Медицина • 01 Маусым, 2018

Миграция балдәуренді ұрламауы тиіс

1577 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары соғыс өрті шарпыған, жұмыссыздық жайлаған кейбір елдерден басқа жаққа бас сауғалаған тұрғындар туралы жиі естиміз. Әсіресе Еуропаға босқын болып ауған сириялықтардың, соның ішінде балалық балдәуренін қатерлі сапарға айырбастап, ажал құшып жатқан сәбилердің болуы да жүректі сыздатады. Тіпті әлемдік баспасөзді кезіп кеткен 3 жасар сириялық босқын баланың жағалауда етпетінен табылған бейнесі осы бір қанқұйлы қақтығыстар қасіретін айыптау нышанына айналып кеткені де шындық. 

Миграция балдәуренді ұрламауы тиіс

Бүгінде дүние жүзіндегі ми­гра­циялық үдерістерден 50 мил­лионға жуық бала жапа шегіп отыр. Бұл балалар тіркеу­де бол­ма­ғандықтан білім алу, ме­ди­циналық қызметке жүгіну, азаматтық мәр­те­беге қол жеткізу құқығынан айыр­ыл­ған. Оқу-тоқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр. Адам саудасы мен зорлық-зом­бы­­лық­­тың да құрбаны болып жата­­ды. Жалпы, әлемде соңғы жарты ғасырда миграция көлемі 2,5 есеге өсіп, мигранттардың саны 200 млн адамға дейін жетті. Олар­дың басым бөлігі – 16 мен 35 жас аралығындағы жастар. Жас­тар­дың миграцияға кетуіне жоғары білім алу, шетелдік азаматпен некеге тұру немесе өмір сүруге қолайлы өңірге қоныс аудару, өміріне қауіп төнуіне байланысты басқа жаққа босу сияқты түрлі факторлар әсер етеді. 

Бүгінде босқын балаларды қолдау шараларын жүргі­зіп жатқан БҰҰ Балалар қоры­ның Қазақ­стандағы өкілі Юрий Оксамитный еліміздегі балалардың 23 пайы­зын халықаралық мигранттар құрайтынын айтады. Бұл жағдай Қырғыз елінде – 13, Тәжікстан мен Өзбекстанда – 7, Түрікменстанда 4 пайызға тең көрінеді. Қазақстанға көп келетін 20 жасқа толмаған мигранттардың шамамен 40 пайы­зы – 15-19 жастағы жасөспі­рім­дер болса, 11 пайызы 4 жасқа дейін­­гі балалар екен. Әрине қажет­­ті құжаттарының болмауы олар­ды жұмыс берушілердің алдында дәрменсіз етеді. Сондықтан ЮНИСЕФ Үкіметке балаларды көші-қон кезінде қажетті қолдау­дан айыратын, өмірлік маңызы бар қызметтерге қол жеткізуіне бөгет жасайтын кедергілерді жою­ды, көмекке мұқтаж балаларды, көші-қон үдерістеріндегі және мүмкіндігі шектеулі балалар­ды қорғауға бағытталған мем­лекет­тік саясат әзірлеу туралы ұсы­ныс жасап отыр. Бұл әлжуаз бала­ларды әлеуметтік қорғау жүйе­сін жақсарту мен кеңейтуді, оның ішінде қақтығыстар мен эконо­микалық қиындықтардан жан сауғалауға мәжбүр болған бо­с­қын­дардың балаларына қа­тыс­ты кемсітушілік пен оқшау­лау­ды, жағымсыз әсерді, бас бос­тан­дығынан айыруды, зорлық-зом­былықты болдырмауды көздей­ді. Аталған міндеттерді шешу мақсатында ЮНИСЕФ, Еуроодақ, БҰҰ Босқындар ісі бойынша жоғарғы басқарма комиссары және Халықаралық көші-қон ұйымы Орталық Азия елдеріндегі миграциялық үдеріске қатысушы балалардың құқығын қорғау жобасын жүзеге асырып, 2021 жылға дейін балаларды өз отбасымен қауыштыру бойынша мемлекетаралық байланыстар мен заңнамаға ұсыныстар енгіз­бек. Яғни ырқынан тыс мигрант болған балалар қоғамның толық әрі тұрақты мүшесі болуы үшін білім, медицина мен құқықтық қызмет алуына жан-жақты жағдай жасау қарастырылады. 

