге алу, жеке есепшот жинағына салым салу арқылы баспаналы болуына көмектесу сияқты жобалар жекелеген өңірлерде жүзеге асырыла бастауы қуантады.
Балаларға арналған жазғы лагерьлер мен басқа да орталықтардың жұмысы жанданып келеді. Мәселен, таяуда балалардың бос уақыты мен демалысын тиімді ұйымдастыру туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елімізде 1-10 сыныпта оқитын оқушылардың жалпы саны 2 млн 815 мың болса, олардың 92 пайызы жазғы лагерьде демалатынын айтты. Биыл жазғы демалыс кезеңінде 15 597 сауықтыру лагері мен алаңы жұмыс істейді. Ал бос уақытын тиімді іске арнайтын, яғни секцияларға, үйірмелерге, клубтарға, саяхаттарға қатысатын балалар саны 2 млн 557 мың баланы қамтиды. Бұл оқушылардың 91 пайызына тең. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобындағы дарынды балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттерден 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Білім және ғылым министрлігі балаларды қорғау күні аясында «Нұрлы болашақ» акциясын жариялаған болатын. Яғни бүгін еліміздің барлық негізгі алаңдарында фестивальдар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, асфальтқа сурет салу сияқты 600-ден астам шара өтеді. Сондай-ақ барлық өңірде балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі және басқа да әлеуметтік жобалар ұйымдастырылмақ.
Иә, бесігінде бес түлейтін балдырған – ертең ел туын желбіретер ер! Ел ертеңіне қамқор болайық!
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»