«Орталық Азия елдері орнық­ты даму мақсатымен көші-қон сая­сатын дамытуда. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму страте­гиясындағы қатерлердің бірі – демография мәселесі. Осы бойынша Үкіметпен жұмыс істеудеміз. Өңірде бірқатар зерттеу жүргізіп, 10 миллионға жуық адамның көші-қон процесінде екенін анық­тадық. Көші-қон жүйесін нығайту және реттеу бойынша байыпты бағ­дар­лама қажет. Оның үстіне миг­рант­тар мен Үкіметтің арасын­да өзара сенімнің орнауы өте маңызды», дейді Халықаралық көші-қон ұйымы мен БҰҰ-ның Көші-қон агенттігі миссиясының бас­шы­сы әрі Орталық Азия бо­йын­ша үйлестірушісі Деян Кесерович.

Жуырда елордада «Орталық Азиядағы миграция мен жастар: даму мақсатындағы мүмкін­дік­терді пайдалану» атты дөңгелек үстел басында бас қосқан көрші­лес елдердің ресми өкілдері ішкі және сыртқы миграцияның туын­дауына себеп болып отырған жағдайларды атаған болатын. Мәсе­лен, Қырғыз Республикасы ең­бек және әлеуметтік даму ми­нистрі­нің көмекшісі Айдай Ас­қар­бековтің айтуынша, 6 млн-нан астам халқы бар айыр қал­пақ­ты аға­йындар елінің еңбек н­ары­ғын­да жастардың жұмыссыз­ды­ғы алаңдатады. Яғни елдегі эко­но­микалық белсенді халықтың 30 па­йызға жуығын ғана жастар құрайды. Қырғыз елі­нің ұлт­тық ста­тис­тикалық коми­тетінің есе­бін­ше, формальды емес секторда жастардың 78 пайызы еңбек ете­ді. Сондай-ақ еш тір­кеусіз Қазақ­стан­да және бас­қа елдерде жұмыс істеп жатқан қырғыз жастары халықтың эконо­микалық белсен­ді бөлігіне жат­қызыл­майды. Бүгінде Қырғыз елінде ресми жұм­ыс­сыз­дар саны 57 мың болса, оның ішін­­де 21 мыңын жастар құрап отыр.

Тәжікстанның еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің халықтық көші-қон басқармасының басшысы Моеншо Махмадбековтің айтуынша, ел халқы жыл сайын 2,1 пайызға өседі. Бұл бір жа­ғы­нан экономикалық өсімді қол­дауға қажетті адам ресурсын көрсеткенімен, екінші жағынан халықтың жоғары өсімі әлеуметтік сала мен ішкі еңбек нарығында қолдауды қажет етеді. Аталған елден жыл сайын 700 мыңға жуық еңбекке жарамды азамат шетелдерге уақытша жұмыс істеуге шығады. Тәжік мигранттарының басым бөлігін Ресей қабылдайды. Былтыр Қазақстанға 12 мыңнан астам тәжік азаматы екі қолға бір күрек іздеп келген екен. Екі елдің үкіметтері арасында Тәжікстан азаматтарының Қазақстанға келуі мен қазақстандықтардың Тәжік­станға бару тәртібі туралы келі­сімі бар. Келісімге сәйкес тарап­тар 30 күнге дейін тіркеуден боса­тылған, ал тіркеуден соң 60 күнге дейін бола алады. Жалпы алғанда, аталған құжат азаматтарды тіркеу арқылы 90 күнге дейін болу құқығын береді, дейді ол.

Ал Мәскеудегі миграциялық зерттеулер орталығының директоры Дмитрий Полетаев еңбек миграциясы – ұзақ мерзім­ді стратегия екенін, зерттеу қорытын­ды­лары бойынша Ресейге келген орта­­лықазиялық мигранттардың 40 пайызының өз отанында жұ­мыс тәжірибесі болмағанын, 65 па­­­йы­зының алғашқы жұмысы бі­лі­­міне сәйкес келмейтінін, сон­дық­­тан 20 пайызы колледждер­де, 31 пайызы кәсіптік курстар­да қайта оқуға дайын екен­дігін жет­­кізді. Сондай-ақ Еуразия­лық эко­­но­микалық одақ шеңбе­рін­де жұ­мыс­қа орналасу жеңіл­детіл­гені­мен, көбінің заңды жұмысқа орналаспайтынын атап өтті. Бұл мигранттар бүгінде ресей­лік­тер­мен 30 пайызға дейін бәсе­кеге түсу бел­деуінде тұр, ал 60 пайызы жұ­мысқа орналасуға оң­тай­лы болуы үшін Ресей азамат­тығын алу­ды қалайды, деді ол.

Жаһандық миграция мәселе­лері тобының миграция мен жас­тар жөніндегі есебіне сүйенсек, жас әрі халқы тез өсіп келе жатқан, кедейлік деңгейі жоғары, әсіресе ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектеулі Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдерде 14 пен 28 жас аралығындағы тұрғындар халықтың үштен бірін құрайды. Олардың басым бөлігі Ресей мен Қазақстанға жұмыс күші ретінде ағылады. Халықаралық көші-қон ұйымының өңірлік бағалауы көрсеткендей, көршілес елдердің Ресей­ге қайта келуге тыйым са­лын­ған тізіміне енген азаматтары баламалы бағыт ретінде Қазақ­станды таңдайды. Әрине жас мигранттар үшін бұл кейде жаңа дағдыларды меңгеруге, кәсіп­тік білім алуға мүмкіндік бер­генімен барлығына бірдей бұл бұйы­ра бермейді. Мектеп бітіре салысымен өзге елге бет алатын мигрант­тардың көбінің біліктілігі жоқ болғандықтан лас, қауіпті, қорлайтын жұмыстарды атқаруға мәжбүр. Мигрант қыздар көбіне аспаз, даяшы, ыдыс жуушы, тазалықшы сияқты қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндіктен өзін-өзі дамытуға, экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жеткілікті табысы болмайды. Көпшілігінің миграциядан кейін жұмыс табу мен отбасын қамтамасыз етуге қажетті білімі мен дағдысы, жинаған қоры мен жеке мүлкі жоқ. Олар осы және басқа да мәселелерге байланыс­ты үйлеріне оралғаннан кейін де қоғамның қыспағына түседі, көзтүрткі болады. 

Сарапшылардың айтуынша, қазір халық өсіміне байланыс­ты тұрғындары қартая баста­ған көптеген елге жас мигрант­тар­дың келуі инклюзивті эконо­ми­­ка­­­лық өсімді қолдауға және ал­­дағы жылдардағы тұрақты дамуға негіз болмақ. Мәселен, Қазақ­­стан­­ның 2012-2016 жылдар­дың статис­тикалық жинағының дерегі бо­йынша, көрші елдер­ден келетін мигранттар тасқы­нын Ресейден кейін көп қабыл­дай­тын елімізде 14 пен 28 жас ара­лы­ғындағы халық­тың үлесі 25 пайыздай ғана екенін ескерсек, басқа орталықазиялық елдермен салыстырғанда жас­тар саны жылдан жылға азайып бара жатқанын байқаймыз. Яғни халықтың жас бөлігін құрауда мигранттар үлесінің артуы алдағы уақытта көші-қон саясатына ба­йыппен қарау керектігін көрсетеді. Халықтың белгілі бір кезеңдегі географиялық жылжуы көші-қон ұғымымен салыстырғанда кең екенін де естен шығармау керек. Өйткені оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі зор. Жалпы, миграцияның қайтым­сыз (қоныс аудару), қатынамалы, маусымдық және еңбек пен ішкі көші-қон сияқты түрлері бар. Әрқайсысы әлеуметтік-эконо­микалық, саяси немесе этнос­а­ралық жағдайға байланысты дами­тындықтан мемлекет миг­рация­лық саясатты жүргізуде өңір­лік тұрғыдан келгені дұрыс. Адамзат тарихындағы миграция­лық үрдістер әлемнің демогра­фия­лық келбетін қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарды, әлем экономикасының жаһандануына әсер етті. Елдер арасындағы тұ­рақ­­ты байланысқа негізделген, қоғам­­ның тұтастығына әлеуметтік мә­де­­ниет арқылы ықпал ететін халық­­аралық миграцияның жаңа фор­­малары пайда болып жатқан кезеңд­е жас әрі адам ресурсы аз Қазақстанның нақты шаралар қабылдауы қажет-ақ.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»